Осы жылдың 11 айында теңіз порттары арқылы жүк тасымалдау көлемі 6,5 млн тоннаны құрады — М.Қарабаев

Биылғы 11 айда қазақстандық порттар кеме қатынасына өткен жылмен салыстырғанда 25%-ға артық қызмет көрсетті. Бұл туралы Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көлік министрі Марат Қарабаев мәлім етті. Дегенмен, кеме қатынасының қарқынды өсіп келе жатқандығы және Каспий теңізінің таяздануы навигациялық қауіпсіздік жүйесін жеделдетіп құруды талап етеді.

Марат Қарабаевтың айтуынша, бүгінде теңіз көлігі бойынша Ақтау және Құрық порттарының өткізу қуаты 21 млн тоннаны құрады. Порттар мұнай өнімдерін, астық, құрғақ жүктерді тиеу және теміржол вагондары мен автокөліктегі жүктерді паромдар арқылы жөнелтуді қамтамасыз етеді. Ондағы сауда флоты 20 кемеден тұрады. Атап айтқанда:

  • Қара және Жерорта теңіздерінде мұнайды тасымалдайтын 2 танкер бар, әр кеменің тасымалдау мүмкіндігі 115 мың тонна; 

  • Каспий теңізінде 11 танкер болса, олардың екеуі биыл «ҚазМұнайГаз» және «Әбу Даби Портс» компанияларымен бірлесіп алынды; 

  • сонымен қатар құрғақ жүктерді тасымалдайтын 4 кеме мен 3 контейнер тасымалдағыш бар.

Биыл 11 айдың қорытындысы бойынша теңіз порттары арқылы 6,5 млн тонна жүк тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда 10%-ға жоғары. Жүктердің басым бөлігі – қазақстандық өндірушілердің Еуропаға бағытталған экспорттық тауарлары. 

«Қазіргі таңда, басты мақсат – Транскаспийлік халықаралық көлік бағытын дамыту арқылы Қазақстанды халықаралық транзиттік елге айналдыру. Аталған көлік дәлізі бойынша тасымал көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есеге артып, 2,5 млн тоннаны құрап отыр. Оның ішінде, Қазақстандық өнімнің экспорты 3 есеге артты. Экспортпен қатар импорттық тауарлардың да өсуі байқалуда. Бұл, өз кезегінде Еуропалық компаниялардың Транскаспийлік халықаралық көлік бағытына деген қызығушылығын көрсетеді. Алайда, шығыстан батысқа қарай транзиттік тауарлардың көлемі төмендеді. Оның негізгі себебі Оңтүстік теңіз бағытындағы тасымалдау бағасының төмендеуі», — деді көлік министрі.

Қазіргі уақытта, көршілес елдердің уәкілетті органдарымен және компанияларымен экспортты Транскаспийлік халықаралық көлік бағыты арқылы тасымалдау бойынша, оның ішінде оған мемлекеттік қолдаулар көрсетуге қатысты келіссөздер жүргізілуде. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Транскаспийлік халықаралық көлік бағыты арқылы тасымал көлемін 5 есеге арттыру міндеті қойылған. Осыған орай, Әзербайжан, Грузия және Түркия елдерімен бірлесіп, тиісті жол картасына қол қойылды. Аталған жол картасының шеңберінде көзделген шаралар, әрбір елмен бірлесіп іске асырылып жатыр. Оған қоса, Қазақстандық экспорттаушылармен және жаһандық ірі Maersk, Cosco Shipping, PSA сияқты тасымалдаушы компаниялармен бірлесіп, 3 және 5 жылдық тасымалдау көлемін айқындап жатырмыз. Нәтижесінде, көліктік дәліздің алдағы 5 жылға толық жүктелу көлемін көретін боламыз. Осы бағыттағы тасымалдың артуын ескере отырып, келесі 6 басым мәселе бойынша жұмыс жүргізу қажет, оның ішінде: 

  1. теңіз порттары акваториясының түбін тереңдету; 

  2. терминалдық қуаттарды дамыту және олардың негізінде бонд аймақтарын құру;

  3. порттарға баратын теміржол инфрақұрылымын дамыту; 

  4. көлік дәліздерін цифрландыру;

  5. сауда флотын арттыру;

  6. және навигациялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. 

Өткен аптада Құрық портының акваториясын батиметриялық зерттеу жұмыстары басталды. Тереңдету жұмыстары келесі жылдың шілде айында аяқталады. Бұл жұмысқа еуропалық ірі «Jan De Nul» компаниясының техникасы жұмылдырылды. 

«2024 жылы Ақтау теңіз портында да осындай жұмыстар жүргізілетін болады. Бұдан басқа Каспийдің бойында “ЕрСай”, “Саржа” және “Баутино” сияқты жекеменшік терминалдар бар. Теңіздің тартылуына байланысты бұл нысандарда да тереңдету жұмыстарын жүргізу қажет. Алайда, олардың жекеменшік болуы себебінен, бұл жұмыстарға мемлекет тарапынан қаражат көзделмеген. Осыған байланысты, порт инфрақұрылымын дамыту мақсатында, кәсіпкерлердің инвестициялық жауапкершілігін ескере отырып, тиісті жаңа механизмдерді енгізу пысықталуда», — деді М. Қарабаев.

Айтып өтетін тағы да бір жағдай, тереңдету жұмыстары Каспий теңізі деңгейінің төмендеуі мәселесін шешіп, порттың терминалдық қуаттарын одан әрі ұлғайтуға мүмкіндік береді. Яғни, теңіз түбінен шығарылған топырақты пайдалану арқылы порт жанында жаңа аймақтар пайда болады, алдын ала есептерге сәйкес оның аумағы 171 гектарды құрайды

Бұл учаскелерде жаңа логистикалық терминалдарды салу үшін Abu Dhabi Ports, Rhenus және Shandong Port сияқты инвесторлармен жұмыс жүргізілуде. Сонымен қатар, келесі жылдан бастап Ақтау портында контейнерлік хабты салу жұмыстары басталады. Жобаны іске асыру үшін Ляньюнган портымен тиісті келісімшартқа қол қойылды. Оның техникалық-экономикалық негіздемесі келесі жылдың сәуір айында дайын болады. Құрық портында, биыл астық терминалдарының құрылыс жұмыстары аяқталды. Одан басқа, порт аумағында құрғақ жүктерді (генеральные грузы) және «жасыл сутегіні» тасымалдауға арналған терминалдар салынады.

Жалпы, Құрық портының терминалдарын дамытуға бағытталған инвестициялардың көлемі $200 млн-нан астам болмақ. Теңіз порттарына іргелес теміржол инфрақұрылымын дамыту бойынша «Бейнеу-Маңғыстау», «Жарық-Сексеуіл» және «Шалқар-Құрық» теміржол учаскелерінде ұзындығы 404 шақырым екінші жолдардың құрылысы жоспарлануда. 5 стансада модернизациялау жұмыстары жүргізіледі, сондай-ақ «Шалқар-Бейнеу» учаскесінде автоблоктау енгізіледі. Бұл іс-шаралар 2030 жылға дейінгі магистралдық теміржол желісін жаңғырту жоспарында қарастырылған. Оған қоса, Ақтау портының жаңа терминалдарына қосымша жолдар тартылып, тиісті стансалық инфрақұрылым жүргізіледі. 

«Транскаспийлік халықаралық көлік бағытын цифрландыру үшін сингапурлық PSA компаниясы “Digital Trade Corridor” (DTC) IT-платформасын әзірледі. Платформа Сиань халықаралық құрғақ портының ақпараттық жүйесімен интеграцияланған. Аталған порт Қытайдың ірі көлік-логистикалық орталығы және Еуропаға тасымалданатын контейнерлердің 30%-ы осы порт арқылы өтеді», — деді ол.

Бұдан бөлек, Қытай шекарасында транзит декларацияларын беру процесін автоматтандыру үшін «Tez Customs» кеден жүйесі пилоттық режимде іске қосылған. Қазіргі таңда PSA компаниясының 12 қызметкері Алтынкөл стансасында осы платформаның жұмысын бақылауда. 

Сонымен қатар осы Digital Trade Corridor платформасын Баку портының, Әзербайжан темір жолдары мен Грузия көлік ұйымдарының ақпараттық жүйелерімен интеграциялау жұмыстары жүргізілуде. Алдымыздағы жылғы наурыз айының соңына дейін платформа толық іске қосылады. Нәтижесінде, жүктердің Қытайдан Еуропаға дейінгі тасымалы толық цифрландырылады. 

Солтүстік-Оңтүстік дәлізін цифландыру мақсатында, осы жылғы 2 желтоқсанда «Қазақстан темір жолы» компаниясы «Әбу Даби Портс» компаниясымен стратегиялық әріптестік туралы келісімге отырды. Оның ішінде, өткізу бекеттерінің технологиялық процесстерін халықаралық теңіз ұйымының талаптарына сәйкес автоматтандыру көзделген. Сонымен қатар кеден органдарымен бірлесіп, теңіз өткізу бекеттерінің жұмысын тәуліктік режимге ауыстыру мәселесі пысықталуда. 

Алғашқы кезеңде 10 кеме жасау қажет – яғни 3 танкер, 3 құрғақ жүк кемесі және 4 әмбебап паром. 

«Қазақстандық кеме жасау зауытын салғанға дейін, бастапқы бірінші кемені Каспий маңындағы көршілес елдердің зауыттарында жасау жоспарлануда. Қазіргі уақытта “ҚазақстанТеңізФлоты” компаниясы кемелердің жаңа моделін жобалауда. Олардың құрылысына, мемлекеттік қолдау ретінде Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қаржыландыру мүмкіндігі қарастырылады. Кеме салу зауытының өндірісін бастапқы кезеңде Каспий теңізі жағалауында орналасқан нысандардың базасында бастау жоспарланып отыр», — деп атап өтті министр. 

Атап айтқанда, металл құрастыру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі бар «ЕрСай» компаниясының әлеуетін қолдану қарастырылған. Жобаны іске асыруға «YDA», «Asfat» және «ADP» компаниялары өз қызығушылықтарын танытуда. Зауыттың жұмысы – сауда кемелері мен мемлекеттік органдар сұраныстарының есебінен қамтамасыз етіледі. Оған қоса, 150-ден астам кемеге әртүрлі жөндеу жұмыстары қажет, олар осы отандық кеме жасау зауытында жүргізілетін болады.

Келесі маңызды мәселелердің бірі, теңізде жүзу қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Биылғы 11 айдың қорытындысы бойынша қазақстандық порттардың кемелерді қабылдау көрсеткіші, былтырғы жылмен салыстырғанда 25%-ға өсіп отыр. Кеме қатынасының артуы және Каспий теңізінің тартылуына байланысты навигация қауіпсіздігінің тиісті жүйесін тездетіп құру қажет. 

Осыған орай, 2024 жылғы наурыз айының соңына дейін Құрық портында тиісті навигациялық жүйе толық пайдалануға берілетін болады. Ақтау портында бұл жүйені 2025 жылдың соңына дейін орнату көзделіп отыр. Жалпы, барлық навигациялық жүйелерді бірыңғай желіге біріктіргеннен кейін, Каспий теңізінің қазақстандық аумағындағы кемелердің қозғалысын толық цифрлық режимде бақыланады. 

Өзен көлігіне тоқталатын болсақ – кемелер жүретін су жолдарының жалпы ұзындығы 2 мың 104 шақырымды құрайды. Кеме қатынасы Ертіс, Жайық-Каспий және Іле-Балқаш бассейндерінде жүзеге асырылады. Елімізде 19 мың 600-ден астам кеме бар, олардың 779-ы көлік флоты. Сондай-ақ Атырау, Павлодар және Өскемен қалаларында орналасқан 3 өзен порты бар. 

«Осы жылы өзен көлігімен 1,6 млн тонна жүк тасымалданып, оның 90%-дан астамы Ертіс бассейні арқылы өткізілген. Дегенмен, қазіргі таңда бұл саланың қабілеті тиісті деңгейде пайдаланылмай жатыр. Осыған орай, 2027 жылға қарай, өзен көлігін дамыту арқылы жүктерді тасымалдау көлемін 4,6 млн тоннаға дейін жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оның үшін, ең алдымен кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету қажет», — деді ол.

Осыған орай «Қазақстан су жолдары» кәсіпорны жыл сайын өзендер түбін тереңдету және тазарту, сондай-ақ навигациялық белгілерді қою жұмыстарын жүргізіп жатыр. Биыл 2,5 млн текше метр көлемінде тереңдету жұмыстары орындалды. Оған қоса, 5 мыңға жуық навигация белгілері қойылып, 6 мың тонна көлемде тазарту жұмыстары атқарылды.

Жалпы, қауіпсіздік шараларын күшейту мақсатында келесідей жұмыстарды атқару қажет: 

  • техникалық флотты жаңарту (40 кеме сатып алу); 

  • тозығы жеткен (87%) Өскемен, Бұқтарма және Шүлбі шлюздарының қақпаларын ауыстыру; 

  • бюджет қаражатының шығыстарын бақылауды күшейту мақсатында кеме қатынасының қауіпсіздігін қамтамасыз ету процесстерін автоматтандыру

  • тереңдету жұмыстары барысында алынған өзен құмын «Қазақстан су жолдары» компаниясы тарапынан пайдалануға және сатуға құқық беру.

Сонда, судың астынан шыққан топырақ автомобиль жолдарын және де басқа құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан кәсіпорындарға сатылса, ол «Қазақстан су жолдары» мекемесіне қосымша табыс көзі болатын еді. Бұл өз кезегінде кәсіпорынға жұмсалатын бюджеттік шығындарды төмендетеді. 

Өзендегі кеме қатынасының одан әрі дамуына септігін тигізетін негізгі бағыттың бірі – ол «Жайық-Каспий» каналы арқылы экспорт тасымалын қайта қалпына келтіру. Келесі жылы бұл каналда тереңдету жұмыстары басталады.

Келешекте кеме жүру параметрлерін тиісті деңгейде ұстау үшін, тереңдеткіш техника сатып алу жоспарлануда. Сонда, Атырау теңіз портын модернизациялау жұмыстары жүргізіліп, бұл маршрут Транскаспий халықаралық көлік бағытына қосылатын болады. Аталған жобаны іске асыру KPI және ТШО сияқты компаниялардың экспорттық мүмкіндіктерін кеңейтуге жағдай жасайды. Тасымалдың болжамды көлемі – шамамен 1 млн тонна. 

Ертіс трансшекаралық өзенінің транзиттік әлеуетін кеңейту еліміз арқылы Ресей мен Қытай елдері арасында жаңа көлік бағдарын ашуға мүмкіндік береді. Аталған бағытты дамыту мақсатында Семей қаласының маңайында жаңа кеме жүру шлюзының құрылысы қарастырылады. Сондай-ақ Тұғыл ауылының аумағында порт және Қытай шекарасына дейін Тұғыл-Майқапшағай учаскесінде ұзындығы 99 шақырымды құрайтын темір жол желісі салынады. Тасымалдың қосымша болжамды көлемі – 2-2,5 млн тонна. 

Жалпы, қазіргі таңда су көлігін мемлекетіміздің ортақ көлік жүйесіне қосуға барлық алғышарттар бар. Аталған жұмыстар осы саланың әлеуетін толық игеруге мүмкіндік береді.

#Инфрақұрылымдық даму #Көлік #ТХКБ #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу