01 Қазан 2026, 14:15
Астанада Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин мен Өзбекстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев екіжақты кездесу өткізді. Жиында тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту, өзара сауданың өсуі және Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы Жол картасын жүзеге асыру мәселелерін талқылады.
Кездесуді ашқан Серік Жұманғарин екі мемлекет басшылары арасындағы уағдаластықтарды жүзеге асыру бағытындағы сындарлы ұстанымы мен жүйелі жұмыстары үшін Өзбекстан Үкіметіне алғысын білдірді.
«Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің Астанаға сапары және Үкіметаралық комиссияның 23-ші отырысы біздің стратегиялық әріптестігіміздің берік негізін айқындады. Бүгінде бізде нақты уағдаластықтар мен бірлескен жұмыс жүргізіліп жатқан Жол картасы бар», — деп атап өтті Қазақстан Премьер-министрінің орынбасары.
Екі елдің сауда-экономикалық байланысы өсіп келеді. 2026 жылғы жеті айдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы өткен жылғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 29,8%-ға артып, $3,25 млрд-қа жетті.
Екі ел алдында $10 млрд-тық тауар айналымына шығу міндеті тұр. Осы мақсатқа жету үшін өзара сауданы дәйекті түрде кеңейту және бірлескен жобаларды жүзеге асыруды жеделдету маңызды.
Өзбекстан Премьер-министрінің орынбасары Жамшид Ходжаев өз кезегінде екі ел арасындағы қарым-қатынастар дамуының оң динамикасын атап өтті. Ол Қазақстан Өзбекстан үшін бауырлас ел әрі сенімді әріптес екенін атап өтті. Тараптар өзара сауда мен инвестицияны дәйекті түрде арттыруда, көлік тасымалы көлемін ұлғайтуда. Өзбекстан Қазақстанмен кең ауқымды бағыттар бойынша ынтымақтастықты одан әрі дамытуға мүдделі.
Жиын соңында тараптар сауда-экономикалық өзара іс-қимылды кеңейту, бірлескен инвестициялық жобаларды ілгерілету және қол жеткізілген уағдаластықтарды жүзеге асыру жөніндегі жұмысты жалғастыруға уағдаласты.


Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу