Kazakh Tourism: Қазақстан туризмнің әлемдік картасында жаңа бағыт ретінде ілгерілейді

Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында Қазақстанның бай табиғи және мәдени әлеуетін пайдалану үшін ішкі және сырттан келушілер туризмін дамытуға ерекше көңіл бөлуді тапсырды. PrimeMinister.kz-ке берген эксклюзивті сұхбатында қазақстандық туризмді дамыту бойынша қандай жұмыстар атқарылып жатқаны туралы Kazakh Tourism ҰК басқарма төрағасы Рашид Күзембаев айтып берді.

2018 жылы атқарылған жұмыстар нәтижесінде сырттан келушілер туризмі 10%-ға және ішкі туризм 5%-ға өсті. Басқарма төрағасының айтуынша, 2017 жылғы аса жоғары көрсеткішке қарамастан, осындай өсімге қол жеткізілді.

Алдын ала деректер бойынша, 2018 жылы Қазақстанға 8 488,3 мың адам келген, бұл 2017 жылға қарағанда 10,2%-ға жоғары және 2015 жылдың көрсеткіштерімен салыстырғанда өсім 32%-ды құрады.

БАӘ (50%), Үндістан (49%), Малайзия (44%), Гонконг (22%), Польша (16%), Оңтүстік Корея (15%) және АҚШ (5,8%) секілді мақсатты елдерден келушілер саны артқаны байқалады. Сонымен қатар, Германия, Ұлыбритания және басқа да бірқатар елдердің азаматтарының келу көрсеткіші бастапқы деңгейде сақталған.

Елбасы 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» Жолдауында туризмді дамыту бойынша жекелеген салалық мемлекеттік бағдарлама әзірлеуді тапсырды.

Kazakh Tourism басқарма төрағасы Рашид Күзембаевтың айтуынша, бағдарлама аяқталу сатысында тұр және алдағы 3–4 ай ішінде бағдарлама толықтай дайын болады. Бұдан өзге, туризм бойынша заң жобасы әзірленді, ол да келісу сатысында тұр және жарты жыл ішінде ҚР Парламентіне ұсынылады.  

«Мемлекеттік бағдарлама туристік бағытты қалыптастыру мен ілгерілетудің 6 негізгі бағытынан тұрады. Мемлекеттік бағдарламаның жобасында біз Қазақстанның туристік брендін ілгерілету стратегиясының негізгі ережелерін көрсеттік. Аталған құжаттың қабылдануы Қазақстанның туризмнің әлемдік картасында жаңа туристік бағдар ретінде жүйелі дамуына жол ашады. “Kazakh Tourism” ұлттық компаниясы тиісті ресурстар мен өкілеттік алатын елдік бренд-менеджерге айналады. Сондай-ақ, ілгерілету процесіне мәдениет және спорт, сыртқы істер, ақпарат және коммуникациялар министрліктері, жергілікті атқарушы органдар, “Атамекен” ҰКП, бизнес пен жұртшылық секілді барлық қызығушылық танытушы тараптар қатысуы тиіс деп есептейміз. Осылайша, Қазақстанда туризмді тиімді әрі тұрақты дамытуға мықты негіз құрамыз», — деді Р. Күзембаев.

Басқарма төрағасының айтуынша, мақсатты аудитория түйіні — бүгінде туризм мен саяхаттау трендтерін қалыптастырып жүрген миллениалдар (Y буыны), сондай-ақ, Z буынының өкілдері. Осыны ескере отырып, ілгерілетуде негізгі басымдық цифрлық арналарға жасалады.

«Ілгерілету стратегиясы үш кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде мақсатты елдердің алғашы екі тобын назарға ала отырып, ұлттық туристік бренд пен суббрендтер белсенді түрде ілгерілейтін болады. Екіншісінде – негізгі туристік өнімдерге жасалатын жарнамаға басымдық беріледі. Ал үшінші кезең – перспективалық нарықтармен жұмыс және мақсатты елдер санын кеңейтуге қатысты жасалатын белсенді жұмыс», — деді Р. Күзембаев.

Бұдан өзге, маркетингтік коммуникация тиімділігін арттыру үшін Мемлекет басшысы атап көрсеткен үздік басым туристік аумақтарды ілгерілетуге аса көңіл бөлінеді, олар: Алматы тау кластері, Астана, Щучинск–Бурабай шипажай аймағы, Түркістан, Алакөл, Маңғыстау, Баянауыл, Балқаш және Шалқар–Имантау курорттық аймағы.

Айта кету керек, өткен жылы Мәдениет және спорт министрлігі «Kazakh Tourism» ҰК» АҚ-мен және облыстардың әкімдіктерімен бірлесіп, Қазақстанның туристификация картасын қалыптастыру мен аса маңызды туристік нысандарды іріктеу бойынша ауқымды жұмыстар жүргізді, оған жұмыс қорытындысы бойынша 60 нысан мен бағыт кірді. Нысанның туристік магнит ретіндегі бірегейлігі мен туристер ағынын арттыру әлеуетінің болуы іріктеу белгілері болды. Бұған қоса, олардың тарихи-мәдени маңызы ескерілді. Бұл нысандар арасында республикалық ауқымдағы үздік 10-ына басымдық берілді, олар туристер ағынын түбегейлі арттырып, туризмнің экономикаға тигізер үлесін ұлғайтады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу