Қанат Шарлапаев: Қазақстанда ірі кәсіпорындар төңірегінде ШОБ белдеуін құру жөніндегі норма заңмен бекітіледі

Үкімет отырысында ҚР өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев моноқалалар экономикасын әртараптандырудың маңыздылығы туралы айтты.

Министрдің мәліметінше, бүгінгі таңда 14 моноқалада 1,5 мыңнан астам кәсіпорын тұрақты жұмыс істейді. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл кәсіпорындар 18,5 трлн теңгеге өнім шығарды. Бұл республика бойынша 40%-ды құрайды.

«Жаңа инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға ерекше назар аударылуда. Өткен жылы 268 млрд теңгені құрайтын 8 жоба іске қосылды. 800 жуық жаңа жұмыс орны құрылды», — деді Қ. Шарлапаев.

Мәселен, «Богатырь Көмір» кәсіпорнында көмірді тасымалдаудың жаңа технологиясы іске қосылды. Аталған жоба 7 мыңға жуық жұмысшының еңбек ету жағдайын жақсартып, көмір өндіру көлемін 50 млн тоннаға дейін арттырады.

Биыл құны 100 млрд теңгені құрайтын 4 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді.

«Моноқалалардағы ірі кәсіпорындардың айналасында шағын және орта бизнес белдеуін құруға тоқталғым келеді. Егер бұрын бұл жұмыс ерікті негізде жүргізілсе, қазір біз ірі кәсіпорындар айналасында шағын кәсіпорындар белдеуін құру және олармен ұзақ мерзімді офтейк-келісімшарттар жасасу міндетін заңнамада бекітеміз», — деп мәлімдеді спикер.

Мәселен, бүгінде ірі тапсырыс берушілер мен моноқалалардағы отандық өндірушілер арасында 24,5 млрд теңгеге 20 ұзақмерзімді шарт және 47,3 млрд теңгеге 13 офтейк-келісімшарт жасалған. Қолданыстағы тетік аясында моноқаладағы бірқатар кәсіпорындар шикізаттың қажетті көлемін тиімді бағамен алу үшін жеткізушілермен келісім-шартқа отырды. Қазіргі уақытта бұл механизм жетілдіріліп жатыр.

Министрдің айтуынша, моноқалаларды дамытуға қосымша инвестиция тарту мақсатында геология саласында бірқатар жұмыстар жүргізіліп отыр. 

2020-2022 жылдар аралығында жүргізілген мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелері бойынша моноқалалар маңында болжамды құны 1,1 трлн теңгені құрайтын ресурстар табылған. Сонымен қатар моноқалалардың төңірегін барлауға 28,7 млрд теңге көлемінде жеке инвестициялар тартылды.

«Биыл Абай, Курчатов, Балқаш, Алтай қалаларында 5 перспективалы учаскеде геологиялық барлау жұмыстарын аяқтауды жоспарлап отырмыз. Бұған дейін Саран қаласының дамуын мысалға ала отырып, моноқалалар экономикасын әртараптандырудың маңыздылығы атап өтілді. Ендігі кезекте Екібастұз қаласын дамытуға тоқталсақ. Екібастұзды дамыту 3 ірі бағытқа негізделеді. Бұлар – энергетика, металлургия және темір жол өнімдерін өндіру кластерлері», — деп атап өтті Қанат Шарлапаев.

Металлургия саласында Индустриалды аймақ құру туралы шешім қабылданып, серіктес ретінде «Mineral Product» кәсіпорны тартылды. Бұл жерде ферроқорытпа, болат және темір өндіру зауыттары салынады. Құрылыс кезеңінде 800 жұмыс орны, ал пайдалану кезеңінде 4 мың жұмыс орны ашылады, оған 100 млрд теңгеден астам инвестиция тартылады. 

Темір жол кластерін құру шеңберінде «RailCast Systems» компаниясының «локомативтерге арналған бандаждар өнірісі» жобасы басталды. 75 млрд теңге инвестиция тартылып, 700 жұмыс орны ашылады.

Моноқалаларда тұрғын үй кезегінде 43,5 адам тұр. 2023 жылы республика бойынша барлығы 10,7 жалдамалы пәтер, оның ішінде моноқалаларда 673 пәтер сатып алынды. Осы себепті, азаматтарды тұрғын үймен әділ қамтамасыз ету үшін, 2023 жылдың аяғында әкімдіктерге қаражатты аудандар мен қалалар арасында кезекте тұрғандар санына қарай бөлу талабы енгізілді.

Сондай-ақ «Отбасы банкінің» қайтарылатын қаражаты есебінен моноқалаларда, аудан орталықтарында және ірі ауылдарда екінші нарықтан баспана алу үшін кемінде 2 мың несие беру жоспарланып отыр.

Өнеркәсіп және құрылыс министрінің келтірген мәліметіне сүйенсек, өңірлік бағдарламалар аясында 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «Отбасы Банкі» Ақсу, Теміртау және Аягөз қалаларының 3 әкімдігімен ынтымақтастық туралы келісімдер жасасқан.

Тағы, ұжымдық ипотекалық бағдарламалар аясында 5 үлкен кәсіпорынмен жұмыскерлерге жалға берілетін тұрғын үйді сату бойынша ынтымақтастық туралы келісімдер жасалды.

«Бүгінгі таңда 5 моноқалада ауыз сумен қамту деңгейі 91%-дан жоғары. Олар 2025 жылдың соңына дейін 100% қамтамасыз етілетін болады. Моноқалалардағы жылу желілерінің жалпы ұзындығы 2,8 мың шақырымды құрайды. 2023 жылы 173 шақырым жылу желілері жөнделді. Биыл 57,6 шақырым желіні жөндеу жоспарланған», — деді министр.

Сонымен қатар Қанат Шарлапаев бүгінде әкімдіктер 18 моноқалада кәріздік тазарту құрылыстарын салу және қайта жаңарту бойынша жобалық құжаттаманы әзірлеп жатқанын, жобалар Републикалық бюджет, «Бәйтерек» холдингі және халықаралық қаржы ұйымдары есебінен қаржыландырылатынын айтты.

#Инвестициялар #ШОБ #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу