Қ. Өскенбаев сумен қамту инфрақұрылымын жаңғырту туралы: 15 жылда құбырлар 100% ауыстырылады

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Үкімет отырысының қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясы барысында тұрғындарды сапалы ауыз сумен және су бұру қызметтерімен қамту бойынша қабылданған шаралар туралы айтып берді.

Қ. Өскенбаев баяндағандай, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалалары үшін арнайы бағдарлама әзірленген, оның аясында жыл сайын қала маңындағы ауылдарды сапалы ауыз сумен қамту үшін 30 млрд теңгеден бөлініп отырады. Бұл жобаларды жүзеге асыру биыл басталып кетті.

Бірінші вице-министр 10,6 млн адам қала халқынан 10 млн адам бүгінгі таңда толыққанды орталықтандырылған сумен қамтылғанын айтты. Ауылдық жерлерде тұратын 7,7 млн адамнан 6,5 млн адам үшін орталықтандырылған сумен қамту жүйесі қолжетімді.

Тұрғындарының саны 200 адамнан аз болатын ауылдардағы 1,2 млн адам санитарлық нормаларға сай келетін сумен қамту қызметімен қамтылмаған. Қ. Өскенбаевтың айтуынша, ол жерлерге магистралды су құбырларын тарту тым көп шығынды талап етеді, мұны ешқандай мемлекет қамтамасыз ете алмайды. Бірақ, шағын болса да, ірі болса да, кез келген ауыл сумен қамтамасыз етілуі керек. Бұл ретте санитарлық нормаларға сай келетін сумен қамти алатын блок-модульдерді қою жоспарланған. Осылайша, 2 607 ауылдағы 1,2 млн адам сумен қамту қызметтерімен қамтамасыз етіледі. Бұл орайда, су әрбір үйге дейін жеткізіледі, ал әкімдік әрбір үйдің қанша көлемдегі суды тұтынатынын біліп отырады. 

Сонымен қатар ҚР ИИДМ су құбырларын 100% ауыстыруды көздеп отыр. Бұл құбырлардың тозуы мәселесін толық шешуге мүмкіндік береді. Бірінші вице-министр атап өткендей, су тарифі өзгермейді. 

«Суға тариф бар, біз оның 30%-ын монополистерге инвестициялық бағдарлама ретінде қалдыруды (құбырларды ауыстыру үшін) ұсынамыз, 70% – ағымдағы жөндеу жұмыстары мен әкімшілік шығындарға жұмсалады. Қазір есептеулер жүріп жатыр, түрлі пропорциялар болуы мүмкін. 15 жыл ішінде біз барлық құбырларды ауыстыруымыз керек. Бюджеттік бағдарлама бойынша әрбір үш жыл сайын құбырлардың 20% жаңартылып отырады. Осылайша, 15 жылда біз құбырларды 100% жаңартамыз. Құбырлардың жарамдылық мерзімі – 30 жыл», — деді Қ. Өскенбаев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу