10 Қараша 2026, 11:45
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында жылу беру маусымындағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Жиында төтенше жағдайлар министрі Мұрат Мұханов, сондай-ақ өңірлердегі жағдай туралы Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ақмола және Шығыс Қазақстан облыстарының әкімдері баяндама жасады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің деректері бойынша биылғы 1 қазаннан бастап тұрғын үй секторында өрттер санының шамамен 12%-ға төмендеуі байқалады.
Бұл ретте Олжас Бектенов өрт санының төмендеуі алдын алу шараларының қарқынын бәсеңдетпеуі тиіс екеніне назар аударды.
«Жыл сайын жылу беру кезеңінде өрт қаупі арта түседі. Тұрғындар пеш жағып, түрлі жылыту құралдарын пайдаланады. Алайда көп жағдайда өрт қауіпсіздігінің қарапайым талаптарын сақтауға жеткілікті көңіл бөлінбейді. Жүргізіліп жатқан профилактикалық іс-шараларға қарамастан, қауіпсіздік мәселелеріне қатысты тұрғындардың жеке жауапкершілік деңгейі артпай отыр. Суық түсе қайғылы жағдайларға әкеп соғатын өрт саны көбейеді. Өткен қыста мұндай оқиғалар аз болған жоқ, оның ішінде адамдар зардап шегіп, қаза тапқан жағдайлар да орын алды. Қазіргі уақытта тұрғын үй секторында өрт саны төмендеді. Алайда бұл профилактикалық шараларды бәсеңдетуге негіз болмауға тиіс. Жылу беру маусымы енді басталды. Күз біршама жылы болғанымен, нағыз суық күндер әлі алда», — деп атап өтті Премьер-министр.
Премьер-министр халықтың әлеуметтік жағынан осал топтарының баспаналарына ерекше назар аударды. Өрттердің басым бөлігі жөндеу көрмеген пештерден, дер кезінде тазартылмаған мұржалардан және тозығы жеткен электр сымдарынан туындайтыны атап өтілді. Кей жағдайда электр желілері мен газбен жабдықтау көздеріне рұқсатсыз қосылу да төтенше жағдайларға әкеп соғады. Түркістан, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Жамбыл, Қарағанды облыстарында және Шымкент қаласында өрт датчиктерін ақысыз орнату тапсырмасы тиісті деңгейде жүргізілмей отыр. Осыған байланысты Үкімет жетекшісі өңір әкімдіктеріне Төтенше жағдайлар, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерімен бірлесіп, бір апта мерзімде халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын тұрғын үйлердің тізімін жаңартуды, үй-үйді қайтадан аралап шығып, анықталған кемшіліктерді жоюды, датчиктерді сатып алу және орнату үшін қаражат қарастыруды тапсырды.
Тұрмыстық газ баллондарын пайдалану кезіндегі қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударылды. Өткен жылу беру маусымында газ баллондарының жарылуына байланысты 7 оқиға тіркелген. Негізгі себеп оларды пайдалану кезінде қауіпсіздік талаптарының бұзылуы болды. Бүгінде 350 мыңға жуық баллон 20 жылдың орнына 40-50 жылдан бері пайдаланылып келеді. Оларды шұғыл ауыстыру қажет. Өнеркәсіп министрлігіне баллондар өндірісін жолға қою тапсырылған болатын. Қазіргі уақытта Көкшетау қаласында осындай зауыт іске қосылды. Алдағы уақытта Атырау және Алматы қалаларында да ашу көзделіп отыр. Ендігі кезекте жеке тұрғын үйлермен қатар, тамақтану орындарында да газ баллондарын ауыстыру жұмыстарын жолға қою керек. Сондай-ақ тұрмыстық баллондарды айналымнан алып, кәдеге жарату тәртібін реттеу қажет. Энергетика министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, бір ай ішінде барлық өңірлердегі қолданыстағы газ баллондарын жаңарту мен айналымнан алудың, сондай-ақ бақылаудың нақты тетігін әзірлеу тапсырылды.
Жұмыс іздеп, табыс табуға келген адамдар көп жағдайда қарапайым, арзан баспананы жалға алады. Ал ондай үйлердің қауіпсіздік деңгейі төмен, тіпті кейбірі апатты жағдайда болады. Атап айтқанда, тек елорданың өзінде осындай 860 нысан есепке алынған. Өткен қыста оларда 30-ға жуық өрт оқиғасы орын алған. Негізгі себептері – электр сымдарының қысқа тұйықталуы, отты абайсыз пайдалану және қарапайым өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтамау.
Әкімдіктерге Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктерімен бірлесіп, осындай үй-жайларды, оның ішінде барак типтес жатақханаларды ерекше бақылауға алу және өрт шығу қаупі бар жағдайларды анықтап, шұғыл шаралар қабылдау үшін тұрақты рейдтер өткізіп тұру тапсырылды.
Бұдан бөлек, халыққа газ тарту мәселесіне назар аударылды.
«Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында газ тарту жұмысын жалғастырудың маңызын атап өтті. Газ жабдықтарын орнату кезінде барлық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтау қажет. Газбен жылыту жүйесі бар әр үйде көгілдір отынның шығуын анықтайтын дабыл датчигі, сертификатталған қазандықтар мен құрылғылар болуға тиіс. Газ қызметтері тұрғын үйлерде газды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуын бақылау бойынша тиісті жұмысты ұйымдастыруға міндетті. Өңір әкімдіктеріне осы бағытта қажетті шаралар қабылдауды тапсырамын», — деп атап өтті Премьер-министр.
Сонымен қатар әкімдіктерге Төтенше жағдайлар министрлігімен бірлесіп, тұрғын үй секторында өрт қауіпсіздігі айлығын қараша айының соңына дейін жалғастыру тапсырылды. Бірінші кезекте, студенттер тұратын орындарды – жатақханалар мен хостелдерді, сондай-ақ білім беру нысандарын ерекше бақылауға алу керек.
Жалпы Төтенше жағдайлар министрлігіне жылу беру кезеңінде өрт жағдайларының алдын алу бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын тиімді үйлестіру тапсырылды.
Жұмыстарды бақылау Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаевқа жүктелді.




Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу