«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы тұрғын үй құнын айтарлықтай төмендетуге мүмкіндік берді – ҚР ИДМ

Бүгін ҚР Үкіметіндегі баспасөз конференциясында ҚР инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр «Нұрлы жер» тұрғын үй құрылысы бағдарламасының баспана құнына ықпалы туралы айтып берді.

Оның айтуынша, Қазақстанда бағдарлама іске қосылғаннан кейін құрылыс нарығында тұрғын үйдің шаршы метрінің бағасының айтарлықтай төмендегені байқалуда.

«Өңірлерде шаршы метріне 140 мың теңгеге дейін тұратын баспаналар салынуда, ал Астана, Алматы қалаларында және еліміздің батыс өңірлерінде – шаршы метріне 180 мың теңгеге дейін тұрады», - деп түсіндіріп өтті вице-министр.

«Нұрлы жер» бағдарламасының құрылыс нарығына ықпалының нәтижелері туралы «Қазақстанның тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова да айтып өтті.

«Бізде 2004 жылдан бастап 44-тен 59 мыңға дейін пәтер пайдалануға берілді. Осы соңғы екі жылда үлкен өзгеріс байқалды. 2015 жылы 79 мың пәтер пайдалануға берілді, 2016 жылы – 89 мың, ал 2017 жылдың 5 айында – 37 мың жаңа пәтер өткізілді», - деді Л. Ибрагимова.

Сондай-ақ, ол инфляциялық таргеттеу мен долларсыздандыру үдерістерінің нәтижесінде жылжымайтын мүлік бағасы теңгемен белгіленгенін, және нарықта өсімнің байқалмайтынын атап өтті.

«Біз Тұрғынүйқұрылысжинақбанкінде 2017 жылдың бес айында ипотека беру көлемінің 76%-ын қаржыландырдық және бастапқы әрі қайталама нарықта баға өсімі байқалмайтынын көріп отырмыз. Бұл - бағдарлама аясында оның құралдарын пайдаланып қалудың бірегей мүмкіндігі деп ойлаймын», - деді ТҚЖБ басқарма төрайымы.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының құрамдас бөліктерінің бірі – Тұрғын үй құрылысын кепілдендіру қоры. Бұл - «Бәйтерек» холдингінің құрылыстың аяқталуын кепілдендіру мен қазақстандықтарға құрылысқа өркениетті жолмен, үлескерлікпен қатысуға мүмкіндік беру үшін құрылған еншілес ұйымы.

Л. Ибрагимова 2017 жылғы 1 қыркүйектен бастап аталған қор арқылы бірінші жобаны іске асыру жұмыстары басталатынын хабарлады. Бұл астаналық «Миллениум парк» ТК-дағы 100 пәтер болады. ТҚЖБ салымшылары шаршы метріне 290 мың теңге болатын бағаға баспана сатып ала алады. Оларға арнайы кепілсіз несие желісі қолжетімді болады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу