Қазақстан Әзербайжанға $304 млн астам сомаға шикізаттық емес тауарлар жеткізбек

Әзербайжан астанасы Баку қаласында Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан үкіметаралық комиссиясының 19-шы отырысы ашылды.

Кездесудің мақсаты – достас мемлекеттердің жаңа жобаларын жүзеге асыру арқылы екі ел арасындағы байланысты кеңейту. Қазақстандық делегацияны Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин басқарды.

Әзербайжан – Қазақстанның Оңтүстік Кавказдағы негізгі сауда-экономикалық серіктесі. 2022 жылы екі мемлекет сауда-экономикалық саладағы өзара іс-қимылдың жоғары деңгейін сақтады, осы кезеңде тауар айналымы $461 млн-нан асты. Бұл ретте тауар айналымының өсуі 2021 жылға қарай 39%-ды құрады, оның ішінде экспорт 30,4%-ға ($287,9-дан $375,3 млн-ға дейін), импорт екі есеге жуық ($44,4-тен $86,6 млн дейін) өсті.

Қазақстанда Әзербайжан капиталының қатысуымен 1195-тен астам кәсіпорын және 210 бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Қазақстан экономикасына салынған Әзербайжан инвестицияларының көлемі $365 млн-нан асады.

Сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Әзербайжан үкіметаралық комиссиясының пленарлық отырысында әріптестерін құттықтай отырып, Қазақстан делегациясының басшысы, ҚР Премьер-Министрдің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин қонақжайлылық танытқан әріптестеріне алғысын білдіріп, елдер арасындағы өзара іс-қимыл векторы Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әзербайжанға ресми сапары аясында 2022 жылғы тамызда қол қойылған Сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісіммен және ынтымақтастықты дамытудың 2022-2026 жылдарға арналған кешенді бағдарламасымен айқындалатынын атап өтті.

«Бүгін біз Әзербайжан нарығына $304 млн астам сомаға қазақстандық шикізаттық емес тауарлардың 110 түрін жеткізуді пысықтап жатырмыз, олар металлургия, мұнай химиясы, тамақ өнеркәсібі, машина жасау, фармацевтика, құрылыс тауарлары өнімдері, олардың динамикасын тұрақты негізде қадағалап, кейбір топтар бойынша жақсы өсімді көріп отырмыз. Әзербайжанға экспортты ұлғайту, оның ішінде жүк және жүк-жолаушылар кемелері мен паромдарды, рельстерді және басқа да дайын өнімдерді жеткізу есебінен қамтамасыз етілді», — деді Серік Жұманғарин.

Серік Жұманғарин тауар айналымының оң динамикасына тоқтала отырып, Әзербайжанмен дәстүрлі экспорт-импорт баптарынан басқа, қазір тауар айналымы құрылымындағы қазақстандық өңделген өнім үлесінің кезең-кезеңмен ұлғайғаны байқалып отырғанын ерекше атап өтті. 

«Бүгінгі таңда Әзербайжан мен Қазақстан – көптеген өңірлік, сондай-ақ ірі трансұлттық жобалардың бастамашылары және белсенді қатысушылары. Бізді терең тарихи тамыры бар көпжылдық ынтымақтастық және табысты тәжірибемен бекітілген берік бауырластық қатынастар байланыстырады. Біздің елдеріміздің президенттері – Ильхам Гейдарұлы Әлиев пен Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың саяси ерік-жігерінің арқасында екіжақты өзара қарым-қатынастар сәтті дамып келеді және өткен жылдың тамыз айында Қазақстан Республикасы Президентінің Әзербайжанға сапары аясында олар Әзербайжан Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы стратегиялық қатынастарды нығайту және одақтастық өзара іс-қимылды тереңдету туралы Декларацияға қол қойғаны кездейсоқтық емес», — деді Әзербайжан Республикасының энергетика министрі Парвиз Шахбазов.

Каспий теңізіндегі суайрық желісі бойынша шекаралас елдер болғандықтан, Қазақстан мен Әзербайжан жүк ағындарының транзиттік байланысын қамтамасыз ету үшін ұдайы күш салуда. Бүгінгі таңда Транскаспий халықаралық көлік бағыты (ТХКБ) басым бағыт және Азияның Еуропамен маңызды байланысы болып табылады.

Қазақстан 2022-2027 жылдарға арналған «Тар жерлерді» синхронды жою және орта дәлізді дамыту бойынша жол картасы аясында белсенді жұмыс жүргізуде, Ақтау порты базасында «контейнерлік хаб» құрылысы, «Достық – Мойынты» учаскесінде екінші т/ж жолдарының және «Алматы» ст. айналма т/ж желісінің құрылысы басталды, бұл «Алматы» ст. Қазақстан-Қытай көлік дәлізінің өткізу қабілеті аптасына 24-тен 120 пойызға, яғни 5 есеге дейін және контейнерлік пойыздардың жылдамдығын тәулігіне 1500 км-ге дейін арттыру. Бірлескен құжатта Ақтау және Құрық порттарында түбін тереңдету жұмыстары жоспарланған, паром флотын дамыту бойынша шаралар қабылдануда.

Келіссөздер барысында өзара ынтымақтастық бойынша көлік және транзит, логистика, энергетика, байланыс, ауыл шаруашылығы, бірлескен өндірістерді дамыту, мәдени байланыстарды жандандыру, туризм және басқа да бағыттарды дамыту мәселелері талқыланды.

Үкіметаралық комиссияның қорытындысы бойынша тараптар бірлескен хаттамаға қол қойып, сауда-экономикалық салада екіжақты тиімді жобаларды ілгерілету бойынша нақты уағдаластықтарға қол жеткізді. Қазақстандық тарап «KazakhExport» ЭСК» АҚ сақтандыру өтемімен стратегиялық жобаларды бірлесіп іске асыру саласындағы кооперацияны кеңейтуге дайын екендігін білдірді. Әзербайжан-Қазақстан-Әзербайжан және Қазақстан-Түркия/Еуропа-Қазақстан бағытында Әзербайжан арқылы транзитпен интермодальды теміржол жүк тасымалы саласындағы ынтымақтастықты кеңейту туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. «Цифрлық Жібек Жолы» жобасы аясында Қазақстан мен Әзербайжанды байланыстыратын Каспий теңізінің түбі бойынша талшықты-оптикалық байланыс желілерін бірлесіп салу жобасын іске асыруды жалғастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу