Қалдықтардың қалыптасу көлемі, логистика мен қажетті инфрақұрылымды тиімді орналастыру: Қалдықтарды басқару саласын инвестиция үшін қалай тартымды етуге болады

Үкімет отырысында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев инвесторларды тарта отырып, ірі қалаларда тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу зауыттарын салу бойынша атқарылған жұмыстың нәтижесі туралы баяндама жасады.

Әкімдіктердің мәліметінше, былтырғы 2023 жылы елімізде 4,1 млн тоннаға жуық коммуналдық қалдықтар түзілген, оның 1 млн тоннасы қалғаны полигондарда көмілген.

«Ірі 39 елді мекен бойынша ғана ғарыштық мониторингтің өзі былтырғы жылы 5 533 рұқсатсыз қоқыс үйіндісін анықтады, бұл қалдықтардың нақты көлемі есепке алынатын көлемінен әлдеқайда жоғары екенін көрсетеді. Коммуналдық қалдықтардың морфологиялық құрамы шамамен 70% пайдалы фракциялардан тұрады, атап айтқанда 16% пластик, 11% макулатура, 9% шыны, 37% органикалық қалдықтар, 27% тағы басқалары. Бұл көрсеткіштің өңірлерге байланысты айырмашылығы болуы мүмкін», — дедә министр.

Қалдықтардың шыны, пластик және макулатура сияқты негізгі түрлері бойынша қазіргі қайта өңдеу қуаттылығы төмен деңгейде екенін слайдтан көруге болады. Тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеп, дайын өнім алуды дамыту сапалы қайталама шикізатты талап етеді. Ол үшін қайта өңдеуге дейінгі барлық технологиялық операцияларды, яғни жинау, тасымалдау және сұрыптауды ретке келтіру қажет.

Үкімет қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландырудың жеңілдетілген тетігін бекітті, ол – қоқыс таситын көліктерді сатып алуға, сұрыптау желілерін және қайта өңдеу қуаттарын салуға бағытталған. Қаржыландыру Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы 3 жылдан 15 жылға дейінгі қарыз беру мерзімін және 3%-дық сыйақы мөлшерлемесін қарастырады. Бөлінетін қаражаттың жалпы мөлшері 3 жылға шамамен 200 млрд теңгені құрайды.

«Министрліктің жанынан құрылған Жобалық топ барлық әкімдіктермен және салалық бизнес өкілдерімен кеңестер мен кездесулер өткізді. Жобаларды қарау кезінде өңірлердегі коммуналдық қалдықтардың ағымдағы жағдайын талдауға және мәселелерді жүйелі түрде шешу тұрғысынан жобалардың тиімділігіне баса назар аударылды. Нәтижесінде 232,2 млрд теңге сомаға 94 жоба іріктелді. Жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде төсемтастар, люктер, қоқыс бактары, шыны таралары, стрейч пленкалар, көлік бамперлері сияқты халықтың басқа да тұтыну тауарлары шығарылатын болады», — деп атап өтті ведомство басшысы.

Қалдықтарды сұрыптау бойынша сұрыптау желілерін салу және жаңғырту бойынша өңірлермен 21 жоба пысықталды, олардың қуаттылығы жылына 3 млн тонна, ал құны 49,2 млрд теңгеден астам, оның ішінде жеке инвестициялар 10 млрд теңгені құрады. 

Жобаларды жүзеге асыру – сұрыптау желілерінің қуаттылығын қазіргі 1,7 млн тоннадан 4,7 млн тоннаға дейін жеткізуге және еліміздегі барлық өңірлердегі қалалар мен ірі елді мекендерді қамтуға мүмкіндік береді. Ақтөбе, Атырау және Абай облыстарында іске қосылмаған сұрыптау желілері бар, олардың жалпы қуаттылығы 300 мың тоннадан асады. Әкімдіктер объектілерді іске қосу бойынша шаралар қабылдау қажет.

«Қалдықтарды қайта өңдеу бойынша 45 жоба пысықталды. Жобалардың жалпы қуаттылығы жылына 1,2 млн тоннадан астам, ал құны – 171 млрд тенге, оның ішінде жеке инвестициялардың көлемі 34,3 млрд теңгені құрайды. Жобаларды жүзеге асыру қалдықтарды қайта өңдеу көлемін жылына 1,5 млн тоннаға дейін жеткізуге мүмкіндік береді», — деді спикер.

Оның айтуынша, биыл қайта іске қосылған ЭкоҚолдау бағдарламасы жұмыс істеп тұрған және жаңадан құрылатын зауыттарды шикізатпен қамтамасыз етуге ықпал жасайды. Төлемдер мамандандырылған ұйымдарға беріледі, биыл осы мақсатқа 7,6 млрд теңге қарастырылған.

Министр жоғарыда атап өтілгеніндей, қалдықтарды басқарудың маңызды бөлігі – жеткілікті деңгейде контейнерлер мен қоқыс таситын көліктермен қамтамасыз ету. Әкімдіктердің мәліметінше, бүгінгі күні елімізде 133 мың дана контейнер бар, ал қосымша қажеттілік 60 мың дананы құрап отыр.

«Ірі қалаларда 1681 қоқыс таситын көлік қызмет етеді, қосымша қажеттілік шамамен 900 дананы құраса, оның 223 данасы инвестициялық жобаларда ескерілді. Контейнерлер мен қоқыс таситын көліктер жергілікті бюджет пен жеке инвестициялар есебінен сатып алынуы тиіс. Қызылорда және Жетісу облыстарының тәжірибесін атап өткім келеді. Бұл өңірлерде жобалар облыс орталығында ғана емес, аудандарда да пысықталды. Шешім қабылдау барысында қалдықтардың қалыптасу көлемдеріне, логистика мен қажетті инфрақұрылымды тиімді орналастыруға басты назар аударылды. Бұндай тәсілді өзге өңірлерге де таратуды ұсынамын», — деді Ерлан Нысанбаев.

Ол барлық жобалар жергілікті атқарушы органдармен келісілгенін және жақын арада Өнеркәсіпті дамыту қорының қарауына жолданатынын айтты. Сондықтан әкімдіктерге әр жобаны іске қосылғанға дейін бақылауда ұстауын, Өнеркәсіпті дамыту қорына жобаларды қарау мерзімдерін қысқартуды тапсыруын сұрады.

«Баянадаманың басында атап өткенімдей, барлық коммуналдық қалдықтардың ішінде органикалық қалдықтардың үлесі 37%-ды құрайды. Органикалық қалдықтардан баламалы энергия алу жөніндегі жобалардың инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында энергетика және экология министрліктеріне бірлесе отырып, оларды жүзеге асыру тәсілдерін қайта қарау ұсынылады», — деп қорытындылады сөзін экология және табиғи ресурстар министрі.

#Инвестициялар #Экология #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу