МӘМС-ті дамыту, дәрі-дәрмектерді таңбалау және жаңа медициналық мекемелердің құрылысы: вице-премьер Тамара Дүйсеновамен сұхбат

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенова Үкімет жұмысының негізгі бағыттары және Мемлекет басшысының әлеуметтік саладағы тапсырмаларын орындау жөніндегі шаралар туралы «Ұлттық мүдде» тележобасына берген сұхбатында айтты.

Ерлан Бекхожин, бағдарлама авторы және жүргізушісі:

— Бүгін біздің сұхбатта ел тұрғындары үшін ең маңызды салалар, атап айтсақ, білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік саясат, мәдениет және спорт салаларына жауапты адам бар. Менің сұхбаттасушым — вице-премьер Тамара Дүйсенова.

— Қолданыстағы міндетті медициналық сақтандыру жүйесі туралы айта келе, Сіз оны түбегейлі өзгерту керектігін кесіп айттыңыз. Бұл айтарлықтай өткір мәлімдеме. Мұны қолданыстағы жүйені жойып, жаңасын жасау қажет деп түсінуіміз керек пе, әлде өзгерістер енгізу деп түсінеміз бе?

Тамара Дүйсенова, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары:

— Бізде денсаулық сақтау жүйесіндегі реформалар 2015 жылдан басталды. Яғни сол кезден бастап біз медициналық сақтандыру жүйесін енгіздік. Ол жерде осы реформаларды тереңдету жайында айтылды. Мен медициналық сақтандыру жүйесінің мәні неде екенін қысқаша айтып өткім келеді. Біз бұл жүйені әлем елдерінің тәжірибесін ескере отырып саналы түрде таңдадық. Ол үш міндетті шешеді. 

Бірінші міндет – медициналық сақтандыру жүйесі клиникаларды пациенттерге жайлы жағдай жасауға мәжбүрлейді. Олай болмаған жағдайда ақша ала алмайды, өйткені медициналық сақтандыру «ақша клиент соңынан» қағидаты бойынша жұмыс істейді. Яғни, адам клиниканы таңдайды және ақша оның соңынан жүреді.

Екінші міндет – осы жүйеге қатысатын барлық тараптардың жауапкершілігін арттыру. Біздің жағдайда бұл мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшы. Осылайша, мемлекет, жұмыс беруші және жұмысшының өзі денсаулығын сақтауға жауапты. Егер ДДҰ ұсынысына сүйенсек, сіз бен біздің денсаулығымыздың 20%-ы медицинаға, ал 80%-ы еңбек жағдайы мен өмір салтына байланысты болады екен. Бүкіл әлемде мемлекет те, жұмыс беруші де, қызметкер де осындай жүйелерге жарналар аударады. Не үшін? Аурудың алдын алу немесе ол пайда болған кезде емдеу үшін.

Үшінші міндет – қаржы тұрақтылығы. Үш көзден қаржыландырған кезде жүйе тұрақты болады. Есіңізде болса, өтпелі кезеңде бізде зейнетақы жүйесі тек мемлекет тарапынан қаржыландырылған. Сол себепті бізде проблемалар болды. Қазір ол үш көзден қаржыландырылады, сондықтан қаржылық тұрақтылық сақталады.

Міне, осы үш мәселені жүйе шешеді. Біз осы міндеттерді шешуді қамтамасыз ететін жүйені құруымыз керек дегенді айтқан болатынмын. Денсаулық сақтау жүйесіндегі 2015 жылда басталған реформаларды тереңдету дегеніміз осы.

 

— Бірқатар сарапшылар, оның ішінде біздің студиямызға келгендер де медициналық сақтандыру қоры өз міндеттерін толық орындай алмайтынын атап өтті. Сапасыз медициналық қызметтер, медициналық көмектің нашар ұйымдастырылуы, бақылаудың болмауы туралы көп айтылады. Сіз мұнымен келісесіз бе?

— Медициналық сақтандыру жүйесі 2015 жылдан бастап іске қосылғанымен, қордың өзі 2018 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Оның мен айтып өткен үш мәселенің барлығын шеше алмауының бірінші себебі – коронавирус пандемиясы. Осы кезеңде мемлекет денсаулық сақтау жүйесін қолдауды күрт арттыруы керек еді. Екіншіден, жалпы экономикалық жағдай қорға аударылатын жарналардың 2 есе төмендеуіне әкеп соқты. Сондықтан қор өз міндеттерін орындай алмады. Сонымен қатар бұл жағдай мемлекеттік және жеке медициналық ұйымдар арасында қаражатты қайта бөлудің қолданыстағы жүйесін сақтауға әкелді. Тиісінше, «ақша пациент соңынан» қағидасы бұзылды. Яғни қаржы қайта бөлініп, біздің таңдауымыз бойынша емес, клиникалардың бағыттауы бойынша баруымызға тиіс клиникаларға кетті. Үшінші жалпыға белгілі мәселе – цифрландыру. Бүгінгі таңда көптеген ақпараттық жүйе бар. Жүйеде цифрландыру жоқ деп айтуға болмайды. Бірақ бірыңғай цифрлық экожүйе жоқ. Жұмыс істейтін ақпараттық жүйелер дәрігерлердің жұмысын жеңілдетуден гөрі ауырлатады. Дегенмен, біз осы бағытта белгілі бір жұмысты бастадық.

Біз қазір не істеп жатырмыз? Біріншіден, жоғарыда айтылған үш міндетті шешу үшін халықты медициналық сақтандыру жүйесімен толық қамту қажет. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жүйе қамтымаған 3,5 млн-нан астам адам бар. Жыл басынан бері қор жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп жүйеге ешқашан қатыспаған 179 мың адамның мәртебесін анықтады. Олардың 70%-ы өзін-өзі жұмыспен қамтыған халық немесе табысы бар, бірақ аударымдарды жүзеге асырмайтын жеке кәсіпкерлер екенін анықтады. Сондықтан қазір бұл жұмыс одан әрі жалғасатын болады. Жергілікті атқарушы органдар қормен бірлесіп түсіндіру жұмыстарын жүргізуі қажет. Біз тек жұмыс істейтін және табыс табатын адамға ғана емес, ең алдымен, жұмыс берушіге «аударыңдар» дейміз. Жұмыс беруші де қызметкері тиісті медициналық көмек алуы үшін аударымдар жасауы керек.

Тағы бір маңызды мәселе: медициналық сақтандыру жүйесіне қатыспағандар әлеуметтік сақтандыру жүйесіне де қатыспайды. Мен еңбек жолын енді бастаған, бірақ еш жерде тіркелмеген жастармен кездескен сайын: «Егер сіз тіркелмеген болсаңыз, ертең жұмысыңызды жоғалтқан жағдайда әлеуметтік сақтандыру қорынан жұмыссыздық бойынша жәрдемақы ала алмайсыз» деп айтамын. Мысалы, жас қыз тұрмыс құрып, бала туды. Қазір біз әлеуметтік сақтандыру қорынан 1,5 жыл бойы оның жалақысының 40%-ын төлеп келеміз. Егер ол әлеуметтік сақтандыру қорына 5% аудармаса, бұл да болмайды. Сол сияқты медициналық көмекке қатысты сұрақтар да бар. Объективті себептермен жұмыс істей алмайтындар үшін мемлекет жарна аударады. Бұл шамамен 12 миллион адам. Оның ішіне балалар, жүкті әйелдер, студенттер, зейнеткерлер, мүгедектігі бар адамдар кіреді, яғни жыл сайын мемлекет бюджеттен қорға жарты триллионға жуық теңге аударатын халықтың 15 санаты. Мен жоғарыда көтерген екінші мәселе – цифрландыру.

 

— Айтпақшы, оған көп қаражат салынды. Осы уақытқа дейін, Сіз айтқандай, бірыңғай экожүйе жоқ. Себептерін айта аласыз ба?

— Енді біз осы барлық жүйені интеграциялауымыз керек. Мен өзіме қатысты бір мысал келтіргім келеді. Маған өткен жылы емханадан қоңырау шалып, профилактикалық тексеруден өту керек дейді. Бір рет қоңырау шалды, екінші рет шалды. «Мен басқа емханаға тіркелгенмін, сол жерден өтемін», – дедім. Содан кейін олар маған үшінші рет қоңырау шалды. Бірнеше рет қоңырау шалу дұрыс екенін айта кету керек. Алайда қоңырау Алматы облысы Талғар ауданының емханасынан түскен екен. Бізде адрестік регистр жұмыс істейді. Бұл енді біздің ақпараттық жүйелерімізге қатысты мәселе ғой. Мен ешқашан тұрмаған және жұмыс істемеген ауданның емханасына қалай тіркелуім мүмкін еді. Қамту бойынша жүргізіп жатқан жұмыстар аясында, біріншіден, әрбір емхана бойынша оларға тіркелген азаматтардың тізімін анықтаймыз. Екіншіден, біз оларды цифрландырамыз. Үшіншіден, қаржыландыру көлемін анықтаймыз. Яғни, әрбір емхана жан басына шаққандағы норматив пен тіркелген адамдардың санының көбейтіндісіне тең болатын қаржыландыру көлемін алады. Сондықтан қазір бұл жұмыс жүргізілуде. Біз тіркеуді дұрыстау үшін тіркелген халық пен адрестік регистрді интеграциялаймыз. Бұл жүйелер өзара әрекеттесуі керек.

 

— Осы жерде түсіндіріп өтесіз бе? Денсаулық сақтау министрлігінің бір жүйесінде цифрландыру жағдайында бір-бірімен байланыспаған бірнеше қосымшалар қалай құрылған?

— Адрестік регистр – бұл Цифрландыру министрлігі жасаған өнім. Ал тіркелген халықтың ақпараттық жүйесі – Денсаулық сақтау министрлігінің өнімі. Жалпы, бізде 49-дан астам ақпараттық жүйе бар. Денсаулық сақтау министрлігі бір нәрсені өзгерткенде, ақпарат басқа жүйелерде де өзгеру үшін енді оларды интеграциялау қажет болады. Егер менің мекенжайым өзгерсе, ол Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесінде де өзгеретіндей болуы керек. Өкінішке қарай, бұл интеграция әлі аяқталған жоқ. Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесі туралы айтатын болсақ, онда бәрі интеграцияланған. Онда зейнеткер Алматы облысында бола тұра, өз зейнетақысын Астанадан ала алмайды. Ол зейнетақысын Алматы облысынан алады.

 

— Өзі тұратын жерден бе?

— Иә, өзі тұратын жерден. Ол сонда барып алады. Сондықтан бұл жұмыс жүргізілуде. Цифрландыру бойынша назар аудартқым келген екінші жұмыс қазір әлеуметтік желілерде талқылануда. Бұл дәрі-дәрмектерді таңбалау және қадағалау. Енді әрбір дәрі-дәрмектің акциздік маркалар сияқты өз маркасы болады. Дәрілік заттардың қозғалысы бақыланады: бұл дәрі-дәрмектерді клиникаларға беретін қоймалар, олардың аурухана ішіндегі бөлімшелер арасындағы қозғалысы, дәрі-дәрмектерді есептен шығару. Осының бәрі ақпараттық жүйеде болады. Енді есептен шығарылған дәрі-дәрмектер дәріханаларда сатылымға шыға алмайды. Бұл жүйе контрафактілік өнімдерді айналымнан шығару үшін жүзеге асырылады. Таңбаланған дәрілік заттар бізде өндірілген немесе тиісті тіркеуден өтіп, әкелінген болып саналады.

 

— Бұл шағын және орта бизнеске қосымша ауыртпалық түсірмей ме?

— Бұл мәселе қазір көтерілуде. Айта кетейін, норма 2019 жылы Еуразиялық экономикалық одақ елдерінің келісімінде бекітіліп, елімізде ратификациялаған. Қазақстан Республикасының ірі фармацевтикалық өндірушілері дәрі-дәрмек қораптарына маркаларды немесе арнайы кодтарды басатын жабдықтарды сатып алды. Ал дәрі-дәрмектерді сырттан әкелетін компаниялар оларды кеден қоймаларында таңбалайды. «Қазақтелеком» бірыңғай оператор болғандықтан, осы маркаларды береді. Ірі дистрибьютерлер мен қоймалар да бүгінде тиісті жабдықты сатып алды, бірыңғай оператордың ақпараттық жүйесіне қосылды, оқитын сканерлерді алды. Әзірге оларда проблема жоқ.

Қазір дәріханалар бойынша мәселе бар. Барлық дәріханалар 2-Д сканер сатып алып, бірыңғай оператор жүйесіне қосылуы керек. Бұл сканерлердің құны 13 мыңнан 185 мың теңгеге дейін барады. Енді 13 мыңды қымбат деп есептейтін шағын дәріханалар үшін «Қазақтелекомның» «Нақты өнім» атты мобильді қосымшасы бар. Оны телефонға орнатып, тегін пайдалануға болады. Сондықтан осындай проблемасы бар барлық дәріханаларға олар жұмыс істейтін аумақтағы Фармацевтикалық бақылау комитетінің департаменттеріне немесе Денсаулық сақтау басқармаларына хабарласуды ұсынар едім. «Қазақтелекомға» өтініш берсе, оларды қамтамасыз етеді.

Дәріханалар бойынша тағы бір нәрсе айтқым келеді. Біз қазір тегін берілетін дәрі-дәрмектерді орталықтандырылған әдіспен сатып алып, емханалардың дәріханалары арқылы халыққа таратып жатырмыз. Әрбір азамат дәрі-дәрмектері таусылған кезде, емхананың дәріханасына келуі керек. Енді біз осы дәрілік заттарды бөлшек саудамен айналысатын дәріханалардан алу мүмкіндігін қарастыруды жоспарлап отырмыз. Яғни, рецепті бар адам кез-келген дәріханаға келіп, осы дәрі-дәрмектерді ала алады, ал Қор оларды өтейді. Олар қосылатын бұл ақпараттық жүйе қорға қосылуға мүмкіндік береді. Бұл дәріханалар үшін пайдалы болар еді, яғни бір уақытта таңбалауға қосылғанда, Қорға да қосылады. Қор олардың тұрақты табыс көзіне айналады. Қор үшін де бұл тиімді болар еді. Біздің елімізде 8 мыңнан астам дәріхана бар. Егер олардың әрқайсысы халыққа тегін дәрі-дәрмек берсе немесе ұсынса, онда баға да төмендер еді. Сондықтан бұл жерде қордың да, дәріханалардың да қызығушылығы бар.

 

— Яғни, қор дәріханаларға ақысын өтей ме?

— Иә.

 

— Дәріханаларда тегін дәрі алуға келген адамдардан бас тартуға негіз болмайды ғой?

— Иә, біз қазір осы мәселені қарастырып жатырмыз. Қазіргі уақытта адамдар емханалардың дәріханасына барады. Біз бұны келесі жылдан бастап пилоттық тәртіпте енгіземіз деп ойлаймын. Жоспар жүзеге асқан кезде, сіз кез-келген дәріханаға бара аласыз. Егер сізде рецепт болса, онда дәрі-дәрмектің тегін берілетіні көрсетілсе, рецептің арнайы нөмірі оқылады. Қор бұл дәріхананың рецепт бойынша қандай мөлшерде дәрі-дәрмек жібергенін қарап, қажетті соманы бірден өтейді.

 

— Сізге қандай денсаулық сақтау жүйесі оңтайлы болып көрінеді? Медициналық сақтандыру әлде тегін денсаулық сақтау жүйесі? Денсаулық сақтау міндеттері қандай пропорцияда шешілуі керек?

— Медициналық сақтандыру туралы айтатын болсақ, әлемде мұндай жүйе бар: мемлекеттің барлық тұрғындарына беретін кепілдендірілген пакеті бар және жұмыс істейтін азаматтар мен олардың жұмыс берушілерінің жарналары есебінен толықтырылатын сақтандыру пакеті бар. Біздегі жүйе аралас болып саналады. Яғни, шұғыл көмек, шұғыл медициналық көмек, жедел жәрдем, вакцинациялау, әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу – мұның бәрі мемлекет есебінен жүргізіледі. Мемлекет жыл сайын азаматтарға құны 1 триллион теңгеден астам тегін медициналық көмек көрсетеді. Сақтандыру пакеті – жоғары мамандандырылған көмектің бір бөлігі. Мысалы, нейрохирургиялық, кардиохирургиялық операциялардың құны 10 миллион теңгеден асады. Немесе күрделі ауруларды емдеу үшін сатып алатын дәрі-дәрмектердің жекелеген түрлері қымбат болады. Мұның бәрі сақтандыру пакетінен төленеді. Сондықтан бізде бюджеттік-сақтандыру жүйесі.

 

— Мемлекеттің әлеуметтік саясатының орасан зор рөлін ескере отырып, болашақта медициналық және әлеуметтік сақтандыру қорлары өз міндеттемелері бойынша қаншалықты жауап бере алады? Бұл бизнес пен мемлекеттің өзі үшін үлкен жүктеме болмай ма?

— Медициналық сақтандыру қоры жұмыс берушінің аударымдары есебінен ғана жұмыс істейді деп айтуға болмайды. Оған үш көзден ақша түседі. Мемлекет жұмыс істемейтін тұрғындар үшін, жұмыс беруші өз қызметкерлері үшін және жұмысшылар өздері үшін аударым жасайды. Байқағаныңыздай, жүктеме үш субъект арасында бөлінеді. Онда жұмыс беруші ғана төлемейді. Айтарлықтай жүктеме жоқ. Мен ДДҰ-ның деректері туралы бекер айтқан жоқпын, онда адам денсаулығының 80%-ы еңбек жағдайы мен өмір салтына байланысты. Әлеуметтік жауапты әрбір жұмыс беруші өз қызметкерінің денсаулығына да жауапты болуы керек.

 

— Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық сақтандыру қорына жарналарды аударуы қажет кіріс мөлшерін үш еседен астам арттыру туралы өтінішін түсіндіре аласыз ба? Бұл денсаулық сақтау мен сақтандыру жүйесінің тұрақсыздығына әкелмей ме?

— Бүгінде заңнамада шекті табыстың көлемі 10 ЕТЖ (ең төменгі жалақы) мөлшерінде белгіленген. Бұл 850 мың теңге. Яғни, 850 мың теңгеге дейін жалақы алатын барлық адамдардың жарнасы алған нақты табысынан аударылады. Ал 850 мың теңгеден жоғары табыс табатын қызметкерлер 850 мың теңгеден аударуға тиіс.

Мысалы, бір қызметкер 100 мың теңге алады. Ол 100 мың теңгеден аударады. Екіншісі 250 мың алады. Ол 250 мың теңгеден аударады. Яғни, нақты табысқа байланысты. Ал үшінші қызметкер 1 миллион теңге алады. 1 миллион алғанына қарамастан, ол 850 мың теңгеден аударып отыр. Енді әлеуметтік жағынан әділ болу ұсынылып отыр, барлығы нақты кірістен аударады. Яғни, егер адам миллион алса, бір миллионнан жарна болады. 100 мыңнан аударатын қызметкер сияқты. Қазір бұл мәселе талқылануда.

Ешкім өзіне қандай көлемде медициналық көмек қажет болуы мүмкін екенін алдын ала білмейді. 10 миллиондық операциялар бар. Біз жарна аударсақ та, ортақтық қағидасы сақталуы керек. Біз аударған қаржы көлемі жетпей қалуы мүмкін. Сондықтан жұмыс беруші мен мемлекет адамға қажетті медициналық көмектің көлемін алу үшін бірігеді. Ең бастысы – ол осы жүйенің мүшесі болуы тиіс.

 

— Сіз азаматтардың өмір сүру ұзақтығына әсер ететін және уақытылы алдын алу мен емдеуді қажет ететін аурулардың негізгі түрлері бойынша әлі айтарлықтай ілгерілеушілік жоқ деп мәлімдедіңіз. Себебі неде? Жабдықтың жетіспеушілігі ме, әлде тиісті диагностиканың болмауы ма немесе басқа нәрсе ме?

— Біз экономика мен мемлекеттік қызметтің кез келген саласында басқару жүйесі туралы айтып отырамыз. Сол сияқты денсаулық сақтау саласында да ауруларды басқару жүйесі бар. Ол аурудың алдын-алуды, анықтауды және емдеуді қамтиды. Алдын алумен Қоғамдық денсаулық сақтау, анықтаумен – емханалар, емдеумен – стационарлар айналысады. Әрбір топ тиімді жұмыс істейді, бірақ олардың арасында өзара байланыс жоқ. Прогресс туралы айтатын болсақ, жүйе құрылуы керек. Әрбір топ адамның көрсеткіштеріне жауап беруі керек. Ауруды анықтап, ары қарай қараусыз қалдыруға болмайды. Әйтпесе, ол ауруханаға ауыр жағдайда түсуі мүмкін. Біз пациенттің дәрігерге қаралу бағытын (маршрутын) қайта қарастырудамыз. Емханаға келген адамның сол жерде ауруы анықталады. Диагностикалық зерттеу жүргізіледі. Кейін ол стационарға жетті ме, жоқ па? Немесе оған жолдама берілмеді ме? Шын мәнінде ол ауруханаға жіберілуі керек пе еді?

 

— Енді сіздер оны қадағалайсыздар ма?

— Қазір мұндай ақпараттық жүйе әзірленуде. Жыл соңына дейін ол аяқталады деп ойлаймыз. Денсаулық сақтау министрлігі бұл бағытта жұмыс істеп жатыр. Бұл тиімділікті бағалауға, жауапкершілікті арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жақсы жұмыс үшін сараланған ынталандыру төлемдері жоспарлануда. Уақытылы анықталмаған немесе уақытылы әрекет етпеген белгілі бір топқа cанкциялар болуы мүмкін. Бұл мейлі емханалар немесе стационарлар болсын, әр топқа тиесілі KPI болады. Ол бойынша клиникалар реестрі қалыптастырылады. Азаматтар осы реестр арқылы таңдай алатын болады. Мұнда біз медициналық сақтандыру жүйесі шешуі керек міндеттерге қайта ораламыз.

 

— Елімізде онкологиялық ауруларды емдеу мәселесі өткір болып тұр. Жалпы, біздің жүйе ерте кезеңдердегі диагностиканы жасай ала ма?

— Өкінішке қарай, мәселелер бар. Бізде скрининг болғанымен, сырқат адамның көпшілігі аурудың 4-ші кезеңінде келеді. Сондықтан біз қазір «Қазақстан халқына» қорының көмегімен барлық онкодиспансерлерде нүктелік сәуле түсіре алатын үдеткіштерді қойып жатырмыз. Біз қандай мақсатты препараттарды қолдану керек екенін тауып, анықтауымыз қажет. 2008 жылға дейін адам ағзасын толықтай сәулелендіретін жабдық болды. Қазір біз нүктелі сәулелендіруге қол жеткіздік. Енді нүктелік сәулеленудің мөлшерін өлшей алатын жабдық қажет болады. Бұл жұмыс жүріп жатыр. Онкологиялық ауруларға қатысты тұжырымдама қазірдің өзінде анықталды. Денсаулық сақтау министрлігінің кеңейтілген алқа отырысы өтті. Онда кемшіліктер, әсіресе ерте скринингке қатысты олқылықтар анықталды. Мен басқаруға қатысты тоқталдым. Бізде скринингке үлкен қаражат кетіп жатыр. Егер біз ерте скрининг арқылы бұл ауруларды 1 және 2-сатыларда анықтасақ, оларды емдеуге болады. 5 жыл бұрын мен Канадада болдым. Оларда 70-80% науқас дертінен айығады, өйткені олар ауруды алғашқы кезеңде анықтайды. Қазір онкологиялық ауруларға қарсы қызмет көрсетудегі міндет – ерте анықтау. Сондықтан келесі жылдан бастап біз ерте скринингтен өтуді одан әрі күшейтеміз.

 

— Ол ненің есебінен жүзеге асады?

— Бұған республикалық бюджеттен арнайы қаражат бөлінеді. Денсаулық сақтау министрлігі бұл туралы мәлімдеген. Екіншіден, «Қазақстан халқына» қоры сатып алатын жабдық. Оның көп бөлігі келесі жылдың ортасына дейін орнатылады. Үшіншіден, біз оқытатын кадрлар, соның ішінде шетелде дайындалатындардың арқасында жүзеге асады.

 

— Қазақстанда кадрлар жетіспейді деген сөз бар. Тапшылық 4 мыңға жуық медицина қызметкерін құрайды. Мәселені қалай шешу жоспарда бар? Сіз қалай ойлайсыз, мүмкін шетелден мамандарды тарту керек шығар?

— Біз проблемалар туралы көбірек айттық. Саладағы жақсы жаңалық жайлы да атап өткім келеді. Соңғы 5 жылда мемлекет денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің жалақысын көтеріп келеді. Дәрігердің орташа еңбекақысы айтарлықта өсті. Өткен жылы 100-ден 140-қа дейінгі балл жинаған 1,5 мыңға жуық жас түлек медицина мамандықтарын таңдаған. Яғни медициналық жоғары оқу орындарына түскендердің ішінде 100-ден төмен балл алған бірде-бір талапкер жоқ. Бұл 5-6 жылдан кейін бізге білікті кадрлар келеді деген үміт береді. Бұл – біріншісі.

Қазір денсаулық сақтау жүйесі бойынша ұлттық жоба іске асырылуда, нысандар жаңа құрылғылармен жабдықталуда.

Екіншіден, «Өзге мамандарды тарту» деген ұғым бар. Бұл нені білдіреді? Бізде күшті химиктер, мықты биологтар бар. Қазір оларды зертханаларда жұмыс істеуге үйретеміз және тартамыз. Немесе жаңа құрылғылармен жұмыс істеуге тартуға болатын физиктер бар. Сонымен қатар біз шетелден мамандарды тартамыз. Өткен жылы ғана біз медицинада сұранысқа ие бағыттар бойынша 608 маман тарттық. Оның 83-і алыс шетелден. Өткен аптада ғана мен «Ата жолы» картасымен келген қандастарымызбен кездестім. Астанада Израильден келген жас жігіт жұмыс істейді, өзі қазақ. Біздің денсаулық сақтау жүйесіне өте қажет анестезиолог. Қазір ол Қазақстанда жұмыс істейді. Міне, біз осындай балаларды тартамыз. Тек шетелдік мамандар ғана емес, өз қандастарымыз да бар.

 

— Яғни, Израиль азаматы болған біздің қазақ жігіті ме?

— Иә.

 

— Үкіметте медициналық көмектің сапасына қанағаттанбау деңгейін саралайсыздар ма? Халық көбінесе қандай мәселелерді көтереді?

— Егер әлеуметтік сауалнама тұрғысынан қарайтын болсақ, онда олар көмектің уақытылы көрсетілмегеніне шағымданады. Сондай-ақ тегін дәрі-дәрмектермен, әсіресе амбулаториялық дәрі-дәрмектермен уақытылы қамтамасыз етілмегеніне немесе стационарлық көмекті ұзақ күтетінін айтуда. Біз көбінесе тәуелсіз компаниялар жүргізетін әлеуметтік сауалнамаларға мән береміз. Осы жерде цифрландыру аясында тағы бір атқарылған жұмыс туралы айтайын. Ол – бағалау. Бұл тұста пациентпен кері байланыс болуы керек. Мысалға науқас тағайындалған көмекті алды ма? МРТ-дан өтті ме? Егер пациент барлығын растаса, онда факт тексеріліп, клиникаға қызмет ақысы төленеді.

 

— Шағын қалаларда, ауылдық жерлерде ауруханалардың тапшылығы мәселесі қаншалықты өткір?

— Осы екі жыл ішінде біз ауылдарда 556 алғашқы медициналық-санитарлық көмек нысандарын саламыз. Бұл бізге ауыл тұрғындары үшін сапалы көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Қазір қаражатты ұтымды пайдалану үшін біз көпсалалы аудандық ауруханалар құрып жатырмыз. Бізде облыс орталығынан 700-800 км қашықтықта орналасқан аудандар бар. Ал көпсалалы ауруханалар тек облыс орталықтарында. Сол себепті біз жақын маңдағы аудандарға қызмет көрсете алатын, қолданыстағы аудандық ауруханалар базасында көп салалы ауруханалар құрамыз. Менің ойымша, біз жақын арада жоғары мамандандырылған медициналық көмекке қолжетімділікті қамтамасыз етеміз.

 

— Қазақстанның медициналық ұйымдарының үлкен қарыздары жиналып қалды. Менде бар мәлімет бойынша, 400-ден астам медициналық ұйымның 82 млрд теңгеге жалпы кредиторлық берешегі бар. Себебі неде?

— Қазір проблемалардың бірі – тарифтік жүйе. Кейбір ауру түрі бойынша біз 2015 жылдан бастап тарифтерді қайта қарастырған жоқпыз. Ал бірқатар сырқат түрі бойынша тарифтер нақты шығындардан асады. Сондықтан тарифтерде біреудің жалақы қоры көп, ал коммуналдық қызметтердің үлесі аз екендігі белгілі болды. Кредиторлық берешектің көп бөлігі коммуналдық қызметтер мен дәрілік заттарға қатысты. Сондықтан біз тарифтерді сәйкестендіруіміз керек. Қазір біз онымен жұмыс істеп жатырмыз. Кредиторлық берешек мәселелерін қор жабады. Сонымен қатар емханалар немесе стационарлар нақты медициналық көмекті көрсетуге жұмсаған шығындарын өтей алатындай тарифтерді теңестіру бағытында шаралар қабылдап жатырмыз. Мұндай мәселе бар, оны шешіп жатырмыз.

 

— Соңғы уақытта бізде кеңес заманында жеңген кейбір аурулардың өршуі байқалуда. Вакцинацияны міндетті шарт деп бекіте алмаймыз ба?

— Мысалы, қызылшаны алайық. Биыл осы дертке душар болғандар көп болды. Бұл бізде ғана емес, жақын елдерде де, Еуропада да тіркелді. Нақты кімдер ауырғанын талдай бастағанда, науқастардың 80% вакциналаудан өтпеген балалар екені анықталды. Сондықтан осы мүмкіндікті пайдаланып, бір нәрсеге мән беруді ескерткім келеді. Екпені қолдана отырып, біз 18-19 немесе 20 ғасырдың басында болған аурулардың кейбір түрлерін ұмытып кеттік. Болашақта балаларымыздың денсаулығы осыған байланысты. Дәрігерлердің ұсыныстарын ескеріп, барлық вакциналарды уақытылы алуымыз керек.

 

— Ал Сіз сынға қалай қарайсыз?

— Егер ол әділ болса, мен сынға өте жақсы қараймын. Мысалы, мен Еңбек министрлігінде жұмыс істеген кезімде атаулы әлеуметтік көмекке қатысты сұрақтар болды. Біз түсіндіру жұмыстарын толық жүргізбегеніміз анық болды. Мен ол сынды қабылдадым. Кейін біз түсіндіру жұмыстарын қолға алып, мәселе шешілген болатын.

#Білім беру #Денсаулық сақтау #Мәдениет #Сұқбат #Тамара Дүйсенова #Әлеуметтік қорғау

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу