08 Сәуір 2025, 13:40
Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов туризмді дамыту әлеуеті еліміздің барлық өңірде бар екенін, дегенмен бұл процесті тежейтін белгілі бір проблемалар бар екенін атап өтті. Осыған байланысты ол саланы әрі қарай дамыту мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізіліп жатқанын және тиісті заң жобасы қазір Мәжілісте қаралып жатқанын хабарлады.
Негізгі бастамалардың бірі әкімдіктерге ұлттық парктер аумағын қоса алғанда, елді мекендерден тыс жерлерде туристік инфрақұрылым салу бойынша заңнамалық өкілеттіктер беру болып саналады. Бұл мәселе мұқият пысықталды және мұндай қадам негізгі туристік дестинациялардың инфрақұрылымын дамытуды қамтамасыз етеді.
«Туристік дестинацияларда инфрақұрылым құрылысын қаржыландыруға бағытталған жеке бюджеттік бағдарлама әзірленетін болады. Бұл ретте, өңірлерде туризмді дамытуға басымдық беру үшін жаңа құзыретпен қатар жеке туризм басқармаларын құру мәселесін қарастыру қажет», — деп атап өтті министр.
Ол фермерлерге өздеріне қарасты жер телімдерінде агротуризммен айналысу құқығы берілетінін айтты. Қазіргі таңда елімізде 200 мыңнан астам шаруа қожалығы бар. Бұл шара ауыл тұрғындары үшін қосымша жұмыс орындарын ашуға, ауылдық аумақтардың әл-ауқатын арттыруға мүмкіндік береді.
«Туристік және рекреациялық қызметті жүзеге асыру үшін ұлттық парктерде жерді жалға беру мерзімін 49 жылға дейін ұлғайту бойынша заңнамалық жұмыс жүргізілуде. Бұл экотуризмді дамыту үшін инвестиция тартуға және инфрақұрылымды дамытуға мүмкіндік береді», — деді Ербол Мырзабосынов.
Туристердің сапарын жеңілдетіп жайлы ету мақсатында шекаралық өткізу пункттерінде ұйымдастырылған туристік топтарға басымдық беру – жасыл дәліз тетігін енгізу көзделуде. Қазіргі уақытта бұл механизм Ресей мен Қырғызстан шекарасында пилоттық режимде жұмыс істеп тұр.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Алматы тау кластерін дамыту жөніндегі кешенді жоспардың жобасы әзірленді. Оның негізгі мақсаты – тау туризмін дамыту. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, тауда демалатын туристердің орташа шығыны $350 тең. Бұл көрсеткіш жағажай туризмінде $50 құрап отыр.
«Бірқатар басқа өңірлерде, атап айтқанда Шығыс Қазақстан облысында тау туризмін дамыту әлеуеті зор. Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Катонқарағай мен Зайсандағы әуежайлардың құрылысы жүргізілуде. Осыған байланысты, Министрлік Шығыс Қазақстан облысының әкімдігімен бірлесіп, 70 шақырымға дейін шаңғы трассаларын құра отырып, шамамен 1 мың га аумақта тау туризмін дамытуды пысықтауды бастады», — деді министр.
Келесі кешенді жоспардың жобасы «Маңғыстау» туристік аймағын дамытуға бағытталған. Кешенді жоспар аясында инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру және абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. Нәтижесінде Тұзбайыр, Қызылқұп, Торыш, Айрақты сияқты бірегей туристік орындар қолжетімді болады және жаңа объектілердің ашылуына мүмкіндік жасалады.
Сонымен қатар экотуризмді ілгерілету мақсатында ұлттық парктерді дамыту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Соңғы жылдары туристік соқпақтарды негізгі инфрақұрылыммен қамтамасыз ете отырып, 8 сапар-орталығы ашылды. Нәтижесінде ұлттық парктерде экотуристердің тұрақты өсуі байқалуда, 2024 жылдың қорытындысы бойынша 14 ұлттық паркке 2,8 млн адам барып, келушілердің саны 2023 жылмен салыстырғанда 18%-ға өсті.
Туризм министрлігі артып келе жатқан сұранысты қанағаттандыру үшін әрбір ұлттық паркті негізгі туристік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету және жаңа сапар-орталықтарын салуды жоспарлап отыр. Сонымен қатар барлық ұлттық парктерде Бурабайдағы секілді кіру жүйесін цифрландыру қажет. Дәл осындай жұмыс басқа да өңірлерде туризмнің әр түрін дамыту үшін іске асырылатын болады. Әсіресе, туризмнің этно-мәдени, балалар мен жасөспірімдер, медициналық, сауықтыру, іскерлік, караванинг және автотуризм секілді түрі басымдыққа ие.
Министр сондай-ақ іс-шаралық туризмді дамыту үшін Kazakhstan.travel ұлттық туристік портал базасында бірыңғай іс-шаралар күнтізбесін әзірлеу туралы хабарлады. Оған туристерді қызықтыратын іс-шаралар кіреді. 2024 жылы күнтізбеге 137 іс-шара енгізіліп, оның 80%-ы Астана мен Алматыда өтті.
Осы және басқа да Үкімет деңгейінде қабылданған шаралар нәтижесінде 2024 жылдың қорытындысы бойынша туристік сала тұрақты өсімді көрсетіп отыр. Ішкі туристер саны 10,5 млн адамды құрап, 2023 жылмен салыстырғанда 900 мыңға артты. Жалпы, елімізге әртүрлі туристік мақсатта 15,3 млн шетелдік қонақ келген.
«Оның ішінде 10,4 млн адам елімізде 1 күннен астам уақыт өткізді. Біз оларды шетелдік туристерге жатқызамыз. Демалуға, делегаттар, достарына немесе туыстарына келген қонақтардың барлығы дерлік туристер есебіне алынады. Себебі олар елімізге келіп, орналастыру орындарын, тамақтану, көлік және басқа да қызметтерді пайдалана отырып экономикаға оң әсер береді», — деп атап өтті министр.
Туристерді тіркеудің тағы бір тәсілі – «eQonaq» ақпараттық жүйесі болып саналады. Жүйе көші-қон бақылауы және туристер ағымын талдау үшін құрылды.
Жүйені енгізу арқылы келесідей маңызды өзгерістер жасалды.
Біріншіден, туристерді тіркеу міндеті оларды күтіп алатын заңды не жеке тұлғаларға жүктелді. Яғни, егер шетелдік азамат қонақ үйге тоқтаса – оны отель тіркейді, пәтерге тоқтаса – жалға беруші тіркейді. Ал егер достарына немесе туыстарына қонаққа келсе, оны тіркеу шақырған үй йесінің міндеті болып саналады.
«Мұны жеңілдету үшін біз “eQonaq” арнайы ақпараттық жүйесін әзірледік. Оны жарты миллионға жуық азаматымыз пайдаланады. Әркім оны жүктеп алып, қонақтары туралы деректерді толтырса жеткілікті», — деп түсіндірді Ербол Мырзабосынов.
Екіншіден, жүйе туристің портретін (туристің келу мақсатын, жынысын, жасын және географиясын) қалыптастыруға мүмкіндік берді.
Үшіншіден, «eQonaq» ҚР Ішкі істер министрлігінің көші-қон полициясының ақпараттық жүйесімен байланыстырылды.
Тағы бір маңызды шара – өткен жылдың соңында Neo Nomad Visa енгізілді. Ол шетелдік азаматтарға Қазақстанда жыл бойы тұруға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта визаны Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері арқылы ғана рәсімдеуге болады. Рәсімді оңайлату мақсатында оны визалық көші-қон порталы арқылы электронды форматта рәсімдеу мүмкіндігін енгізу ұсынылады. Бұдан басқа, мақсатты аудиторияға бағдарлана отырып, Сыртқы істер министрлігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің ресурстары арқылы осы виза туралы хабардар етуді күшейту қажет.
Келесі бір маңызды бағыт – шоппинг туризмі. Tax Free жүйесі туристердің сатып алу белсенділігін ынталандырудың тиімді құралы болып саналады. Бұл жүйе көптеген дамыған елдерде жұмыс істейді. Елімізде 2019 жылы пилоттық режимде Астана, Алматы, Шымкент және Түркістан қалаларында енгізілген.
Аталған жүйе аясында шетелдік туристерге 4,9 млрд теңгеге тауарлар сатылды. Орташа сату чегі 837 мың теңгені құрады. Бұл әлемдегі үздік 10 елдің қатарындағы көрсеткіш.
Жүйені жетілдіру үшін келесідей іс-шараларды жүзеге асыру ұсынылады:
Tax Free жүйесін пилоттық режимнен тұрақты жұмыс режиміне ауыстыру мүмкіндігін қарастыру;
Аталған жүйені еліміздің барлық өңіріне енгізу;
Өтініштерді беру процесін цифрландыру.
«Шетел туристерінің Қазақстанға келуі ақпарат іздеуден басталады. Цифрлық дәуірде олар қажетті қызметтерін: әуе билеттерін, қонақ үйін, турларды онлайн сатып алады. Ал елге келгенде навигация үшін түрлі карта және саяхат сервистерін қолданады. Министрлік туристің жол картасын зерттеп, оның бойындағы сервистердің шашыраңқы екенін анықтады. Бұған қоса, кейбір қызметтер мүлде цифрландырылмаған. Мысалы, ұлттық парктер не музей-қорықтарға онлайн билет алу мүмкін емес. Бүгінгі таңда Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталында жалпы саяхатшыларға арналған қажетті ақпарат сегіз тілде қолжетімді», — деп атап өтті министр.
Спикердің айтуынша оның ішінде туристік бағыттар, көрікті жерлер, оқиғалар туралы өзекті мәліметтерді ұсынады. Сонымен қатар виртуалды 3D турлар мен туристік операторлардың тізілімдері жарияланған. 2024 жылы порталға шамамен 700 мың адам кірді. Бұл оның саяхатшылар үшін басты навигатор ретіндегі маңыздылығын растайды.
Алайда бүгінгі таңда туристке қызметтерді брондауға қажетті барлық сервисті біріктіретін бірыңғай экожүйе қарастырылмаған. Сондықтан TravelStan бірыңғай мобильдік қосымшасын жасау туралы бастама көтерілді. Оның негізгі функционалы – жасанды интеллектке негізделген көмекші. Яғни, туристерге қонақ үйді брондау, билеттерді сатып алу, гидтер мен маршруттарды табу, такси шақыруға көмектесетін және басқа да қызметтерді бір цифрлық кеңістікте біріктіретін қосымша болады.
«Әзірше, тез шешім ретінде туристерге арналған QR код жүйесі енгізіліп жатыр. Кейде туристер келген бетте такси, байланыс, валюта айырбастау сияқты қызметтерден алданып қалып жатады. Оның алдын алу үшін QR код жүйесі жасалды. Оның ішінде такси, электронды СИМ-карта, қонақ үй брондау, негізгі ақпарат пен тіркелу қызметтері жинақталды. Бұл QR кодтар еліміздің 4 қаласында, яғни Астана, Ақтау, Түркістан және Шымкент қалаларында орналастырылған. Қазіргі таңда аэропорттар QR кодтарды орналастыру үшін қосымша қаражат сұрайды. Осыған орай тәжірибені кең тарату үшін тиісті әкімдіктер мен Көлік министрлігінің қолдауы қажет. QR кодты барлық әуежайларға, вокзалдар мен шекара өткелдеріне орналастыру керек», — деді Ербол Мырзабосынов.
Министр атап көрсеткен келесі бастама – цифрландыру арқылы гидтердің қызметін реттеу. Қолданыстағы реестр туристерге өзіне қажетті гид табу, оған хабарласу және оның кәсіби біліктілігін тексеру мүмкіндігін шектейді. Сондықтан Министрлік тапсырысы бойынша гидтерге арналған бірыңғай цифрлық платформа жасалған.
«E-Гайдс» цифрлық жүйесі аталған мәселелерді шешіп қана қоймай, мамандардың білімін тексеруге, біліктілігін арттыруға және қосымша білім беруге мүмкіндік береді. Тексерістен өткен гидтер бірыңғай стандарттағы бейдж үлгісін алады. Осы бейдж арқылы ресми әрі білікті маманды бейресми қызметкерден ажыратуға болады. Қазіргі таңда жүйеде 380 гид тіркелген. Оның 94-іне бейдж табысталды.
«Осы тәжірибені кең тарату үшін жергілікті басқару органдары, Ғылым және жоғарғы білім, Оқу-ағарту министрліктері тарапынан гид мамандарын дайындайтын бағдарлама әзірлеуге атсалысуды сұраймыз», — деді министр Үкімет отырысында.
Оның айтуынша, кадр даярлау бойынша Халықаралық туризм және меймандостық университеті Қазақстанда алғашқылардың бірі болып триместрлік оқу жүйесін енгізді. Бұл формат студенттерге бакалавр дәрежесін 3 жыл ішінде алуға мүмкіндік береді. Оқу мерзімін тиімді қысқартуға мүмкіндік жасайды. Оқу үдерісінде дуалды оқыту моделі табысты қолданылуда: Бұл модельдің 60%-ы – өндірістегі тәжірибеден, 40%-ы – университетте теориялық білімнен тұрады.
Университетте бизнес-процестерді цифрландыру жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Оның бір көрінісі – мультимедиалық студияның ашылуы. Оқу үдерісі ақпараттық жүйеде толық цифрландырылды. Студентті тіркеуден бастап, бағалау мен үлгерімді бақылауға дейінгі барлық қызметтер біріктірілген. Қабылданған шаралардың нәтижесінде былтыр университетті бітірген 460 студенттің 92,8%-ы (428 түлек) өз мамандығы бойынша жұмысқа орналасқан.
#Заң жобалары #Инфрақұрылымдық даму #Туризм #Үкімет отырысы«Қорытындылай келе, туризмді мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыруға тоқталуға рұқсат етіңіздер. Өзіңіз білетіндей, туристік саланы дамыту мақсатында 2022 жылдан бастап 7 мемлекеттік қолдау шарасы іске асырылуда. 2024 жылдың қорытындысы бойынша мемлекттік қолдау көлемі 2023 жылмен салыстырғанда 2,5 есе ұлғайып, 2,1 млрд теңгені құрады. Мемлекеттік қолдау шараларын цифрландыру кәсіпкерлердің өтінімдерін қабылдау, қарастыру және мақұлдау кезеңдерінің уақытын азайтып, қысқа мерзімде шешім қабылдауға мүмкіндік береді», — деп түйіндеді сөзін министр.
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу