Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Қостанай облысында жүр

Бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қостанай облысына жұмыс сапары жалғасуда. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды. 

Нұрсұлтан Назарбаев Қостанай облысына жұмыс сапары барысында табиғи сүттен сапасы жоғары өнімдер шығаруға маманданған «Милх» ЖШС болды.

Онда Қазақстан Президенті балмұздақ пен ашытылған сүттен жасалған өнімдерді көріп, оларды өндірудің технологиялық үдерісімен танысты.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысы облыстағы ауыл шаруашылығы кәсіпорындары жетекшілерімен әңгімелесті.

Елбасы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қарқыны артқанын, соның ішінде өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы саласының ілгерілеп келе жатқанын атап өтті.

«Соңғы уақытта облыста, әсіресе әлеуметтік салада көп жұмыс атқарылуда. Спорт кешендері, ойын-сауық және сауда орталықтары салынып жатыр. Өнеркәсіп көлемі артуда, облыс аграрлық-өнеркәсіптік өңірге айналып келеді», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті еліміздің заманауи көлік инфрақұрылымын қалыптастыру тұрғысынан облыс экономикасы үшін жол желісін дамытудың маңызды екенін айтты.

«Жол дегеніміз – өмір. Заманауи жолдардың салынуы экономиканы дамытып, өніміміздің бағасын арзандатуға және оның бәсекеге қабілеттігін арттыруға септігін тигізуге тиіс», — деді Мемлекет басшысы.

Сондай-ақ, Елбасы агроөнеркәсіп кешенін дамыту үшін ғылымды, ғылыми жетістіктерді пайдаланудың маңыздылығын ерекше атап өтті.

«Ғылым ауыл шаруашылығында көп мәселені шешеді. Қазақстанда үш аграрлық университет бар, олардың әрқайсының өз бағыты бар. Сіздер ғылымнан ауыл шаруашылығы үшін қажет нәрсені талап етуге тиіссіздер», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Кездесу соңында облыс еңбеккерлері Қазақстан Президентіне ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп жатқаны үшін алғыс білдірді.

Елбасы теннис орталығында болып, 6 теннис корты, соның ішінде 3 жабық корты бар кешен аумағын аралап көрді.

Сонымен бірге, Мемлекет басшысы жас теннисшілермен кездесіп, әңгімелесті.

Соңында Қазақстан Президенті спортшыларға мықты денсаулық пен жарқын жеңістер тіледі.

Қазақстан Президенті сондай-ақ Қостанай қаласының оңтүстік-шығыс бөлігінде орналасқан Күш қолданылатын спорт түрлері академиясына барды. Елбасы спорт залын аралап көріп, жергілікті спортшылармен, сондай-ақ Қазақстанның ауыр атлетикадан жасөспірімдер құрамасы командасының мүшелерімен әңгімелесті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу