Қ. Келімбетов АХҚО-ның аймақтық инвестхаб болып құрылуы туралы: барлық институттардың бірлескен жұмысы шығындарды оңтайландырады

Бүгін Үкіметтің баспасөз орталығында өткен баспасөз конференциясы барысында «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қайрат Келімбетов АХҚО базасында инвестициялық хабты құруға ықпал еткен алғышарттар туралы айтып берді.

АХҚО Қазақстанға инвестициялар тарту және еліміздің инвестициялық имиджін ілгерлету бойынша жұмыстарды үйлестіретін бірыңғай орталық ретінде айқындалды. Ол аймақтық инвестициялық хабқа айналады.

 

«Бұл мақсаттарға ешқандай қосымша бюджет қаражаты қажет емес және қарастырылмаған», — деді «Астана» халықаралық қаржы орталығының басқарушысы Қ. Келімбетов.

Оның айтуынша, керісінше, барлық үйлестіру институттарының бұл тығыз өзара іс-қимылы белгілі бір бюджет шығындарын оңтайландыруға әкеледі, бұл экономикаға ықпал етеді.

«Үкіметтің арнайы Жол картасын бекіту туралы шешімі қабылданып жатыр, ол бірқатар шараларды қарастырады: бұл заңнамалық актілерге белгілі бір түзетулер енгізу, халықаралық қаржы орталықтарымен көліктік байланысу және инфрақұрылым мәселелері, салықтық оңтайландыру мәселелері. Қазір түрлі салаларда жеңілдіктер өте көп. Қабылданған шешімнен ең үлкен тиімділік – бұл барлық қаржы институттарының бірлескен жұмысы», — деді Қ. Келімбетов.

Бүгінде АХҚО Еуразия аймағындағы елдермен, барлық әлемдік нарықтармен бәсекеге түсе алады.

«Қазіргі таңда инвестициялар дамыған елдерде қалып отыр, дамушы елдерде олар аз. Тіпті посткеңестік кеңістікте үлкен бәсекелестік бар, сондықтан бізге озық шешімдер қабылдау аса маңызды. Бүгінде Қазақстанның ауқымды артықшылықтары бар, себебі біз посткеңестік кеңістіктегі ағылшындық жалпы құқық қағидаттарында жұмыс істейтін экожүйені құрған бірден-бір елміз. Елбасы тапсырмасы бойынша ол үшін Конституцияға өзгерістер енгізілді. Мұның бәрі бізге инвестициялар тарту процесін жылдамдатуға мүмкіндік береді», — деді АХҚО басқарушысы.

Қ. Келімбетов АХҚО құру кезінде заңманалық тұрғыдан жаңа экожүйені құру аса маңызды болғанын атап айтты, себебі, әлемдік инвесторлар үшін ағылшындық жалпы құқық қағидаттары өте маңызды әрі таныс.

«2016 жылдан 2018 жыл аралығында дайындық жұмыстары жүргізіліп, барлық институттар құрылды. Бұл АХҚО соты және халықаралық төрелік орталығы. АХҚО-да ағылшындық жалпы құқық қағидаттарын басшылыққа алатын реттеуші жұмыс істейді, ол қаржылық шетелдік институттардың жұмысын бағалай алады және ең бастысы – Орталықтың қажетті қаржылық инфрақұрылымы бар. Елбасы тапсырмасы бойынша бастапқы капиталы $1 млрд болатын тікелей шетелдік инвестициялар қорын құру туралы шешім қабылданды. Мұндай қор АХҚО платформасында құрылып, онда биржа іске қосылды», — деді Қ. Келімбетов.

Қаржы орталығының басқарушысы өткен аптада алғашқы шетелдік эмитент листингі — ресейлік «Полиметалл» компаниясы айқындалғанын айтты. Компания 10 жылдан астам уақыттан бері Қазақстанда – Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында жұмыс істеп келеді, 2 мыңнан аса жұмыс орнын құрған.

«Бұл компания өзінің акцияларын орналастырды, бұл ең алғашқысы, көптеген инвесторлар үшін инвестициялық әлеуетке және халықаралық қаржы орталығының құзыретіне деген сенім белгісі болады деп ойлаймыз», — деп түйіндеді Қ. Келімбетов.   

Қ. Келімбетов АХҚО-ның аймақтық инвестхаб болып құрылуы туралы: барлық институттардың бірлескен жұмысы шығындарды оңтайландырады

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу