Шетелдік инвесторлар Қазақстанда МЖӘ аясында әлеуметтік жобаларды іске асыруға атсалысуда

Бүгін ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында ұлттық экономика министрлігінің «Қазақстандық МЖӘ орталығы» АҚ өкілдері Қазақстанда мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктері мен шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды дамыту туралы айтып берді.  

Шетелдік инвесторлардың МЖӘ жобаларына қатысуы туралы, журналистердің сұрақтарына жауап бере отырып, «Қазақстандық МЖӘ орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Талғат Матаев мәлімдеді.

Спикердің айтуынша, қазіргі таңда біздің елімізде барлығы 116 МЖӘ жобасы іске асырылып жатыр, олардың ішінде шетелдік капиталдың қатысуымен орындалып жатқан жобалар да бар. Мәселен, Ақтөбе облысында құны 4 млрд-тан астам теңге тұратын, Мұз сарайының құрылысы мен оны пайдалануға беру жобасын МЖӘ аясында чехиялық компания жүзеге асыруда.

«Аталған жобаның бірегейлігі — шетелдік компания жобаны қаржыландыру үшін Словакия Республикасының экспорттық-импорттық банкінің қаражатын тартқан», — деді Т. Матаев.

Бұдан өзге, Ақтөбе облысында түрік инвесторлары МЖӘ аясында Жедел медициналық жәрдем стансасын тұрғызып жатыр. Сондай-ақ, түрік инвесторлары стансаны жаңғырту жобасын Оңтүстік Қазақстан облысында да жүзеге асыруда.

«Мемлекеттік-жекешелік әріптестік тетіктерін одан әрі дамыту және оларды жаңғырту өзге салаларға да шетелдік инвесторларды көптеп тартуға жол ашады. Біз соған сенеміз», — деді Т. Матаев.  

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу