Кәсіпкерлікті дамыту үшін шағын қаржы ұйымдарының халыққа несие беруге қатысуы жандандырылады — С. Шәпкенов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың 26.01.2021 жылы өткен Үкіметтің  кеңейтілген отырысында халықты әлеуметтік қорғау саласында берген тапсырмаларын іске асыру туралы мәселе қаралды. Осы бағытта қабылданып жатқан шаралар туралы отырыс барысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов  баяндады.

Кеңейтілген отырыста кәсіпкерлікті дамыту үшін микроқаржы ұйымдарының халыққа несие беруге қатысуын жандандыру бөлігінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасының тетіктерін жетілдіру жөнінде шаралар қабылдауды тапсырды. Жұмыспен қамтудың жол картасы бойынша жұмысқа орналастырылғандар туралы ақпаратты автоматты түрде қайта тексеру тәсілдерін енгізуді тапсырды.

С. Шәпкенов атап өткендей, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында 2021 жылғы наурыздың айының соңына дейін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына мемлекеттің және «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының қатысуымен микроқаржы ұйымдарын құру бөлігінде өзгерістер енгізілетін болады. МҚҰ соңғы қарыз алушыларға жылдығы 6%-дан аспайтын номиналды сыйақы мөлшерлемесімен шағын несие беретін болады. 

Қазіргі уақытта жоба мемлекеттік органдармен келісілуде.

Бұл ретте, жергілікті атқарушы органдар және «Атамекен» ҰКП тұрақты негізде қарыз алушылардың жобаларын сүйемелдеу мен өндірілген өнімді сатуды ұйымдастыруды және тұрғындарға шағын несие беру бойынша микроқаржы ұйымдарына мониторинг жүргізуді қамтамасыз етуі қажет.

Министрдің айтуынша, сонымен қатар, жұмыспен қамту мен кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа тәсілдер мен тетіктерді қарастыра отырып 2022-2026 жылдарға арналған Еңбек 2.0 Ұлттық жобасы әзірленетін болады.

«Ағымдағы жылы Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу, жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру және шағын несиелендіру толығымен қайта қаралып жаңа тәсілдер әзірленді», — деді С. Шәпкенов.

Министрдің айтуынша, осы жылға 27 мың жұмыс орнын құра отырып, 331 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру жоспарланып отыр, оның 40%-ы немесе 10 мыңнан астамы жұмыс орны — тұрақты жұмыс орындары.

 

Жұмысқа орналастырылғандар туралы ақпаратты автоматты түрде қайта тексеру механизмін енгізу

С. Шәпкенов атап өткендей, тамыз айының соңына дейін қаржы және индустрия министрліктері міндетті зейнетақы жарналарын төлеу, салық төлеу, сондай-ақ қазақстандық үлесті тексеру үшін автоматтандырылған бақылау орнату бөлігінде ақпараттық жүйелерін жетілдіруді жоспарлап отыр. 

Өз кезегінде еңбек министрлігі тарапынан бір адамды қайта-қайта енгізуге жол бермеу және еңбек келісімшарттарын тіркеу бойынша ақпараттық жүйені жетілдіру бойынша жүмыс жүргізіледі.

Осы орайда, жергілікті атқарушы органдар қарастырылған шараларды іске асыруды қатаң бақылауға алуды және тексеруші органдардың міндетті зейнетақы жарналарын, салық төлемдерін растау бойынша өзара іс-әрекетін қамтамасыз ету керек.

«Жоғарыда аталған барлық шаралар Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру шеңберінде нақты жұмыс орындарын құруға бақылауды күшейтуді және ашықтықты арттыруға  мүмкіндік береді», — деді С. Шәпкенов. 

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу