Фермерлер көктемгі егіс жұмыстары барысында қажетті суармалы сумен қамтамасыз етіледі – С. Брекешев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың а.ж. 16 наурыздағы Жолдауын іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. ҚР экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев баяндама жасады.

Экология министрінің айтуынша, көктемгі егіс жұмыстары барысында ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін суармалы сумен қамтамасыз ету үшін барлық шаралар қабылданды.  

«Еліміздің негізгі өзен бассейндері су аздығы цикліне биыл да тап болып отыр. Осыған қарамастан, фермерлер көктемгі егіс жұмыстары барысында қажетті суармалы сумен қамтамасыз етілетін болады», — деді С. Брекешев.

Серікқали Брекешев қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде, ең алдымен, шектес елдермен Тоқтоғұл су қоймасында судың жиналуына байланысты жағдай біртіндеп қалыпқа келе бастағанын баяндады. Сонымен қатар, вегетация кезеңінде қосымша су көлемін алу бойынша Қырғызстанмен келісімге қол жеткізілді.

Қабылданған шаралар нәтижесінде «Достық» мемлекетаралық арнасы бойынша Түркістан облысы Мақтарал және Жетісай аудандарының фермерлері былтырғы деңгейде суармалы сумен қамтамасыз етілетін болады.

Сонымен қоса, Шардара су қоймасына барынша ең жоғары ағынды қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылдануда. Оның басты мақсаты – Түркістан облысының Шардара, Отырар және Арыс аудандарындағы Қызылқұм алқабын, сондай-ақ Қызылорда облысының фермерлерін сумен қамтамасыз ету.  

«Өзбек және тәжік тараптарымен жүргізілген жұмыстың нәтижесінде Шардара су қоймасына құятын ағын су көлемі ұлғайтылды. Нақты айтсақ, ақпан айындағы көрсеткіш қаңтармен салыстырғанда 22%-ға артты. Сондай-ақ, ақпан айында «Бахри Точик» су қоймасынан Қазақстан жаққа қосымша 181 млн текше метр су ағызылды», — деді экология министрі.

Сонымен қатар С. Брекешев Шардара су қоймасының жоғарғы бөлігінде байқалған жауын-шашын мөлшері жағдайды айтарлықтай жақсартуда екенін айтты. Осылайша, су қоймасына келетін су ағыны 500 текше метр/секундынан 940 текше метр секундына дейін ұлғайды. Нәтижесінде Шардара қоймасындағы су деңгейі 5 млрд текше метрге дейін толтырылды. Одан бөлек, Көксарай су реттегішіне су жинауды бастауға және төменгі ағыс жаққа екі есе көп су жіберуге, яғни 100 текше метр/секундынан 200 текше метр/секундына дейін арттыруға мүмкіндік берді.

«Су тапшылығы жағдайында фермерлерге көмек көрсету үшін Үкімет резервінен каналдарды тазалауға, қосымша сорғылар сатып алуға және ұңғымалар бұрғылау жұмыстарына тиісті қаражат бөлінеді», —  деді Серікқали Брекешев.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу