АӨК мемлекеттік бағдарламасы азық-түлік өнімдері өндірісін ұлғайтуға мүмкіндік берді – ҚР АШМ

Бірінші жартыжылдықта азық-түлік өнімдері өндірісі 7,5%-ға ұлғайды. Өткен жылмен салыстырғанда ұн, макарон өнімдері, жарма, өсімдік майы және өңделген сүт өндірісі өсімі байқалды. Бұл туралы АӨК дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы ҚР Үкіметінде өткен баспасөз конференциясында ауыл шаруашылығы вице-министрі Рүстем Құрманов хабарлады.

Рүстем Құрмановтың айтуынша, қайта өңдеу кәсіпорындарының әлеуеті әлі де соңына дейін пайдаланылмаған, осыған байланысты Ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу бойынша өндірістік қуаттарды орналастыру картасы әзірленді. Бүгінде Қазақстанда 1 345 белсенді кәсіпорын бар, олардың ішінде министрлік басымдықты орталық топты анықтады, соны бірінші кезекте дамыту жоспарланған.  

Карта тоғыз бағытты – сүт, ет, тері және жүн, майлы және дәнді дақылдарды, қант қызылшасы мен картопты өңдеуді қамтиды. Бұл бағыттар 435 кәсіпорында ұсынылған.

Сонымен қатар, картада үш жүйелі қағидат негізге алынған. Біріншісі – несие ресурстарына қолжетімділік және ауыл шаруашылығы кооперативтері арқылы қаражат жинау есебінен жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарды барынша жүктеу. Екіншісі –жұмыс істеп тұрған 80 кәсіпорынды жаңғырту. Үшіншісі –  шикізатпен қамтамасыз етілген, бірақ жеке өндірісі жоқ өңірлерде 79 жаңа қайта өңдеу кәсіпорнын салу.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу