Fitch Ratings Қазақстанның кредиттік рейтингін растады

Fitch Ratings халықаралық рейтинг агенттігі Қазақстанның тәуелсіз кредиттік рейтингін «BBB» деңгейінде растады, болжам «Тұрақты».

Коронавирус пандемиясы кезінде тұрақтылықты көрсеткен қуатты фискалдық және сыртқы теңгерімдер Қазақстанның рейтингін қолдайтын маңызды фактор болып табылады.

Агенттік сарапшылары еліміздің мемлекеттік борышы едәуір төмен екенін атап өтеді, бұл ретте таза активтер айтарлықтай жоғары. Бұдан басқа, Fitch болжамына қарағанда, Қазақстан ортамерзімдік кезеңде таза кредитор болып қалады.

Сарапшылардың ақпаратына сәйкес, валюталық бағамның тұрақтылығы, өнімділіктің артуы, БЖЗҚ-дан жинақ алудың азаюы инфляция деңгейін төмендетуге мүмкіндік береді. 

Бұдан басқа, Fitch өзінің есебінде реттеу мен қадағалауды жақсарту бойынша соңғы жылдары жүргізілген іс-шаралардың әсерінен банк саласы көрсеткіштерінің жақсарғанын атап көрсетті. Атап айтқанда, NPL деңгейінің төмендеуін, жоғары өтімділік пен банктердің кірістілігін айтады.   

Рейтинг агенттігінің пікірінше, қаңтар оқиғасының экономикаға әсері шамалы. Банк саласының көрсеткіштері де тұрақты деңгейде қалады.

Жалпы таяудағы 2 жылда ауыл шаруашылығы саласының өсуі мен ірі инвестициялық жобаларды іске асырудың арқасында Қазақстан экономикасының өсуі 4% деңгейінде болатыны күтілуде.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу