Өнеркәсіпті дамыту үшін қажетті институттар құрылды: ҚР ИДМ 2025 жылға қарай қайта өңделген тауар экспортын 2,3 есеге арттыру туралы

Өңделген тауарлардың экспортын ұлғайту және қолданыстағы кәсіпорындардың санын арттыру шаралары туралы ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында өткен баспасөз мәслихатында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Тимур Тоқтабаев пен ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батанов айтып берді.

Инвестициялар және даму вице-министрі Т. Тоқтабаев Қазақстан өңдеу өнеркәсібіне басты назар аударатындығын атап өтті.

«Біз қазір ерекше уақытта жұмыс істеп жатырмыз, екі бесжылдық заңнамалық және инфрақұрылымдық негізді қалады. Өнеркәсіпті дамыту үшін қажетті институттар құрылды. Мұның барлығы мемлекеттік қолдау шараларын қамтамасыз ету үшін жасалды. Бізде бірыңғай экономикалық кеңістік, үлкен нарық бар, енді біздің өнімдеріміз еркін қозғалып, жаңа шыңдарды бағындырып, қосымша пайда таба алады», — деді Т. Тоқтабаев.

Вице-министрдің айтуынша, бұл үшін барлық қосымша жағдай жасалатын болады. Экспорттық өнімдер шығаратын жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар үшін жан-жақты көмек көрсетілмек.

ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Алмас Батановтың айтуынша, Қазақстан өңдеуші өнеркәсіпті дамытуда алдына үлкен мақсаттар қойып отыр. 2025 жылға қарай еңбек өнімділігі 1,7 есе артып, негізгі капиталға салынатын инвестиция көлемі екі есе көбейеді деп күтілуде.

«Өңделген тауарлар экспорты мен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындар саны 2,3 есеге артады. Бұдан басқа, Гарвардтың экономикалық күрделілігі индексі бойынша біз 84-ші орындамыз. Алда 55-ші орынға көтерілуді жоспарлап отырмыз», — деді А. Батанов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу