Қазақстанда мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қарастырылған мемлекеттік қолдау шаралары

Қазақстанда көп балалы отбасылар мен мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға қандай қолдау шаралары қарастырылғаны туралы Рrimeminister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова айтып берді.

Еске сала кетейік, Nur Otan партиясының XVIII съезінде Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне әлеуметтік жұмыс орындарын ашу, көп балалы аналарға, көп балалы отбасыларға, мүмкіндіктері шектеулі балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға жекелеген гранттар, шағын несиелер бөлу мүмкіндіктерін қарастыруды тапсырды. С. Жақыпованың айтуынша, іске асырылып жатқан Өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында өзгерістер енгізу және аталған санатқа жекелеген квота бөлу көзделген.

«5 мыңға дейін көп балалы ана гранттармен қамтылады. Грант – 505 мың теңге көлемінде жаңа бизнес идеяларды іске асыруға өтеусіз негізде берілетін субсидия. Ауылды жерлерде көп балалы отбасыларды шағын несиелендірумен қамту жоспарда бар. Шағын несиелендіру сомасы 200 мың теңгеден 6,5 млн теңгеге дейін жетеді. Сондай-ақ, арнайы квота бөлу арқылы әлеуметтік жұмыс орындарын ашу көзделген. Жақын арада Бағдарламаға енгізілетін өзгерістер келісіледі. 1 шілдеге дейін оны іске асыру жоспарланған», — деді вице-министр.

Сонымен қатар, бүгінгі таңда еңбек заңнамасы көп балалы аналарды және кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар барлық аналардың жұмыс уақытын қысқарту, нормалау, түнгі жұмыстарға тарту мәселелерін де қорғауды қарастырады.

5 және одан артық бала туған және тәрбиелеген әйелдер зейнетке уақытынан бұрын — 53 жасында шығуға құқылы. Көп балалы ананың еңбек өтіліне 12 жастан аспайтын шегінде, үш жасқа дейінгі баланы күту кіреді. 

Бүгінде көп балалы аналар бірнеше заңнамалық актіге сәйкес мемлекеттік жәрдемақы алуға құқылы. Мәселен, көп балалы ананың әлеуметтік пакеті көп балалы аналарға төленетін мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыны (16160 тг), алтыншы баланың тууына байланысты бір реттік жәрдемақыны (159075 тг), бір жасқа жеткен алтыншы баланы күту бойынша ай сайынғы жәрдемақыны (22473 тг) қамтиды.

Сонымен қатар, Салық кодексінде жылжымайтын мүлік нысандарына, жылжитын мүлікке, оның ішінде көлік құралдарына салықты есептеуде, мемлекеттік баж салығын төлеуде бірқатар жеңілдіктер қарастырылған.

Мүмкіндігі шектеулі балалары бар отбасылар үшін бүгінде мемлекеттік бюджеттен тікелей баланың мүгедектігі бойынша мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар, сондай-ақ мүгедек баланы күту бойынша мемлекеттік жәрдемақы түріндегі төлемдер қарастырылған. Тұңғыш Президент – Елбасының тапсырмасымен 1 шілдеден бастап бұл жәрдемақылардың көлемі 30%-дан астамға көтеріледі. Егер бүгінде бұл сома 31183 теңге болса, 1 шілдеден бастап 41578 теңгеге жетеді.

Сонымен қатар, мемлекет тегін көрсетілетін әлеуметтік бейімдеу шараларын қарастырады.

Қазір Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүгедектігі бар азаматтардың өмір сүруін жақсарту бойынша Ұлттық жоспарды әзірлеп жатыр. Жоспар жеті бөлімнен тұрады, онда ерекшелігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін жекелеген шаралар көзделген. Бірінші кезекте, бұл – оңалту мәселесі.

«Министрлік электр жетегі бар кресло-арбаларды мұқтаж балалар үшін "Тыныс" АҚ-да мемлекеттік тапсырмамен орналастыру мәселесін қарастырып жатыр. Бұл отандық өндіріс және әрбір арба әр баланың жеке қажеттіліктерін ескерумен шығарылатын болады», — деді С. Жақыпова.

Әлеуметтік қызметтер порталы әзірленіп жатыр, онда ата-аналардың таңдауымен қызмет көрсету қарастырылатын болады. Яғни, егер балаға техникалық оңалту құралдары, әлеуметтік қызметкер қызметі, жеке көмекші қызметі қажет болса, онда ата-ана тиісінше өзінің қалауынша, мемлекеттік органмен келісусіз, қандай да бір қызметті таңдай алады. Негізгі пакеттер жергілікті атқарушы органдар деңгейлері мен республикалық деңгейде бірдей қамтамасыз етілетін болады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу