Президенттің тапсырмаларын орындау: Қазақстанда қосымша дәрі-дәрмектердің, медициналық бұйымдар мен техниканың 30-дан астам жаңа өндірісін ашу жоспарланған

ҚР Үкіметінің отырысында Президент Қ. Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасын және 2022 жылғы 12 желтоқсандағы Үкіметтің кеңейтілген отырысында берілген тапсырмаларды іске асыру жөніндегі шаралар қаралды. Медицина жүйесіндегі тапсырмалардың орындалуы туралы денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният баяндады.

Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының «Заманауи медицина» бөлімін орындау аясында Денсаулық сақтау министрлігі 13 тармақты іске асырады. 

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы денсаулық сақтаудың тұрақты моделін құру міндетін қойды.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы саланы тұрақты дамыту үшін денсаулық сақтауды қаржыландыру деңгейін жалпы ішкі өнімінің 5%-на дейін жеткізуді ұсынады.

«Әлемдік тәжірибе халықтың өмір сүру ұзақтығы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру деңгейіне тікелей байланысты екенін, саланы қаржыландыруды арттыру жұмысы жалғасатынын көрсетті», — деді Ажар Ғиният.

Ең бастысы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жетілдірілуде. Бұл бағыт бойынша келесі іс-шаралар жоспарланған:

- міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің тартымдылығын арттыру арқылы халықты жүйеге ынталандыру;

- медициналық қызметтер пакеттерін нақты ажырату: тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру;

- медициналық көмектің негізгі түрлері бойынша қаражатты оңтайлы бөлу;

- медициналық сақтандыру қорының бірыңғай ақпарат жүйесін іске қосу және халыққа медициналық көмектің сапасы мен ашықтығын арттыру жөніндегі басқа да бірқатар іс-шаралар арқылы қаржы ағындарын бақылау.

Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғинияттың айтуныша, медициналық көмек көрсетудің халықаралық стандарттарына жауап беретін заманауи денсаулық сақтау жүйесін қалыптастыру үшін мынадай бастамалар іске асырылатын болады:

Бірінші. Саламатты өмір салты қызметі орталықтандырылады, сондай-ақ халықтың саламатты өмір салты, дұрыс тамақтану және тұзды тұтыну мәселелерінде сауаттылығын арттыру жөніндегі шаралар қабылданады.

Екінші. Дәрігерлік мамандықтың мәртебесін көтеру аясында медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігін сақтандыруды енгізу, қылмыстық нормаларды жеңілдету, сондай-ақ дәрігерлерді заңдық және қаржылық қорғау шеңберінде өзге де шараларды көздейтін тиісті заң жобасы әзірленді.

Үшінші. Профилактикалық тексеру бағдарламасын кеңейту үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде нозологиялар тізбесін ұлғайту, нысаналы топтарды және ауыл тұрғындары үшін профилактикалық зерттеулер тізбесін кеңейту, сондай-ақ балалардың денсаулығын зерттеу көлемін ұлғайту көзделген.

Төртінші. Әйелдерді босандыру қызметі 11 заманауи перинаталдық орталық желісімен күшейтіледі. Қазіргі таңда Шымкент қаласында перинаталдық орталықтың пилоттық жобасы әзірленіп жатыр.

Бесінші. Онкологиялық аурулардың профилактикасы, ерте анықтау мен емдеудің заманауи әдістерін, сондай-ақ жаңа онкологиялық орталықтар салуды, корпустарды қайта жаңартуды және заманауи жабдықтармен жарақтандыруды көздейтін 2023-2025 жылдарға арналған халыққа онкологиялық көмекті жетілдіру жөніндегі жол картасының жобасы әзірленді.

Сондай-ақ Алматы қаласында балалар онкологиясы мен гематологиясының заманауи ұлттық орталығын құру жоспарланған.

Алтыншы. Инсультпен ауыратын пациенттерді емдеу тәсілдерін үйлестіру үшін салынып жатқан «Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығы» көп бейінді ауруханасының базасында бірыңғай консультациялық инсульт орталығы іске қосылады.

Жетінші. Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде және ауылда медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру мақсатында ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту жөніндегі пилоттық ұлттық жоба қабылданды және жүзеге асырылатын болады.

Сонымен қатар денсаулық сақтау министрінің айтуынша, шетелдік серіктестермен бірлесіп, заманауи телемедициналық шешімдерді енгізу көзделіп отыр.

Отандық фармацевтикалық өндірісті дамыту шеңберінде келісімшарттық өндірістің инвестициялық жобалары бойынша озық әлемдік фармацевтикалық өндірушілермен келіссөздер жүргізілуде.

Дәрі-дәрмектер, медициналық бұйымдар мен техникалардың 30-дан астам жаңа өндірісін, оның ішінде ірі шетелдік өндірушілердің қатысуымен қосымша жобалар ашу жоспарлануда.

«Денсаулық сақтау министрлігі Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлының бастамаларын іске асыру бойынша жүйелі жұмыс атқарады», — деді А. Ғиният. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу