Мемлекет басшысы бірқатар заңдар мен жарлықтарға қол қойды

Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев екі заңға өзгерістер енгізіп, лауазымдарға бірқатар тағайындаулар жасады.

Мемлекет басшысы «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.

Заң Қазақстан халқы Ассамблеясының қызметін жетілдіруге бағытталған. Заң мәтіні баспасөзде жарияланады.

Сондай-ақ, Президент «2018–2020 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Заң мәтіні баспасөзде жарияланады.

Бұдан өзге, бүгін Нұрсұлтан Назарбаев лауазымдарға бірқатар тағайындаулар жасап, тиісті жарлықтар мен өкімдерге қол қойды.

Мемлекет басшысының Жарлықтарымен:

Бақыт Амангелдіұлы Дүйсенбаев ҚР Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды, ол ҚР Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, ҚР Дүниежүзілік турист ұйымы жанындағы Тұрақты өкілі, ҚР Андорра Князьдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды;

Константин Васильевич Жигалов ҚР Испания Корольдігіндегі Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды, ол ҚР Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен, ҚР Куба Республикасындағы, Доминикан Республикасындағы, Ямайкадағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметін қоса атқарудан босатылды;

Ақылбек Әбсатұлы Камалдинов ҚР Канададағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметіне тағайындалды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жарлығымен Дулат Хангерейұлы Бақышев басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР Корея Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі қызметінен босатылды.

Мемлекет басшысының Өкімімен Ақылбек Әбсатұлы Камалдинов басқа жұмысқа ауысуына байланысты ҚР сыртқы істер министрінің орынбасары қызметінен босатылды.

 

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу