Ақпараттық жүйелерді интеграциялау студенттерге тағылымдамадан өтетін орын таңдауға және жұмысқа орналасу үшін портфолио жинауға мүмкіндік береді — ЕХӘҚМ

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында техникалық және кәсіптік білім беруді дамыту мәселелері қаралды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова тақырып бойынша баяндама жасады.

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаевтың мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес еңбек нарығында сұранысқа ие білікті мамандар даярлау мақсатында техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамыту бойынша бірқатар жұмыс атқарылуда. Бұл Мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік білім беруді дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқындалған.

«Бүгінде 772 колледжде 531 мың студент білім алуда. Колледждердің 85%-ы техникалық, ауыл шаруашылығы және қызмет көрсету бағыттары бойынша мамандар даярлап жатыр. Президент тапсырмасын орындау мақсатында жастарды сұранысқа ие мамандықтармен 2025 жылға дейін 100% тегін қамту көзделген. Биылғы жоспар көрсеткішіне қол жеткізілді. Дегенмен Түркістан, Батыс Қазақстан, облыстарының көрсеткіштері төмен деңгейде», — деді Ғани Бейсембаев.

Кадр даярлаудағы негізгі нәтижелердің бірі – түлектерді жұмыспен қамту. Бүгінде бұл көрсеткіш зейнетақы аударымы және жұмыс берушілермен жасалған келісімшарттар негізінде 77%-ды құрап отыр. Бұл көрсеткіш Түркістан, Қызылорда облыстарында республикалық деңгейден төмен.

2025 жылы мемлекеттік тапсырыс көлемін 155 мыңға дейін арттыру көзделіп, оның 70%-ын техникалық мамандықтарға бағыттау жоспарланған. Студенттерді әлеуметтік қолдау мақсатында биылғы оқу жылынан бастап стипендия 50%-ға өсті, ал 2024 жылы тағы 50%-ға арттыру көзделіп отыр.

«Бүгінде студенттердің 85%-ы жатақханамен қамтамасыз етілген. 2027 жылға дейін тапшылық мәселесін түбегейлі шешу мақсатында 10 мың орынға арналған жатақханаларды пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ жұмысқа орналастыру міндеттемесімен кәсіпорындардың тапсырысы бойынша кадрларды даярлау жүзеге аса бастады. Қазір бұл бағытта 20 мың студент білім алуда, 2029 жылы 80 мыңға жеткізу жоспарланған», — деді оқу-ағарту министрі.

Колледж педагогтері мен басшыларының сапалы құрамын қалыптастыру мақсатында колледждерге өндірістен мамандар тарту бойынша шаралар қабылданып, оларға 35%-дық үстеме ақы тағайындалды. Колледждерде жаңа өзгерістер көшбасшыларын қалыптастыру мақсатында кадрлық резервті жасақтау жұмыстары пысықталуда. Педагогтердің біліктілігін арттыру курстарының форматы мен құрылымы нақты өндіріс жағдайында білім алуға және практикаға бағытталады. Алдағы уақытта 26 мың педагог жаңа мазмұндағы біліктілікті арттыру курстарынан өтеді.

«Қазіргі таңда 558 колледждегі 72 мыңнан аса студент дуалды оқыту негізінде білім алуда. Ал 2029 жылы 160 мыңға жуық студентті қамтитын боламыз. Екі жылдың ішінде 40 263 бітіруші түлек 1 жарым жылға дейін еңбек өтілімен нарыққа шығуға мүмкіндік алды», — деді Ғани Бейсембаев. 

Дуалды білім беруді кеңейтудің бір тәсілі – колледждерді қамқорлыққа алу. Бүгінгі таңда 498 кәсіпорын 410 колледжді қамқорлыққа алды. Кәсіпорын өкілдері қамқоршылық кеңестерге кірді. Бүгінде кәсіпорындар 1 млрд теңгеге жуық қаржыға колледждерді жарақтандырды. Колледждер жұмыс берушілермен бірлесіп, кәсіптік, білім және WorldSkills стандарттарының талаптарын және өңірлік ерекшеліктерін ескеріп, 4 мыңнан аса білім беру бағдарламасын әзірледі. 

«Бағдарламалардың өзектілігі мен сапасын колледждер жанынан құрылған жұмыс берушілерден тұратын Индустриялық кеңестер сараптайтынын атап өткім келеді», — деді Ғ. Бейсембаев.

Алдағы уақытта білім беру бағдарламаларын жаңарту барысында жаңа кәсіптік стандарттар мен кәсіптер атласы негізге алынатын болады. Оқу-ағарту министрлігі техникалық және кәсіптік білім жүйесінде кадрлар даярлауды жаңа сапалық деңгейге көтеру үшін бірнеше қадамды белгіледі.

Біріншіден, колледж қызметінің бағыттарына талдау жасалынды. Өңірдің мамандануы мен колледждерде кадрлар даярлаудағы алшақтық анықталды. Осыған орай, колледждерді бейіндеу жұмыстары жүргізіліп, кадрларды даярлау сұранысқа ие мамандықтар шеңберінде жүзеге асырыла бастады.

Екіншіден, оқытудағы тиімді озық әдістемелер мен тәсілдерді тарату мақсатында локомотив-колледждер айқындалып, заманауи колледждер базасында IT-хабтар ашу жұмыстары жүргізілуде.

Үшіншіден, білім алушылардың кәсіпкерлік дағдыларын дамыту үшін студенттік бизнес-инкубаторлар құрылуда. Колледждер жанынан шағын кәсіпорындар ашу арқылы студенттерді практикаға бағыттау жұмыстары күшейтілмек.

Сондай-ақ колледждердегі маманды даярлауға бөлінетін жан басына шаққандағы қаржыландыру нормативін екі есе ұлғайту жұмыстары пысықталуда.

«Еңбек нарығына сапалы кадрлар даярлау мәселесі Оқу-ағарту министрлігінің үнемі назарында», — деді оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің мәлімдеуінше, бүгінде жұмыспен қамтылған халықтың жартысынан көбінде техникалық кәсіптік білім бар. Сол себепті ТжКБ жүйесіндегі білім сапасы көп жағдайда жалпы экономиканың өнімділігіне де, халықтың табысына да әсер етеді.

«Халықтың жұмыспен қамтылған негізгі салалары: сауда, өнеркәсіп және ауыл шаруашылығы. Біздің ақпарат жүйелерінің деректері бойынша өнеркәсіп, денсаулық сақтау, көлік және құрылыс салаларындағы жұмыспен қамтылғандар ең жоғары өнімділік пен табысқа ие болып отыр. Бұл ретте 2022 жылы жұмысқа орналасқан түлектердің 57%-ы өнімділігі төмен салаларда жұмыс істеуде, бұның өзі олардың табыстарына тиісінше әсер етеді», — Светлана Жақыпова.

ТжКБ түлектеріне деген сұранысқа сай, Электронды еңбек биржасында маркетинг, сату, әкімшілендіру, IT және көлік пен құрылыс салаларындағы жұмыскерлер анағұрлым сұранысқа ие. Осы салаларға жалпы сұраныстың 43%-ы тиесілі.

2030 жылға дейін экономиканың кадрларға сұранысы 1,8 млн қызметкерді құрайды, оның ішінде 53%-ы немесе 976 мыңы техникалық білімі бар мамандар болады деп күтілуде.

«Атамекен» ҰКП сауалнамасына сәйкес, ТжКБ түлектеріне деген сұраныс жоғары білімі бар қызметкерлерге қарағанда екі есе дерлік басым. Оларға қажеттілік, әсіресе, Астана және Алматы секілді ірі қалаларда, сондай-ақ Қарағанды мен Шығыс Қазақстан облыстарында көбірек болып отыр.

«Цифрлық технологияның дамуымен бірге кәсіптер де түрленіп, өзгеріске ұшырайды, осыған орай жаңа дағдыларға қажеттілік пайда болады. Жаңа кәсіптер мен құзыреттер атласына сай, елімізде таяу арада 239 жаңа кәсіп пайда болуы мүмкін», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Светлана Жақыпованың мәлімдеуінше, осыған байланысты бүгіннен бастап болашақ кардларды алдын ала дайындай беру қажет. Білім беру жүйесінің еңбек нарығы сұранысымен өзара байланысын қамтамасыз ету үшін Ұлттық біліктілік жүйесін дамыту жұмысы жалғастырылмақ.

«Кәсіптік біліктілік туралы» заң қабылданды және тиісті цифрлық платформа іске қосылды. Бүгінде 623 кәсіптік стандарт қабылданды, олар 3 мыңға жуық кәсіпке қатысты жұмыс берушілердің талаптарын айқындайды. 2025 жылға дейін тағы 400 кәсіптік стандартты әзірлеу қажет.

Министрдің сөзінше, Электронды еңбек биржасы арқылы студенттердің өндірістік практикадан өтуі және түлектерді жұмысқа орналастыру жүзеге асатын болады.

«Оқу-ағарту, Ғылым және жоғары білім министрліктерімен біздің ақпараттық жүйелердің интеграциялануы студенттер үшін тағылымдамадан өтуге тиісті орынды таңдауларына және болашақта жұмысқа орналасуға портфолио қалыптастыруға мүмкіндіктер береді. Осы жұмыс шеңберінде біз еңбек шартын жасасу туралы мәліметтер мен зейнетақы аударымдары болуының деректері негізінде түлектердің жұмысқа орналасуына сапалы мониторинг жүргізетін боламыз», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Светлана Жақыпова.

#Білім беру #Жұмыспен қамту #Жұмысқа орналастыру #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу