Шетелдік инвесторлар Қазақстанға құйылатын инвестицияларды арттыруда

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов ірі шетелдік компаниялардың, дипломатиялық корпус пен орталық мемлекеттік органдардың және «Атамекен» ҰКП өкілдерінің қатысуымен Инвестициялық ахуалды жақсарту жөніндегі кеңестің кезекті отырысын өткізді.

Әлихан Смайылов сыртқы сын-қатерлерге қарамастан, 2022 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан экономикасы оң өсу қарқынын көрсетіп, инвестициялық тартымдылығын сақтап қалғанын атап өтті. Атап айтқанда, өткен жылдың 9 айында республикаға тартылған тікелей шетелдік инвестициялардың жалпы көлемі 17,8%-ға өсіп, $22,1 млрд-ты құрады.

«Жаңа экономикалық жағдайда ҚР Үкіметі шетелдік инвесторлардың жұмысы үшін қолайлы жағдай жасап келеді. Бизнес-жобаларға тұрақты негізде фискалдық және фискалдық емес жеңілдіктерді, сондай-ақ преференцияларды қамтитын жан-жақты қолдау көрсетіліп отыр», — деді Үкімет басшысы. 

Қолдаудың жаңа құралдары туралы айта отырып, Премьер-Министр Инвестициялық міндеттемелер туралы келісімді, Жақсартылған модельдік келісімшартты және Инвестициялар туралы келісім жасау процесін жеңілдетуді атап көрсетті.

Премьер-Министрдің айтуынша, Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын жақсартудың тағы бір маңызды қыры – болжауға болатын және ашық салық саясаты. Осыған байланысты фискалдық реттеуді қайта қарау үшін жаңа Салық кодексі әзірленіп жатыр. Ол салықтық бақылауды цифрландыруды, сараланған мөлшерлемелерге көшуді, технологиялық жаңғыртуды ынталандыруды, арнаулы салық режимдерін оңайлатуды және т. б. көздейді.

Отырыс аясында қатысушылар бизнес үшін әкімшілік кедергілерді жою, салық салуды жетілдіру, жаңа технологияларды дамыту, жаһандық экономикалық трендтердің Қазақстан экономикасына әсері және т.б. мәселелерді талқылады.

Шара қорытындысы бойынша Премьер-Министр Үкіметтің өзара тиімді ынтымақтастықты арттыруға бағытталған пікірталастарға, ұсынымдарға және жаңа жобаларға ашық екенін атап өтті.

«Біз Қазақстанның инвестициялық климатын жақсартуға белсенді түрде қатысып жатқан шетелдік әріптестер мен дипломатиялық корпустың жұмысын жоғары бағалаймыз. Өз тарапымыздан келешегі бар жобаларға қажетті қолдау көрсетуге дайынбыз», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу