14 Қыркүйек 2026, 20:52
Сеулде ҚР Премьер-министрінің орынбасары – жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Оңтүстік Кореяның ғарыш саласындағы негізгі компанияларының бірі - CONTEC Space Group компаниясының құрастыру-сынау кешеніне барды. Компанияның басқарма төрағасы Ли Сонхимен кездесуде бірлескен технологиялық және инвестициялық жобалардың перспективалары талқыланды.
Келіссөздер барысында CONTEC компаниясының «Ғалам» жобасына инвестиция салу жоспарлары, спутниктер мен олардың компоненттерін бірлесіп өндіру, сондай-ақ жерүсті стансаларының желісін дамыту мүмкіндіктері қаралды.
Перспективалы бағыттардың бірі Қазақстанда спутник компоненттерін шығарып, кейін оларды Орталық Азия, Таяу Шығыс және Еуропа нарықтарына жеткізетін өндірістік хаб құру. Сондай-ақ ірі габаритті жерүсті антенна жүйелерінің өндірісін локализациялау мәселесі қарастырылуда.
Жасанды интеллектіні қолдана отырып, спутниктік суреттерді өңдеу технологияларын дамытуға да ерекше назар аударылды. ЖИ қолдану Жерді қашықтан зондтау деректерін талдау және оларды практикалық міндеттерді шешуге пайдалану мүмкіндіктерін кеңейтеді.
CONTEC Space Group құрамына CONTEC, Asia Pacific Satellite Corporation және Texas Space Communication компаниялары кіреді. Топ Оңтүстік Кореяның мемлекеттік спутниктеріне арналған борттық компьютерлерді жеткізеді және әлем бойынша, соның ішінде Чили, АҚШ, Оңтүстік Африка Республикасы мен Австралияда орналасқан 17 жерүсті стансасын басқарады.
Алдағы уақытта Қазақстанда CONTEC еншілес компаниясын құру жайы және әріптестік шарттарын одан әрі пысықтау мәселесі қарастырылмақ. Ынтымақтастықтың егжей-тегжейін Қазақстан Республикасы Президентінің Корея Республикасына мемлекеттік сапары барысында таныстыру жоспарлануда.
Талқыланып жатқан бастамаларды жүзеге асыру қазақстандық кәсіпорындардың ғарыш техникасын өндіру мүмкіндіктерін кеңейтуге, спутниктік деректерді өңдеу құзыреттерін дамытуға және жаңа экспорттық нарықтарға шығуға ықпал етеді.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу