16 Қазан 2026, 13:25
Үкіметте Премьер-министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің төрағалығымен Орнықты даму мақсаттары (ОДМ) жөніндегі Үйлестіру кеңесінің ХІ отырысы өтті. Талқылауға БҰҰ өкілдері, орталық мемлекеттік органдар мен облыс әкімдіктерінің басшылары қатысты.
Кездесуді аша отырып, Серік Жұманғарин Қазақстанның жаһандық орнықты даму күн тәртібіне жоғары бейілділік танытып, Орталық Азиядағы көшбасшы мәртебесін бекіткенін және халықаралық қоғамдастықтағы позициясын нығайтқанын атап өтті.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әлденеше рет назар аударғандай, ОДМ-ны жүзеге асыру біздің ұлттық басымдықтарымызбен тікелей байланысты. Президент БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-ші сессиясында сөйлеген сөзінде Қазақстан орнықты даму міндеттерін мемлекеттік жоспарлау мен бюджетті қалыптастыруға біріктіргенін атап өтті. Осы бағдарларға қол жеткізуде біз халықаралық ұйымдармен ынтымақтастықты нығайтуға ерекше мән береміз», — деді вице-премьер.
БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Саранго Раднаарагча ОДМ бойынша жыл сайынғы ұлттық есепті дайындаудың, бюджеттік жоспарлауды орнықты даму міндеттерімен байланыстырудың және өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңыздылығы туралы айтты. Ол сондай-ақ климаттың өзгеруі және су ресурстарын басқару мәселесіндегі Қазақстан мен БҰҰ-ның бірлескен жұмысына назар аударды.
БҰҰДБ-ның Қазақстандағы Тұрақты өкілі Катаржина Вавьерниа елімізде ОДМ-ды мемлекеттік жоспарлау жүйесіне біріктіруде ілгерілеушілік барын ерекше атап өтті. Оның айтуынша, келесі маңызды қадам – ұлттық басымдықтарды әр өңірдің ерекшелігіне бейімдеу, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту және аумақтардың экономикалық әлеуетін ашу.
Ол сондай-ақ Еуропалық Одақтың қолдауымен жергілікті өзін-өзі басқару реформасына жәрдемдесу жөніндегі үш жылдық бастаманың іске қосылғаны туралы хабарлады. Жоба Ұлттық экономика министрлігімен және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бес өңірде: Абай, Жетісу, Түркістан, Маңғыстау және Қостанай облыстарында жүзеге асырылады. Бастама жергілікті экономиканы ынталандыруға, өңірлердің әлеуетін нығайтуға, жұмыспен қамтуды кеңейтуге және халықтың табысын арттыруға бағытталған.
Қатысушылар отырыста ОДМ-ға қол жеткізудің аралық көрсеткіштерін қарастырып, алдағы перспективаларды талқылады.
Қазақстанның негізгі нәтижелерінің арасында «Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесімен қамтылған халықтың үлесі» ОДМ индикаторына қол жеткізудегі оң динамика атап өтілді. Егер 2025 жылдың қорытындысы бойынша оны алушылар 54,4 мың отбасы болса, қазіргі уақытта олардың саны 41,3 мың отбасына азайды.
Қызылорда облысында инклюзивті білім беру үшін жағдай жасалған мектептердің үлесі 99,3%-ға жетті. Бұдан бөлек, үш ауысымды және апаттық мектептер мәселесі толық шешілді.
Жетісу облысында өңірді газдандыру аясында Кербұлақ ауданынан Талдықорған қаласының маңындағы аймаққа дейіна 110 елді мекен газбен қамтамасыз етілді. Айта кетсек, 2022 жылы мұндай елді мекен саны тек бесеу болатын. Облысты газдандыру деңгейі 67,2%-ға жетіп, 467 мың адам газбен қамтылды. Биыл тағы 16 елді мекенді газдандыру жоспарлануда. Нәтижесінде облысты газдандыру деңгейі 72%-ға жетеді.
Алға қойған бағыттың бірі Орнықты даму мақсаттарының жүзеге асырылуын тұрақты мониторингтеу мен бағалаудың тұтас ұлттық жүйесін қалыптастыру болмақ. Индикаторларды жергілікті деңгейде бейімдеу жұмысы жалғастырылады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу