Президенттің тапсырмаларын орындау: 2023 жылы елімізде 15,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй салу жоспарланып отыр

ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Сайлауалды бағдарламасын және Мемлекет басшысының ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру бойынша белсенді түрде жұмыс жүргізіп жатыр. ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысы барысында индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев қабылданып жатқан шаралар туралы толығырақ баяндады.

Оның айтуынша, Президенттің сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында министрлік келесі шараларды қабылдап жатыр.

Өнеркәсіп және көлік саласы

  1. Қорғаныс өнеркәсібін дамыту жөніндегі тұжырымдама әзірленді. Оның шеңберінде 2029 жылға дейін заманауи технологияларды трансферттеу және қару-жарақ пен әскери техниканың жетекші әлемдік өндірушілерімен өндірісті оқшаулауды ұлғайту жөніндегі жобалар іске асырылатын болады.
  2. Отандық қайта өңдеушілерді базалық шикізатпен қолайлы бағамен қамтамасыз ету бойынша заңнамалық түзетулер пакеті дайындалды.
  3. Ауыл шаруашылығы техникасын лизинг бойынша қаржыландыру тетігінің 2 нұсқасы пысықталып жатыр: біріншісі – республикалық бюджет арқылы, екіншісі – ӨКМ Операторының қаражаты есебінен.
  4. 2030 жылға дейінгі көлік-логистикалық әлеует Тұжырымдамасының жобасы әзірленді. Бекіту мерзімі – жылдың соңына дейін.
  5. 2029 жылдың соңына дейін 11 мың шақырым теміржол учаскелерін жөндеу жоспарланып отыр. 2023 жылы 882 шақырым теміржолда жұмыс жүргізілетін болады. 
  6. Инфрақұрылымдық теміржол жобаларын іске асыру басталды. «Достық-Мойынты» учаскесінің екінші жолдарының құрылысы биыл қараша айында басталды. Қалған жобалар бойынша техникалық құжаттама әзірленіп жатыр.
  7. Республикалық маңызы бар автожолдар мен жергілікті желіні салу және реконструкциялау жалғасуда. 2029 жылдың соңына дейін республикалық маңызы бар және жергілікті маңызы бар 22 мыңнан астам автожолдың құрылысы мен жол жөндеу жұмыстарымен қамту жоспарланып отыр.
  8. Жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі ірі қалаларда электромобильдер үшін қажетті инфрақұрылымды құру жөніндегі Жол картасын әзірлеуге кірісті.

Құрылыс және ТКШ саласы

9) Халықты тұрғын үймен қамту бойынша шаралар қабылданып жатыр. 2023 жылы 15,3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй немесе 143,5 мың тұрғын жай салу жоспарланып отыр.

10) Өңірлерде үлестік қатысуы бар проблемалық объектілердегі жұмыстарды аяқтау мақсатында инвесторларды тарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Республика бойынша барлығы 44 проблемалық нысан бар, оның ішінде 2023 жылы 14 нысандағы жұмыстарды аяқтау жоспарда бар.

11) 17 қалада меншік иелерінің тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша жаңғырту бағдарламалары бекітілді.

12) Тұрғын үй құрылысында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым салу бойынша 375 жоба іске асырылып жатыр. 2029 жылға дейін азаматтарға жеке құрылыс үшін бөлінетін 239 мың жер учаскесін коммуникациялармен жабдықтау жоспарда бар.

13) 2023 жылы қала халқының 98,7%-ын және ауыл халқының 96%-ын сумен жабдықтау қызметтерімен қамту жоспарлануда. 2025 жылға қарай барлық елді мекен сумен қамтамасыз етілетін болады.

14) Тұтынушылар үшін шекті шығындардың нормативін айқындау жөніндегі бірыңғай тәсіл үшін тұрғын үй көмегін ұсыну қағидаларына түзетулер әзірленді. Қаулы жобасы Үкіметке енгізілді.

«Мемлекет басшысының барлық тапсырмаcы 2029 жылға дейін үлестіріліп, Ұлттық экономика министрлігі әзірлеп жатқан Жол картасына енгізілген», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Министрдің мәлімдеуінше, Мемлекет басшысының 12 желтоқсандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмалары бойынша да шаралар әзірленді.

Бірінші. 2023-2037 жылдар аралығында жылу желілерін кезең-кезеңмен жаңғырту жүргізілетін болады.

Бірінші кезеңде, яғни 2023 жылдан 2030 жылға дейін ұзындығы 1,6 мың шақырым жылу желілерін ауыстыру жоспарланып отыр, бұл тозу деңгейі 75%-дан астам желілер.

Екінші кезеңде, 2030-2037 жылдар аралығында тозу деңгейі 50%-дан 74 %-ға дейінгі жылу желілерін ауыстыру жоспарлануда. Мұндай желілердің ұзындығы 3,7 мың шақырымды құрайды.

Тозу деңгейі 50%-дан төмен желілерді табиғи монополиялар субъектілерінің инвестициялық бағдарламалары шеңберінде ауыстыру ұсынылады.

Қазіргі таңда, ең алдымен, жергілікті атқарушы органдар жобалау-сметалық құжаттаманы әзірлеп, уәкілетті органның қарауына бюджеттік өтінімді енгізе отырып, жылу желілерінің жай-күйіне техникалық тексеру жүргізуі қажет.

Екінші. 2024-2028 жылдар аралығында 68 қалада кәріз-тазарту құрылыстарын салу және реконструкциялау жоспарланып отыр.

26 қалада жобалар мемлекеттік кепілдікпен микроқаржы ұйымдарының қарыздарын тарту есебінен іске асырылатын болады. 

36 шағын қалада жобаларды іске асыру республикалық бюджеттен берілетін трансферттер есебінен жоспарланып отыр. 

Келесі жылы 6 шағын қалада кәріз-тазарту құрылысы жоспарланған, қазір жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр.

Үшінші. «АрселорМиттал Теміртау» бойынша келісімшарттық міндеттемелер қайта қаралды.

«Бұл ретте, қазіргі уақытта Бас прокуратураның басшылығымен компания қызметі бойынша кешенді тексеру жүргізілуде. Нәтижелері туралы қосымша хабарланатын болады», — деді Қайырбек Өскенбаев.

Төртінші. Заңсыз берілген кен орындарын қайтару бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бүгінгі таңда әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялармен жасалған 87 келісімшарттың 40-ы өз күшін жойып, 47 келісімшарт бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың міндеттемелерді орындауы бойынша талдау жүргізіліп жатыр.

Өндіруге дайын, бірақ барлауға заңсыз берілген 143 кен орнының 10 лицензиясы/келісімшарты қайтарып алынды. 25 жер қойнауын пайдаланушыларға міндеттемелердің бұзылғаны туралы хабарламалар жіберілді.

Министрдің айтуынша, заңсыз берілген кен орындарын мемлекетке қайтару жұмыстары жалғасын тапты. 

Бесінші. Агроөндірістік кешеннің ішкі қажеттілігін 100% қамтамасыз ету мақсатында 2028 жылға дейін қажетті минералды тыңайтқыштарды өндіру бойынша 7 жоба іске асырылатын болады. 

«Президенттің барлық тапсырмасы ерекше бақылауымызда және уақытылы жүзеге асырылатын болады», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу