ВАК қорытындысы: бизнесті дамыту, әкімшілік кедергіні қысқарту, АӨК-те бақылауды күшейту

Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен кәсіпкерлік қызметті реттеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті 100-ші отырысы өткізілді. Қатысушылар шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың 2025 жылғы қорытындысын шығарып, бизнеске әкімшілік жүктемені одан әрі төмендету шараларын қарастырды. Сондай-ақ өсімдік карантині, астық нарығы мен электрондық лотереяларды реттеу саласындағы бақылауды күшейтуге арналған заңнамалық бастамаларға қолдау білдірді.

2025 жылы шағын және орта кәсіпкерлік секторы ел экономикасындағы өз позициясын нығайтуды жалғастырды. Ұлттық экономика вице-министрі Ерлан Сағынаевтың айтуынша, 2026 жылғы 1 қаңтарда Қазақстанда 2,36 млн шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі тіркелсе, бүгінде оның 2,18 млн-ы жұмыс істеп тұр. Соңғы бес жылда жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың үлесі 84,3%-дан 92,2%-ға артып, 7,9 пайыздық тармаққа өсті. Кәсіпкерлік сектордың негізгі бөлігін шағын бизнес алады, 2 357 172 субъект.  

Шағын және орта бизнестің ел экономикасына қосқан үлесі де өсуде. Егер 2020 жылы оның ЖІӨ-дегі үлесі 32,9% болса, 2025 жылы 40,9%-ға жетті. Оның ішінде шағын бизнестің үлесі 33,7%, орта бизнестің үлесі 7,2%.

Отырыста айтылғандай, мемлекет реттеуді цифрландыру мен әкімшілік рәсімді қысқарту жұмысы жалғасуда. 2025 жылы бизнесті тексеру 4,9%-ға төмендеді. Біліктілік талабына сәйкестікті тексеру 69,5%-ға, 1 173-тен 358-ге қысқарды. Жоспардан тыс тексеру 47 154-тен 46 884-ке дейін, басқа тексеру 4 993-тен 3 449-ға дейін азайды. Рұқсат беру жүйесін оңтайландыру жалғасуда. Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Ауыл шаруашылығы министрліктері жеке рұқсат құжатын беру мерзімін қысқартып, бұл кәсіпкерлерге 6-дан 18 күнге дейін үнемдеуге мүмкіндік берді. Есептілікті қысқарту да жүргізілуде. Қолданыстағы 192 ақпараттық құралдың 15%-ын да азайту ұсынылды. Қазірдің өзінде 79 құрал немесе жалпы көлемнің 40,7%-ы автоматтандырылды. Атап айтқанда, «Е-Қаржымині» жүйесінде 10 есептілік нысаны электрондық форматқа көшірілді. Отырыстағы тағы бір мәселе – азаматтарды электрондық жедел және тираждық лотереяларға шамадан тыс тарту тәуекелін азайтуға бағытталған заңнамаға түзетулер. Өзгеріс енгізуге азаматтардың мемлекеттік органдарға келіп түскен өтініші себеп болды. Туризм және спорт министрлігінің ақпараты бойынша, халықтың электрондық лотереяларда ірі қаржылық шығынға ұшырауы жиілеп кеткен (мысалы, Ақтөбе облысы мен Шымкент қаласының тұрғындары арасында айтарлықтай шығын фактісі тіркелді). Қазіргі уақытта елімізде осындай қызметті жүзеге асыратын 200-ден астам ұйым жұмыс істейді. Түзетулер арқылы «лофтпарктарда» электрондық тираждық лотерея ойыны арасындағы аралықты ұлғайту ұсынылды. Енді оны әр үш минут сайын емес, 30 минутта бір рет өткізу қажет.

Сонымен қатар белгілі бір уақыт аралығында лотерея операторынан сатып алынатын электрондық жедел лотерея билетінің санына да шектеу енгізіледі. Отырыс барысында агроөнеркәсіптік кешендегі құқықтық реттеуге ерекше назар аударылды. Облысаралық өнімді тасымалдау кезінде міндетті карантиндік сертификаттың жойылуына байланысты 2025 жылы карантиндік объектілердің бақылаусыз таралу қаупі туындады. 2023 жылы 158,5 млн теңге айыппұл сомасына 1 986, 2024 жылы 208,1 млн теңге сомасына 2 093 құқық бұзушылық анықталды. Түзетулер арқылы карантин енгізілген өнімді облысаралық тасымалдау кезінде карантиндік сертификатты қайтадан міндетті ету, ол болмаған жағдайда әкімшілік жауапкершілік тағайындау ұсынылады. Айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін 20 АЕК; лауазымды тұлға, шағын кәсіпкерлік субъектісі мен коммерциялық емес ұйымдарға 30 АЕК; орта кәсіпкерлік субъектілеріне 40 АЕК; ірі кәсіпкерлік субъектісіне 100 АЕК. Тағы бір шешім, жаңа егін жиын-терімі алдында астық қабылдау кәсіпорындарын жыл сайынғы тексеруді қайтару. Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ермек Кенжеханұлы атап өткендей, елде астық қабылдау кәсіпорындарын (АҚК) жүйелі тексеру 2018 жылдан бері жүргізілмеген. Оның айтуынша, бұл заңнамадағы өзгерістер мен жалпы тексеру жүргізудің тәсіліне байланысты. Қолданыстағы тәсіл астықты қабылдаудан бастап оны сақтау, кейіннен жөнелтуге дейінгі барлық технологиялық циклдің үздіксіз, кешенді мониторингін қамтамасыз ете алмайды. Нәтижесінде, соңғы бес жылда тексеру іс-шарасы тек төрт облыстағы кәсіпорында жүргізілген. Бұл дәнді дақылды кептіру мен сақтау кезіндегі технологиялық талаптың бұзылу қаупін едәуір арттырған.   2024 жылы 37 рет астық туралы заңнама талабын бұзу фактісі анықталып, 31 бизнес субъектісі жауапкершілікке тартылған. 2025 жылы осындай 11 мысал тіркеліп, төрт кәсіпорын жауапқа тартылды. «Астық туралы» заңға, Кәсіпкерлік кодексіне және әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске енгізілген түзетулерде астық қабылдау кәсіпорындарын жыл сайын міндетті түрде тексеру, сондай-ақ белгіленген талапқа сәйкес келмегені үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу көзделген. Реформа «QOLDAU» платформасында «АgriВonds» астық қолхаты жүйесінде тіркелген 189 бизнес субъектісіне әсер етеді. Бұл шара жаңа астықты қауіпсіз сақтап, үздіксіз қабылдауға мүмкіндік береді.

Комиссия ВАК отырысында қаралған мәселелерге реттеушілік әсерді талдау нәтижесін мақұлдады.

#Серік Жұманғарин #Цифрландыру #ШОБ #Экономика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу