29 Қыркүйек 2018, 13:30
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Түркістан облысына жұмыс сапары барысында бірқатар инфрақұрылымдық және әлеуметтік-мәдени нысандарды аралап, Түркістан қаласын түркі әлемінің мәдени әрі рухани орталығы ретінде дамыту келешегімен танысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлайды.
Елбасы ең алдымен Түркістан қаласының жаңа әкімшілік орталығын дамыту жобасымен танысты. Н. Назарбаев Түркістанның жаңа әкімшілік орталығының аумағын аралап көру барысында мемориалды тас қалау рәсіміне қатысты.

Сондай-ақ, Қазақстан Президенті облыс әкімі Ж. Түймебаевтың Түркістан қаласының даму перспективалары жөніндегі баяндамасын тыңдады. Нұрсұлтан Назарбаевқа инфрақұрылым нысандарын, әлеуметтік-мәдени және спорт кешендерін, сондай-ақ қаланың әкімшілік ғимараттарын салу жоспары жөнінде мәлімделді.
Бұдан кейін Қазақстан Президенті «Әзірет Сұлтан» тарихи-мәдени қорық-музейінің аумағында орналасқан Қожа Ахмет Яссауи кесенесін аралап көрді.
Мемлекет басшысына Түркістанның тарихи-мәдени орталығын қайта жаңғыртуға байланысты «Әзірет Сұлтан» қорық-музейінің даму жоспары таныстырылды. Жоспарға сәйкес, танымдық және рухани туризм үшін қолайлы жағдай жасау көзделген. Осыған орай, әрбір турист музей аумағында орналасқан тарихи және айтулы орындарды аралап көре алады. Бірінші кезекте Түркістанның ежелгі қоныстарының бірі — Күлтөбе қаласы қайта жаңғыртылатын болады. Ортағасырлық мешіті бар Әбілмәмбет хан мен Тәуке ханның ордалары және басқа да бірқатар нысан толық қайта қалпына келтіріледі.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Түркістан облысының әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді.

Кеңесте Премьер-Министрдің бірінші орынбасары А. Мамин және Түркістан облысының әкімі Ж. Түймебаев баяндама жасады.
Баяндамаларды тыңдаған соң Қазақстан Президенті қабылданған жол картасын сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру, сондай-ақ облыстық басқару органдары тарапынан барлық мемлекеттік қызметтердің үздіксіз көрсетілуін қамтамасыз ету қажеттігін атап өтті.
Нұрсұлтан Назарбаев өңір басшылығы назар аударуға тиіс жекелеген мәселелерге тоқталды.
«Облыстың қаржылық тұрақтылығын нығайту қажет. Шымкенттің облыс құрамынан шығуына байланысты аймақтың экономикалық базасы төмендеді. Бүгінгі таңда облыс бюджет қажеттiлiктерінің 20% ғана өз күшімен қамтамасыз етеді. Негізгі міндет – өсімнің жаңа резервтерiн және өңір бюджетінiң кiрiс бөлігін толықтыру көзiн табу», — деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті халықты жұмыспен қамтудың, сондай-ақ кәсіпкерлікті өркендету, ауыл шаруашылығын дамыту және көлік-логистика қызметтерінің сапасын арттыру үшін жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтті.
«Орталық Азия» халықаралық сауда аймағын құру мүмкіндігін қарастырған жөн. Бұл Түркістан облысымен қатар жалпы республика экономикасының да өркендеуіне тың серпін береді. 2020 жылға қарай Өзбекстанмен арадағы тауар айналымын $5 млрд дейін арттыруға әлеуетіміз жетеді. Осыған байланысты Үкіметке Түркістан облысының әкімдігімен бірлесіп, Өзбекстан тарапымен Халықаралық сауда аймағын және жаңа «Түркістан» халықаралық өткізу бекетін құру мәселесін пысықтауды тапсырамын», — деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Мемлекет басшысы ішкі туризмді өркендету және тиісті туристік инфрақұрылым дайындау мәселелеріне тоқталды.
Қазақстан Президенті облысты дамыту және құрылыс жүргізу ісіне жергілікті бизнес өкілдерін, сондай-ақ ұлттық компаниялар мен квазимемлекеттік сектор кәсіпорындарының басшыларын белсенді атсалысуға шақырды.
Жиында Қазақстан Президенті Үкімет пен аймақ басшылығына облыс орталығын одан әрі дамыту жөнінде бірқатар нақты тапсырма берді.
Нұрсұлтан Назарбаев инвестиция тарту арқылы қала ішіндегі жолдарды жөндеу, сондай-ақ Шымкент және Қызылорда бағыттарына арналған автовокзал салу жұмыстарын қамтамасыз етуді тапсырды.
«Шаһар тұрғындары санының өсуіне және туристердің көптеп келуіне байланысты, әкімдікке «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорымен, Инвестициялар және даму министрлігімен бірлесіп, Түркістан қаласының теміржол вокзалын реконструкциялау, оның өткізу мүмкіндігін ұлғайту, сондай-ақ аэропорт салу және әуе қатынастарын қамтамасыз ету мәселелерін қарастыруды тапсырамын», — деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы әлеуметтік нысандарды дамыту, тұрғын үй, білім беру және денсаулық сақтау мекемелерін салу, инженерлік инфрақұрылымды, соның ішінде газбен және жылумен қамтамасыз ету салаларын ілгерілету мәселелеріне тоқталды. Осыған орай Нұрсұлтан Назарбаев баламалы энергия көздерін пайдалану мүмкіндігін қарастыруды тапсырды.
«Кәсіпкерлікті дамыту және инвестиция тарту үшін жағдай жасау керек. Жаңа қонақ үйлердің, мейрамханалар мен дәмханалардың, сауда ойын-сауық орталықтарының және басқа да нысандардың құрылысын бастау қажет», — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанда туризм, құрылыс және өндіріс салаларындағы бизнесті өркендету үшін қолайлы жағдай қалыптастыратын арнайы экономикалық аймақ құрудың өзектілігін атап өтті.
«Түркістанды заманауи технологияларды қолдана отырып, өз мәдениетімізге сай қайта жаңғырту керек. Бұл орайда оның ежелгі сәулет өнерін сақтап қалу қажет. Үкіметке, облыс әкімдігіне халық санының өсу қарқынын есепке ала отырып, қаланың бас жоспарын дайындауды тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы.
Соңында Қазақстан Президенті Түркістанды дамытудың бас жоспарының тұжырымдамасын бекіту, сондай-ақ «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын құру туралы жарлықтарға жария түрде қол қойды.

Бұдан кейін Қазақстан Президенті облыс жұртшылығымен және Түркістан қаласының тұрғындарымен кездесті. Мемлекет басшысы қала тұрғындары алдында сөйлеген сөзінде жаңа Түркістан облысын құрудың және өңір орталығын Түркістан қаласына көшірудің тарихи әрі әлеуметтік-экономикалық мәніне тоқталды.
«Түркістанның халқымыз үшін айрықша маңызы бар. Бұл – Орталық Азиядағы ежелгі қалалардың бірі. 2000 жылы Түркістанның 1500 жылдығын ЮНЕСКО деңгейінде атап өттік», — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Орта Азия аумағына ислам дінін тарату үдерісіндегі Түркістанның рөлі жөнінде әңгімеледі.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысы қасиетті Түркістан топырағында қазақ халқының ұлы тұлғалары мен игі жақсылары жерленгенін айтты.
«Тарихымыздың қилы кезеңдерінде мұнда бүкіл ұлтымыздың болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданған. Түркістанда халқымыздың көптеген белгілі тұлғалары жерленген. Жалпы, қала тарихы – барша қазақтың тарихы», — деді Қазақстан Президенті.
Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанның күллі түркі халықтарының өмірінде де ерекше орын алатынын атап өтті.
Мемлекет басшысы қабылданған шараларды жүзеге асыру нәтижесінде қала келбеті тез арада айтарлықтай өзгеретініне, шаһар өзінің өркендеу жолындағы жаңа биіктерді бағындыратынына сенім білдірді.
Соңында Нұрсұлтан Назарбаев Түркістанды түлетуге атсалысатын барлық тұрғындарға табыс тіледі.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу