Қазақстан мен Қырғызстан индустриялық сауда-логистикалық кешен құру туралы келісімге қол қойды

Астана халықаралық форумы аясында Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин мен Қырғыз Республикасының экономика және коммерция министрі Данияр Амангелдиев Қазақстан мен Қырғызстан шекарасында индустриялық сауда-логистикалық кешен құру және реттеу туралы келісімге қол қойды.

Серік Жұманғарин атап өткендей, үкіметаралық келісімге қол қою бойынша дайындық жұмыстары бірнеше жыл бойы жүргізілді.

«Бұл біздің экономикалық және тату көршілік қарым-қатынастарымызды дамыту жолындағы қосымша қадам, Қазақстан мен Қырғызстан бизнесі үшін орасан зор серпіліс. Келісім бірнеше жыл бойы дайындалды, егжей-тегжейлері нақтыланды, инвесторлар анықталды, әртүрлі тараптан көптеген мемлекеттік органдар тартылды. Сондықтан кездесудің бүгінгі нәтижесі – тарихи сәт», — деді С. Жұманғарин. 

Сауда-логистикалық кешенді құру өңірдегі өндірістік кооперацияны дамытуға, өзара тиімді ынтымақтастықты кеңейтуге, жаңа технологияларды тартуға, логистика мен инфрақұрылымды жақсартуға ықпал етеді.

«Индустриялық сауда-логистикалық кешеннің құрылысы біздің сауда-экономикалық байланыстарымызды нығайтуға, өзара тауар айналымын ұлғайтуға жаңа серпін береді. Біздің алдымызда тек сауда көлемін ғана емес, индустриялық кооперацияны да арттыру міндеті тұр. Қазірдің өзінде ИСЛК жобасын жүзеге асыру үшін инвестор анықталды. Жақын арада Қырғызстан мен Қазақстанның тауар айналымы екі есеге артады деп күтеміз», — деп Данияр Амангелдиев жоспарларымен бөлісті.

Айта кетейік, бүгін таңда Қазақстан мен Қырғызстанның өзара саудасы $2 млрд-тан асады. 

Кешенді Қарас және Ақтілек өткізу пункттерінің жанында орналастыру жоспарлануда, ол өндірістік алаңдардан, тауарлар мен жабдықтарды сақтауға арналған қоймалардан, сондай-ақ көлік инфрақұрылымынан тұратын болады. Бұл жүктерді жеткізуді жеделдетуге және логистикалық шығындарды азайтуға мүмкіндік береді.

Қол жеткізілген келісім ИСЛК құқықтық мәртебесі мен функцияларын бекітеді.

Сауда-логистикалық кешеннің қызметі өнімді жинау, сақтау, қайта өңдеу, жаңа тауарлар шығару және оларды одан әрі сату саласындағы өндірістік кооперацияны қамтамасыз етеді. ИСЛК базасында қысқа мерзімді сақтау, логистика, сауда орындарын жалға алу, сату алдындағы дайындық, тауарларды көтерме партиялар, тиеу және түсіру, экспорттық-импорттық операциялар бойынша құжаттаманы ресімдеу, заңдық және қаржылық консультациялар бойынша шоғырландыру және қайта бөлу қызметтері көрсетілетін болады.

#Сауда #Серік Жұманғарин #Халықаралық ынтымақтастық

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу