18 Қыркүйек 2017, 07:18
Сапар аясында Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездесуі, жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуы, сондай-ақ Қазақстанның ұлттық құрамасымен және спорт делегациясымен кездесуі жоспарланған. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Түрікменстан Президенті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақыруын қабыл алып, қонақжай түрікмен жеріне келгені үшін Нұрсұлтан Назарбаевқа алғыс білдірді.
«Бұл – Орталық Азия өңірінің барлық елдеріне ортақ мереке. Бұл – біздің ниеттестігіміз бен ауызбіршілігіміздің көрсеткіші. Осы ойындарға 64 елдің өкілдері қатысып отыр, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының өтініші бойынша 65-ші ел ретінде босқындардан тұратын құрама қатысуда. Олар осы ойындардың туын ұстап сынға түседі», – деді Гурбангулы Бердімұхамедов.
Түрікменстан көшбасшысы Астанадағы халықаралық «ЭКСПО-2017» мамандандырылған көрмесінің жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны өзіне ұмытылмас әсер қалдырғанын ерекше атап өтті.
Қазақстан Президенті жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының ашылу рәсіміне қатысуға шақырғаны үшін Гурбангулы Бердімұхамедовке ризашылық білдіріп, осындай іс-шараларды өткізудің маңызды екенін айтты.
«Мен Сізді осы Азия ойындарының өтуімен құттықтаймын. Көптеген спорт нысандары салынды, алдағы уақытта олар халықтың игілігіне қызмет ететін болады. Мұндай іс-шаралар арқылы Түрікменстанның әлемге танымалдығы арта түседі. Биыл Қазақстан да ауқымды спорт сайысын – 28-ші Дүниежүзілік қысқы универсиаданы өткізді. Жалпы, біздің өңірде ірі халықаралық іс-шараларды өткізу өте маңызды», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы көршілес Түрікменстанмен бауырлас қарым-қатынастарымызды атап өтіп, екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту қажеттігіне тоқталды.
«Сіздің Қазақстанға жасаған сапарыңыздан кейін көп нәрсе жасалды, мемлекетаралық комиссия жұмыс жүргізуде. Біздің экономика саласындағы перспективамыз жақсы деп ойламын. Мен сіздерге Өзбекстаннан келдім, онда мемлекеттік сапармен болдым. Көп мәселе шешімін тапты: шекарааралық ынтымақтастық, акциздер, салық, тасымалдау саласындағы тарифтер. Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы сауда бірден артқаны байқалады. Биыл ол 35 пайызға өсті. Мен елдеріміз арасындағы қарым-қатынастар да осылайша кеңейе түседі деп үміттенемін», – деді Мемлекет басшысы.
Сол күні Мемлекет басшысы V Азия ойындарына қатысып жатқан Қазақстанның спорт делегациясымен кездесу өткізді.
Кездесу барысында Нұрсұлтан Назарбаев ұлттық құраманың дайындығымен танысып, Ашхабадқа спортшыларымызды қолдау үшін келгенін айтты.
«Мұнда ойындарға қатысып жатқан елдердің ең үздік спортшылары келіп отыр. Біздің құрамада да көптеген танымал чемпиондар бар», – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысына Қазақстанның ұлттық құрамасының капитаны әрі осы ойындарда таэквондодан өнер көрсететін Нұрлан Мырзабаев алғыс білдірді.
«Ең алдымен, Сізге еліміздегі спортты дамытуға ұдайы қолдау көрсетіп отырғаныңыз үшін алғыс айтамын. Мемлекетіміздің әлемдік спорт ареналарындағы барлық жетістіктеріне Сіздің қосқан үлесіңіз зор. Біздер – Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері Ашхабадта өтіп жатқан ойындарда төл туымыздың биікте жиі желбіреуі үшін бар күш-жігерімізді саламыз», – деді Нұрлан Мырзабаев.
Қазақстан Президенті мемлекет тарапынан елімізде спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстануға барлық жағдай жасалып жатқанын айтып, салауатты ұлт қалыптастыру үшін отандық атлеттеріміздің жетістіктері маңызды екенін атап өтті.
«Қазақстанның барлық өңірінде түрлі спорт нысандары салынуда, атлеттеріміз жоғары деңгейдегі сайыстарға қатысуда. Араларыңызда жетістіктерге жеткен әйгілі спортшылар бар. Біздің жастарымыз – дарынды. Жыл сайын спортта жаңа есімдер шығып жатыр. Жалпы, жас жеткіншіктер сіздердің жеңістеріңізге қарап, спортпен шұғылдануға ұмтылатын болады. Ол салауатты ұлт қалыптастырудың басты шарты болып саналады. Сіздер өскелең ұрпаққа үлгі болуларыңыз керек», – деді Қазақстан Президенті.
Танымал қазақстандық жеңіл атлет, Лондондағы Олимпиада ойындарының чемпионы және Пекин мен Рио-де-Жанейродағы Олимпиада ойындарының қола жүлдегері Ольга Рыпакова сөз сөйлеп, Мемлекет басшысына алғыс айтты.
«Жұмыс кестеңіздің тығыз екеніне қарамастан бізге қамқорлық пен қолдау көрсетіп жатқаныңыз үшін Сізге барлық спортшыларымыздың атынан зор алғысымызды айтуға рұқсат етіңіз. Сіз бізбен кездесіп әңгімелесуге, ақ тілегіңізді айтып, батаңызды беруге әрдайым уақыт табасыз. Біз өзімізді тек жақсы қырымыздан танытып, Сізді және барша қазақстандық жанкүйерлерді қуантуға барымызды саламыз», – деді Ольга Рыпакова.
Өз кезегінде Мемлекет басшысы Қазақстандағы миллиондаған жанкүйерлер спортшыларымыздың табысты өнер көрсететініне сенімді екенін айтып, олардың жарысты сәтті бастап, айқын жеңіске жетуіне тілектестігін білдірді.
Кездесуден кейін Нұрсұлтан Назарбаев Ашхабадта жауынгерлік өнер түрлері бойынша жабық ғимаратта өтетін V Азия ойындарының салтанатты ашылу рәсіміне қатысты.
Ойындар «Денсаулық. Жігер. Достық» ұранымен өтуде. Спорт сайыстарына Азия және Океания елдерінен келген 65 делегацияның 6 мыңнан астам спортшылары мен ресми өкілдері қатысуда. Қазақстан құрамасы спорттың көптеген түрлерінен сайысқа түседі.
Жарыс бағдарламасына спорттың 21 түрі енгізілген. Сайыстар жеңіл атлетика, пауэрлифтинг, баскетбол, футзал, теннис, тректегі веложарыс, 50 метрлік бассейінде жүзу, конкур, спорттық би, боулинг, бильярд, шахмат, тай боксы, тхэквондо (WTF), кикбоксинг, самбо, джиу-джитсу, күрес, белдесу, грек-рим күресі, еркін күрес, түрікмен ұлттық күресі бойынша өтеді.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу