Гранттық қолдау еліміз үшін маңызды міндеттерді орындау үшін білімді, дарынды және идеяларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді — Қазақстан жастары

Елбасы «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» Жастар жылының басталуын ресми түрде жариялады. РrimeМinister.kz сайтына берген сұхбатта Назарбаев университетінің инженерия мектебінің докторанты Дамира Пернебаева мен Ақсу ферроқорытпа зауытының металлургы Александр Шутов Жастар жылынан не күтетіндері туралы ойларымен бөлісті.

Назарбаев университетінің инженерия мектебінің докторанты Д. Пернебаева Мемлекет басшысының қолдауының арқасында елімізде бірқатар мықты талантты жас ғалымдар оқытылғанын атап өтті. Жастар жаңа ашылымдар мен өнертабыстарды ойлап табу үшін ғылым жолын таңдайды. Жастар жылының ресми ашылу салтанатында Президент алдында сөз сөйлеген Дамира жас ғалымдардың 100 перспективалық әрі серпілісті зерттеулерін іске асыруға арнайы гранттар тағайындау туралы жастардың ұсынысын жеткізді.

«Барлық инвестициялардың алдағы он жыл ішінде өзін-өзі ақтап, мемлекетіміздің дамуына қуатты инновациялық серпін беретініне сенімдімін», — деді ол.

Президент аталған ұсынысқа қолдау білдіріп, іргелі әрі қолданбалы ғылымдарда жас ғалымдардың перспективалық зерттеулерін қаржыландыруға тапсырма берді.

«Бөлінген гранттар жас ғалымдардың әлеуетін дамытуға, ғылымдағы ерте мансапқа негіз боларына сенемін. Бұндай қадам бізге, Қазақстанның жас ғалымдарына, білімдерімізді, дарынымыз бен идеяларымызда еліміздің аса маңызды міндеттерін шешуге жұмылдыруға жол ашатын нақты тетік болмақ», — деді Д. Пернебаева.

Ақсу ферроқорытпа зауытының металлургы А. Шутов өндірістік жастар — өндірісті ғана емес, сондай-ақ әлеуметтік саланы жақсартуға қатысты күнделікті көптеген идеяларды ойлап табатын креативті адамдар екенін айтып өтті. Бұл — тұрмыстық қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, аулаларды жақсарту, Қазақстанда шығарылған экологиялық таза материалдарды пайдалана отырып, балалар алаңдарын салу жобалары.

Александрдың өзі бастапқыда зауытқа металл қорытушы ретінде орналасқан, қазіргі таңда ыстық учаске шебері қызметін атқарады. Өзінің тікелей жұмыс міндеттерін орындаумен қатар, зауыттың қоғамдық өміріне белсене атсалысады, ғылыми-техникалық конференциялар мен форумдарға қатысады. Сонымен қатар, Павлодар облысының ғылыми жұмыс жөніндегі жастар кеңесінің және кәсіподақ жастарының белсендісі. 

«Пеш алдындағы жұмыс менің бойымда еңбекке деген махаббатты, құрметті тәрбиеледі, осы қасиеттерді өзімнің жас әріптестерімнің бойына сіңірсем деймін. Жұмыс барысында кәсіпорындағы түбегейлі өзгерістердің куәгері болдым, соларға қарап зауыт жастары мемлекеттік деңгейде болып жатқан өзгерістерді бағалай алады. Мұндағы басты рөлді Елбасымыздың саясаты атқарады, онда жастарға және олардың еліміздің болашағына ықпалына баса назар аударылған», — деді металлург.

Бұдан өзге, А. Шутов Жастар жылының ашылуында Мемлекет басшысы қабылдаған жас қазақстандықтарды қолдауға бағытталған барлық шешімдер таяу арада өз жемістерін беріп, еліміздің экономикалық әрі әлеуметтік дамуында оң нәтижелерін бере бастайтынына сенімді.

«Бүгінде жастарымызға барлық есіктер айқара ашық екенін сенімділікпен айта аламын, әрі Жастар жылын өткізу жастарға жаңа белестерді бағындыруға қосымша серпін беріп, өз мүмкіндіктерінің көкжиектерін кеңейтуге жол ашпақ. Осының барлығы Қазақстанның әлемнің 30 озық мемлекетінің қатарына қосылуына елеулі әсер етпек. Біз, жас буын, даму жолында аянбай еңбек етуіміз керек», — деп А. Шутов пікірін білдірді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу