Қазақстан Швейцария нарығына экспорттық тауарларды жеткізуді $500 млн-ға арттыруға дайын

Астанада Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі қазақстан-швейцария комиссиясының 11-ші отырысында тараптар екіжақты өзара тиімді ынтымақтастықты күшейту мүмкіндіктерін талқылады. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин, швейцариялық делегацияны – елші,  Сауда келісімдері жөніндегі федералды кеңестің комиссары, SECO басқарма мүшесі, Екіжақты қатынастар департаментінің басшысы Эрвин Боллингер басқарды.

Швейцариялық бизнес Қазақстанда белсенді жұмыс істеуде. Олар негізінен Philip Morris International (темекі өнеркәсібі), Glencore International (ТМК), Roche Holding (фарма), SGS (сертификаттау) немесе ABB (электротехника), Bühler Group (машина жасау) және т. б. сияқты салалық флагмандар. Елімізде Швейцария капиталының қатысуымен барлығы 300-ге жуық компания жұмыс істейді.

Серік Жұманғарин дипломатиялық қатынастар орнаған сәттен бастап 30 жыл ішінде екі ел ашық саяси диалогқа және оны одан әрі нығайтуға мүдделі екенін дәлелдеп келе жатқанын атап өтті. Қатынастар өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастық аясында дамып келеді.

«2022 жылдың қорытындысы бойынша елдеріміз арасындағы тауар айналымы $1,4 млрд құрады. Қазақстан мен Швейцария сияқты мемлекеттер үшін мұндай тауар айналымы онша көп емес. Біз экспортқа дайын әлеуетті тауарларымызға талдау жасадық, қолданыстағы тізбені $546,4 млн сомасына тағы 90 тауар позициясына кеңейтуге дайынбыз. Швейцариялық тауарлардың жоғары сапасын ескере отырып, біз премиум сегменттің тауарларын ұсынуға дайынбыз: уылдырық, балық, бал, шарап және арақ өнімдері. Біз Еурокомиссиямен белсенді жұмыс жүргізіп жатырмыз, балық өнімдерінің экспорты келісілді, бал экспорты талқылануда. Жұмыс топтарында біз ЕО нарығына қазақстандық уылдырықтың  жеткізілімін сертификаттау мәселесін көтердік», — деді Серік Жұманғарин. 

Отырыс барысында тараптар өзара мүдделі екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады: сауда-саттық және инвестициялар, бірлескен жобалар, ауыл шаруашылығы, авиация, энергетика, техникалық реттеу, стандарттау және метрология, білім және ғылым, зияткерлік меншік салаларындағы ынтымақтастық, сондай-ақ венчурлік инвестицияларды тарту. Үкіметаралық комиссия отырысының қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Швейцария нарықтарына жеткізілуі мүмкін әлеуетті экспорттық тауарлардың тізімдерімен алмасуға және тұрақты негізде екі елдің бизнес-топтары арасында әріптестер іздеу және жеткізілімдерді жолға қою жөнінде жұмыс жүргізуге уағдаласты. 

Швейцария Нидерланды мен АҚШ-тан кейін Қазақстанның топ-3 инвесторының қатарына кіреді. Қазақстанға швейцариялық тікелей инвестициялар көлемі 2005 жылдан бастап $31 млрд-тан асты. Екі ел арасындағы тауар айналымы 2022 жылы $1,4 млрд-қа жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 6,4%-ға өсті ($1,3 млрд).

#Сауда #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық #ҚР Сауда және интеграция министрлігі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу