Әлеуметтік жағдайды жақсарту, жастар жобаларының өнімділігін, тиімділігі мен сауаттылығын арттыру — сарапшылар Жастар жылының басталуы туралы

Биыл 23 қаңтарда жастарды жан-жақты қолдауға және мемлекеттік жастар саясатын тиімді іске асыруға бағытталған ауқымды іс-шараларды іске асыруға бастау болған «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» Жастар жылының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

РrimeМinister.kz сайтына берген сұхбатта «Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы» КЕАҚ басқарма төрағасы Батима Мукина мен «Жастар» ҒЗО директорының орынбасары Әсем Қайдарова жастарға берілетін жаңа мүмкіндіктер туралы айтып берді.

Б. Мукина кездесуде Мемлекет басшысы жастардың отбасы, білім, жұмыс, баспана секілді жеке қажеттіліктері мен әлеуметтік аспектілерге (волонтерлықты, бизнесті, ғылымды және т.б. дамыту) сүйене отырып, жас тұлғаны қалыптастырудың өзекті мәселелерін қозғағанын атап өтті. Жастардың барлық бастамалары мемлекет тарапынан нақты қаржылық қолдауға ие болмақ.

«Белсенді жастардың басын қосып, қиын өмір жағдайларына тап болған жастарға көмек көрсететін жастар ұйымдарын дамыту аса маңызды», — деді Б. Мукина.

Сарапшы Қазақстан жастары еліміздің қозғаушы күші деп есептейді, олар халқымыздың 30% жуығын құрайды, өздерінің заманауи көзқарастарымен, сапалы білімдерімен әрі өнімді бастамаларымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі қарқын бере алады.

Бүгінгі таңда жастарымыз мемлекеттік органдарда, жекеменшік компанияларда және басқа да ұйымдарда түрлі лауазымдарда қызмет етіп келеді, бизнеспен шұғылданады, заманауи үрдістерді ілгерілете отырып, ғылыми өнімдерді әзірлеумен айналысады. Сонымен қатар, жастар өмір деңгейлерін арттырып, еліміздің кемел болашағына ықпал етпек.

«Барлығымыз Жастар жылынан әлеуметтік жағдайдың жақсара түсуін, жастардың сауаттылығының артуын, жастар жобаларының тиімділігі мен өнімді болуын күтеміз, соған сенеміз», — деп түйіндеді Б. Мукина.

Өз кезегінде «Жастар» ҒЗО директорының орынбасары Ә. Қайдарова Елбасы Жастар жылында алға қойған міндеттер жұмыссыздық және қолжетімді баспанаға жағдай жасау секілді түйіткілді мәселелердің шешімінің табылуына жол ашады деп есептейді.

«Жастардың әлеуметтік көңіл-күйін шамалаудың бір белгісі – тұрғылықты орындардағы күрделі мәселелерді және олардың өзектілік деңгейін анықтау. Қазіргі Қазақстан жастары үшін аса маңызды мәселелер – экономикалық проблемалар екені анықталды», — деді Ә. Қайдарова.

Оның айтуынша, «Жастар» ҒЗО зерттеулерінің нәтижелері бойынша жастар өміріндегі аса проблемалық салалардың бестігіне: экологиялық жағдай, медициналық қызмет көрсету, жұмыспен қамтылу, алға қойған мақсаттарға қол жеткізу мүмкіндіктері және тұрғын үй мәселелері кіреді.

Жастар жылында жастарды толғандыратын барлық мәселелердің ішінен жұмысқа орналасу мәселелеріне ерекше көңіл бөлінбек. Бұған қоса, сарапшы жастардың ресурстық орталықтарының қызметін жетілдіру жастардың қоғамда әлеуметтенуіне көмек беретінін атап өтті.

Жастар осы жылдан атаулы жұмыс күтеді. Баршамызға мәлім болғандай, ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық мәселесі — ауыл жастарының қалаларға көшуінің басты себептерінің бірі. Ә. Қайдарова ауылдық жерлерде «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру ауыл жастарының кейбір түйіткілді мәселелерінің шешілуіне көмек болып, ауылдарды дамытуға ықпал ететініне сенім білдіреді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу