Қазақстан сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша ДСҰ міндеттемелерін толығымен орындады

Үкіметте вице-премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен Сыртқы сауда саясаты және халықаралық экономикалық ұйымдарға қатысу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті.

Күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі – ішкі өндірісті қолдау және жүгерінің сатылуы. Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректеріне сәйкес, 2023 жылы жүгерінің егіс көлемі 12,8 мың гектарға ұлғайтылып, 193,8 мың гектарға жеткізілді (2022 жылы 180,9 мың гектар). Қазірдің өзінде орташа өнімділігі 65,8 ц/га (2022 жылы – 57 ц/га) 1 207,5 мың тонна жүгері дәні бастырылды.

Өңделген өнім көлемі де, атап айтқанда, тәтті сусындар, тұздықтар дайындау үшін және кондитерлік салада қолданылатын табиғи және иммунитетке пайдалы қант алмастырғыш шәрбат өндірісі жыл сайын артып келеді. 2021 жылы елімізде 46,3 мың тонна шәрбат, 2022 жылы – 57,3 мың тонна өндірілді. Ал 2023 жылдың 10 айында 40,7 мың тонна өнім шығарылды. 

Жүгеріні терең өңдеу бойынша екі қазақстандық зауыттың жалпы қуаттылығы жылына 210 мың тоннаны құрайды. Еліміздегі қайта өңдеу өндірісінің өсіп келе жатқан көлемі мен әлеуетін ескере отырып, отандық кондитерлік өнімдер мен сусындар өндірісіндегі қазақстандық мелассаның үлесін арттыру мүмкіндігін талқылау туралы шешім қабылданды.

ВАК отырысында қазақстандық жүгеріні өткізу бойынша қабылданып жатқан шаралар тыңдалды. Бүгінде қазақстандық жүгеріні жаңа нарықтарға – Қытайға, Иранға жеткізу мүмкіндігі пысықталуда. 

Сондай-ақ ВАК шеңберінде сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі ұлттық комитеттің отырысы өтті. Жиынға қатысушылар өткен жылды қорытындылап, 2024 жылға арналған жоспарларды талқылады. Қазақстан ДСҰ-ның сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі келісімінде көзделген өз міндеттемелерін 100%-ға орындағаны атап өтілді. 

ҚР Сауда және интеграция министрлігі «QazTrade» АҚ және халықаралық ұйымдармен бірлесіп дайындаған Қазақстан Республикасының сауда рәсімдерін жеңілдету жөніндегі алғашқы ұлттық баяндамасының негізгі тармақтары қаралды. Құжатта еліміздің ДСҰ-ға кірген кезінен бастап сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша Қазақстан Үкіметінің қабылдаған шараларына талдау ұсынылған. 

Қазақстанның жаһандық жеткізу тізбегіне қатысуына баға беріліп, қағазсыз трансшекаралық сауданы дамытудағы Қазақстанның ұстанымына талдау берілген. Соңғы жылдары Қазақстанда халықаралық сауданың дамуына қолайлы жағдай туғызған ірі жобалар жүзеге асырылып келеді. Атап айтқанда, 2018-2019 жылдары «АСТАНА-1» және «Экспорттық-импорттық операцияларға арналған бірыңғай терезе» ақпараттық жүйелері енгізілді. 2023 жылы сауда рәсімдерін жеңілдету бойынша Қазақстанның сауда порталы іске қосылды. Сонымен қатар Central Asia Gateway аймақтық сауда порталы жұмысын бастады, ол БҰҰ-ның ең жоғары марапатына ие болып, әлемдегі ең үздік ақпараттық сауда порталы деп танылды.

Қабылданған барлық шара сыртқы экономикалық қызметтің дамуына оң әсер етеді. БҰҰ-ның цифрлық және тұрақты технологияларды пайдалана отырып сауданы жеңілдету жөніндегі жаһандық зерттеуіне сәйкес, Қазақстан 2023 жылы сауданы оңтайландыру саласындағы өзінің жалпы көрсеткішін 76,34%-ға дейін жақсартты (2015 жылы 36,56%).

#Ауыл шаруашылығы #ВАК #Сауда #Серік Жұманғарин #Өңдеу өнеркәсібі

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу