Қазақстан жыл соңына дейін жаңа халықаралық әуе бағыттарын ашады – М. Қарабаев

Қазақстан ТМД елдері арасында ұшу қауіпсіздігі стандарттарын сақтаудың ең жоғары деңгейін көрсетіп отыр. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, бұл көрсеткіш 82%-ды құрайды.

Бүгін Үкімет отырысында азаматтық авиацияны дамыту мәселесі қаралды. Тақырып бойынша Индустрия министрлігінің басшысы Марат Қарабаев, Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду, сондай-ақ «Air Astana» және «SCAT» әуе компанияларының президенттері Питер Фостер мен Владимир Денисов баяндама жасады.

М. Қарабаев атап өткендей, бүгінгі таңда азаматтық авиация саласының негізгі көрсеткіштері тұрақты өсуді көрсетіп отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша отандық әуе компаниялары арқылы 11 млн жолаушы тасымалданды, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 17%-ға артық. Өсу қарқыны биыл да жалғасын табуда. 

Әуе транзиті қарқынды дамып келеді.

«Қазіргі жағдайда, Қазақстан әуе транзиттері үшін неғұрлым тартымды бола түсуде. Мәселен, 2022 жылы қызмет көрсетілген ұшу көлемі 410 мың ұшақты құрады, бұл 2021 жылғы көрсеткіштен 90%-ға артық», — деді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Қазақстан Республикасының көлік-логистикалық әлеуетін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына сәйкес, саланың негізгі стратегиялық міндеті – ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету және еліміздің транзиттік әлеуетін дамытуға қолайлы жағдайлар жасау.

Азаматтық авиация саласын дамыту үш бағытта жүргізілуде:

Бірінші – Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету;

Екінші – Маршруттық желіні дамыту;

Үшінші – Инфрақұрылымды дамыту.

Ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету

Жоғарыда айтылғандай, қазіргі уақытта Қазақстанның ұшу қауіпсіздігі стандарттарына сәйкестік деңгейі 82%-ды құрайды. Бұл – Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдері арасындағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі. Қазақстан Дания мен Польша сияқты Еуропалық Одақ елдерімен бір деңгейде тұр.

«Қауіпсіздік деңгейінің үздіксіз өсуін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы еуропалық модель негізінде азаматтық авиация жүйесі түбегейлі реформаланды. Қазақстанның авиациялық әкімшілігі құрылды, оған заңнамалық деңгейде азаматтық авиация саласындағы бақылау-қадағалау функциялары берілді», — деді М. Қарабаев.

  • Әуе кемелерінің паркі, бақылау және қадағалау

Министрдің ақпаратына сүйенсек, аталған ұйым құрылған сәттен бастап 934 тексеру мен сертификаттау жүргізіліп, ұшуды орындау үшін 1500-ге жуық рұқсат ету құжаттары берілді.

Сертификаттық талаптарға сәйкес келмейтін, сондай-ақ ұшу қауіпсіздігіне қатер төндірген 7 әуе компаниясының пайдаланушы сертификаттарының күші жойылды немесе кері қайтарылды, сондай-ақ 7 әуежайдың ұшу-қону жолағын пайдалану уақытша тоқтатылды.

Бүгінде Азаматтық авиацияның мемлекеттік тізілімінде 915 әуе кемесі бар. Қызметті 55 қазақстандық эксплуатант жүзеге асыруда. Тұрақты жолаушылар тасымалымен 5 әуе компаниясының 90 ұшағы айналысады.

Жаңа модель енгізілген сәттен бастап инциденттер санының төмендеуі байқалды.

Маршрут желісін дамыту

  • Ішкі желіні дамыту

М. Қарабаевтың мәліметінше, әуетасымалдардың ішкі нарығы толығымен реттелген, яғни кез келген қазақстандық әуекомпания қолда бар сұранысқа сәйкес барлық ішкі маршрут бойынша ұшуларды шектеусіз орындай алады.

Қазіргі уақытта ішкі әуетасымалдауды қазақстандық 5 тасымалдаушы жүзеге асырады. Аптасына 56 ішкі авиамаршрут бойынша 706 рейс орындалады.

Ұшу қолжетімділігін жақсарту және ішкі туризмді дамыту мақсатында авиамаршруттарды субсидиялау қолданылып келеді.

Биыл 7 облыста 23 авиамаршрутты субсидиялау бойынша Республикалық бюджеттен 7,2 млрд теңге бөлінді. Мұнда ішкі туристік бағыттарға басымдық беріледі.

  • Халықаралық желіні дамыту

Халықаралық жолаушылар әуетасымалдарын дамыту үшін 2017 жылдан бастап «open sky» режимі енгізілді, нәтижесінде жыл сайын жаңа халықаралық маршруттар ашылуда.

Бүгінгі күні 27 елге 103 авиамаршрут бойынша халықаралық тасымалдарды 3 отандық, 26 шетелдік әуеакомпания орындайды, бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштерден жоғары.

Министрдің айтуынша, осы жылы 18 жаңа маршрут ашу жоспарланып отыр, оның 9-ы ашылды.

Жыл соңына дейін Доха, Куала-Лумпур, Анкара, Карачи, Лахор, Жидда, Маскат, Прага және Тель-Авивке тағы 9 жаңа халықаралық маршрут ашылады деп жоспарланып отыр.

2025 жылға дейін Мумбай, Гонконг, Вена, Токио, Сингапур, Нью-Йорк және басқа қалаларға рейстерді ашуды жоспарлануда.

Инфрақұрылымды дамыту

Транзиттік рейстерге қызмет көрсету және ИКАО стандарттарына сәйкес ұшу қауіпсіздігін арттыру үшін әуе көлігі инфрақұрылымын жаңғырту бойынша жұмыстар жоспарлы түрде жүргізілуде.

Тәуелсіздік жылдарында барлығы 22 әуежайдың ұшу-қону жолағы реконструкцияланды және салынды, сондай-ақ 16 әуежайда жолаушылар терминалдары тұрғызылып, қайта жаңартылды.

Өткен жылы 5 жоба іске асырылды, атап айтқанда Орал және Қостанай әуежайларындағы терминалдар, Өскемен, Үшарал және Үржар әуежайларының ұшу-қону жолақтары реконструкцияланды.

Биыл Алматы, Шымкент, Қызылорда және Қостанай қалаларында 4 жоба жүзеге асырылуда.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Павлодар қаласы әуежайының ұшу-қону жолағын, Балқаш қаласы әуежайының перронын және рульдеу жолағын реконструкциялау мәселесі пысықталуда.

Дегенмен, азаматтық авиацияның дамуын тежейтін бірқатар түйткілді мәселелер де бар. Марат Қарабаев олардың әрқайсысы жайлы толығырақ тоқталды. 

Бірінші – авиаотын мәселесі

Азаматтық авиацияны дамытудың негізгі тежегіштерінің бірі – ішкі нарықтағы авиаотынның тапшылығы және оның жоғары құны. Осы себепті, отандық әуежайлар транзиттік компанияларды тарту мен оларға қызмет көрсету бойынша көрші елдердің әуежайлары алдында бәсекеге қабілеттілігін жоғалтады, бұл өз кезегінде Қазақстанның транзиттік әлеуетіне теріс әсер етуде.

Авиаотын нарығындағы тұрақсыз жағдайға байланысты, әуеакомпаниялар жаңа халықаралық рейстерді ашу қажеттілігін қанағаттандыра алмайды.

«Отандық Мұнай өңдеу зауыттарының өндірістік қуаты авиаотынға деген қажеттілікті өтемейді, осыған байланысты отынды Ресей Федерациясынан импорттауға тура келеді. Бұл мәселені жүйелі шешу үшін авиаотын өндірісінің жыл сайынғы көлемін ұлғайту қажет, бұл ішкі нарықтағы тапшылықты және импортқа тәуелділікті жоюға мүмкіндік береді», — деді министр. 

Екінші – жоғары білікті кадрлардың тапшылығы

Қазіргі уақытта салада 20 мыңға жуық адам жұмыс істейді. 2025 жылға дейін қосымша кадрларға қажеттілік артып келеді. 

Республикада сала бойынша Қазақстан Республикасы мен Орталық Азия елдерінде кадрлар даярлауды жүзеге асыратын жалғыз жоғары оқу орны жұмыс істейді.

Алайда, Академия түлектері, ИКАО стандарттарына және мамандар дайындау саласындағы басқа да халықаралық талаптарға сәйкес келмеу себебінен сұранысқа ие емес. Сондықтан негізгі авиакәсіпорындар, кадрларды өз бетінше оқытуға мәжбүр.

«Кадрлар тапшылығы мәселесін шешу және студенттеріміздің сұраныс деңгейін арттыру үшін, біз Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, Еуропалық стандарттарға көшу арқылы азаматтық авиация саласы үшін кадрлар даярлау жүйесін түбегейлі реформалау, сондай-ақ оқыту процесін ИКАО-ның озық стандарттарына сәйкес келтіру мәселесін пысықтап жатырмыз», — деп атап өтті М. Қарабаев. 

Үшінші фактор – тиісті инфрақұрылымның жоқтығы

Аэродром жабындарының нашар жағдайы ұшу қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін және дамуды тежейтін фактор болып табылады. 

Мәселен, елорда әуежайындағы қолданыстағы ұшу-қону жолағы осыдан 20 жыл бұрын (2003 жылы) пайдалануға берілген. Әзірге тек қана аэродром жабындарына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда олардың жағдайы өте қиын, өйткені 2 жөндеу мерзімі кешіктірілді.

Осыған байланысты, «Астана қаласы әуежайының инфрақұрылымын күрделі жөндеу және жаңғырту» жобасы бойынша жобалау-сметалық құжаттамасы әзірленіп, «Мемлекеттік сараптаманың» оң қорытындысы алынды. Бюджеттік өтінімді қалыптастыру үшін құжаттамалар дайындалды. Осы жұмысты жеделдету мәселесі қазіргі уақытта Қаржы министрлігімен пысықталып жатыр.

Сондай-ақ Шымкент әуежайының жаңа терминалының құрылысы созылып кетті. Пайдалануға беру мерзімі 2020 жылдың бірінші жартыжылдығына белгіленген еді. Алайда, сот ісіне және жер телімін уақтылы бөлмеуге байланысты бірқатар себептермен құрылыс процесі 4 жылдан астам уақыт бойы жүргізіліп келеді. Бұл мәселе Үкімет басшысының Шымкент қаласына жұмыс сапары барысында да көтерілген болатын. Шымкент қаласының әкімдігі осы жылы жобаны аяқтау бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауы қажет, атап айтқанда, бағалау сараптамасын жүргізіп, жер телімін беру рәсімдерін жеделдетуі тиіс.

Аэродром маңындағы аумақтарда заңсыз құрылыстар салуға қатысты бас прокуратураның тексеріс жүргізуі барысында әуежайлардың санитарлық-қорғау аймағының шекарасында жергілікті атқарушы органдардың 1200-ге жуық жер телімін бергені анықталды, онда 900-ден астам ғимарат салынған.
Сондай-ақ аэродром маңындағы аумақтарда, әуежай комиссияларының келісімінсіз 100 мыңнан астам түрлі нысандарды салу фактілері тіркелген. 

Заңсыз құрылыс салу бойынша неғұрлым күрделі жағдай Алматы, Шымкент, Атырау және Ақтөбе қалаларында байқалады.

Аэродром маңы аумақтарын пайдалануға қатысты нақты талаптарды белгілеу мақсатында, аэродром айналасында орналасқан жер телімдеріне құқықтар беру тәртібіне түзетулер енгізілді. Қазақстанның авиациялық әкімшілігіне ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіретін қызметтерге рұқсат беру құзыреті берілген.

Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жер телімдерін беру кезінде заңнама талаптарын сақтау жөнінде пәрменді шаралар қабылдауы, сондай-ақ бұрын тұрғызылған заңсыз құрылыстар бойынша тиісті шаралар атқаруы қажет.

Бұдан әрі Қазақстанның авиациялық әкімшілігінің бас директоры Каталин Раду сөз алды. Ол атқарылып жатқан жұмыстар мен жоспарланған іс-шараларға тоқталды. 

Каталин Раду мырза атап өткендей, халықаралық авиациялық қоғамдастық, ИКАО және Еуропалық комиссия сарапшылары Қазақстандағы азаматтық авиация саласын басқарудың енгізіліп жатқан тәсілдері туралы оң пікір білдіруде. Мәселен, осы жылдың наурыз айында өткен сапар барысында Еуропалық комиссияның авиациялық қауіпсіздік комитетінің төрағасы азаматтық авиацияны басқару моделінің іске асырылып жатқанына және соңғы бір жарым жылда қол жеткізілген жетістіктерге оң баға берді.

«Біз Ирландияның авиациялық билік органдарымен және Еуропалық авиациялық қауіпсіздік агенттігімен (EASA) техникалық ынтымақтастық және адами әлеуетті арттыру жөніндегі үшжақты келісім аясында жұмысты бастадық. Ынтымақтастық ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыруға және АҚШ федералды авиация әкімшілігі мен ИКАО-ның алдағы тексерулеріне тиімді дайындалуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ халықаралық ынтымақтастықты нығайту мақсатында біз "Боинг" корпорациясымен ұшу қауіпсіздігінің деңгейін арттыру бойынша ынтымақтастықты бастадық», — деді Каталин Раду.

Жалпы, оның айтуынша, Қазақстанның авиациялық әкімшілігі аэродромдар бойынша Халықаралық әуежайлар кеңесі (ACI Europe және ACI World), ұшу қауіпсіздігі, авиациялық қауіпсіздік және жолаушыларға қызмет көрсету сапасы бойынша Халықаралық әуе көлігі қауымдастығы (IATA) сияқты жетекші халықаралық авиациялық қауымдастықтармен ынтымақтаса отырып, сала мүдделерін қолдайды.

Сондай-ақ ұйым әртүрлі нысандарда ИКАО-мен белсенді жұмыс істейді. Өткен жылы Қазақстан өкілі ИКАО Еуропа аймағындағы авиациялық қауіпсіздік жөніндегі арнайы тобы төрағасының орынбасары болып сайланды. ИКАО-мен тығыз ынтымақтастықтың нәтижесінде ИКАО стандарттарына 90%-ға дейін сәйкестікке қол жеткізу перспективасы бар.

Бүгінгі таңда Авиациялық әкімшілік штатында 100-120-дан астам авиациялық инспектор жұмыс істейді. Ұшу қауіпсіздігінің деңгейі ИКАО аудитінің нәтижелері бойынша дамыған Еуропа елдерінің деңгейіне сәйкес келеді.

Жақын арада компания Еуропалық ұшу қауіпсіздігі стандарттарын енгізу мәселелерінде ААК техникалық көмек көрсету бойынша EASA және IATA сарапшыларымен жұмысты жалғастыруды жоспарлап отыр. Күзде Еуропалық комиссия сарапшыларының ұшу қауіпсіздігі мәселелері жөніндегі техникалық сапары күтіледі.

Каталин Радудың айтуынша, АҚШ-қа тікелей рейстерді ашу үшін FAA әуе қауіпсіздігі аудитіне дайындық жалғасады. Сонымен қатар ИКАО аудитіне дайындық жұмыстары жүргізіліп келеді.

«Алдағы уақытта біз авиациялық биліктің аймақтық көшбасшылығын және сапалы халықаралық қатысуын күшейтеміз. Біз жаңа ғана екі аймақтық бастаманы қолға алдық. Біреуі авиациялық қауіпсіздік бойынша – AVSEC Үйлестіру тобы (6 мемлекет) және екіншісі азаматтық авиацияны басқару бойынша – Азаматтық авиацияның Еуразиялық конференциясы (10 мемлекет), Қазақстанды аймақтағы азаматтық авиацияның көшбасшысы ретінде көрсетеді», — деп атап өтті ол.

Сондай-ақ ұшу мен жолаушылар қауіпсіздігін қамтамасыз етудің тиімділігі мен нәтижелілігін арттыру үшін бизнес-процестерді цифрландыруды бастау жоспарланып отыр. Сонымен қатар қаржыландырудың жаңа моделі іске қосылды, ол сондай-ақ авиациялық биліктің қаржылық дербестігіне қол жеткізу үшін халықаралық озық тәжірибеге және ИКАО стандарттарына сәйкес келеді.

Владимир Денисов «SCAT» әуе компаниясының өндірістік көрсеткіштеріне тоқталды.

Оның мәліметіне сүйенсек, 2022 жылдың қорытындысы бойынша компания 3 млн-ға жуық жолаушыны тасымалдаған. Осы жылдың І тоқсанының қорытындысына сәйкес «SCAT» 1 млн-ға жуық жолаушыға әуе тасымалдау қызметін ұсынған. Мұндай айтарлықтай өсім – еліміздің әуе тасымалы құнын реттеуге қатысты дұрыс саясатының айқын көрінісі.

Бағаны Әкімшілік реттеу кәсіпорынға еркін бәсекелестікке түсуге, ұшу құрылымын кеңейтуге, икемді тарифтік жүйені ұсынуға мүмкіндік берді. Пандемиядан кейін халықтың іскерлік белсенділігінің артуымен бірге бұл әуе қатынасына сұраныстың айқын өсуіне әкелді.

Әуе компаниясының қарқынды дамып келе жатқан флоты ерекше назар аударуға тұрарлық тақырып. Пандемия кезеңі әуекемелерін жеткізу бойынша бұрын жасалған келісімшарттарға түзетулер енгізді. Кейбір жеткізілімдер ұзақ кідірістермен жүзеге асырылды, бұл компанияның жоспарларын жүзеге асыруға әсер етпей қоймады. Осыған қарамастан, бүгінде SCAT Қазақстандағы ең жылдам дамып келе жатқан флотқа ие әуе тасымалдаушысы болып отыр.

«2022 жылы біз флотты жеті жаңа ұшақпен толықтырдық. Осы жылдың басынан бері SCAT флоты тағы екі жаңа көлікпен толықты. Қазір компанияның ұшақ паркі 36 ұшақтан тұрады. Биыл тағы төрт ұшақ келеді деп күтудеміз. Ал 2030 жылға қарай әуекомпанияның әуе кемелер паркін кеңейту және жаңарту жоспарына сәйкес, SCAT паркі 52 ұшаққа дейін толығады. Оның екеуі ұзақ қашықтыққа ұшатын Dreamliner-787 ұшағы», — деді В. Денисов.

Шымкент әуежайындағы терминалдың құрылысы үлкен назар аударуға тұрарлық, онда SCAT инвестор ретінде әрекет етеді. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен 59 млрд теңгені құрайды. Жаңа терминалдың ауданы 39 мың шаршы метрді құрайды. Салынған инвестиция көлемі 18 млрд, жобаның құны 20,5 млрд теңге. Жоспарланған жолаушылар ағыны жылына 5 млн жолаушы, өткізу қабілеті сағатына 2 мың жолаушы.

Әуекомпания президентінің айтуынша, Шымкент қаласы әкімдігі тарапынан телетраптарға арналған перрон мен галереялар салуға жер телімін беруді кешіктіру мәселесі әлі де өткір күйінде тұр. Бұл нысанды пайдалануға беру мерзімінің кейінге шегерілуіне себеп болды. Жаңа терминал базасында компания жаңа инновациялық терминалмен қатар ірі әуежай кешенін құруды жоспарлап отыр:

  • ауданы 54 мың шаршы мерт, бір мезгілде 6 ұшақты орналастыру мүмкіндігімен Boeing әуе кемелеріне техникалық қызмет көрсетудің барлық түрлеріне арналған инженерлік-авиациялық орталық ұйымдастыру мақсатында ангар алаңы бар ангар құрылысын салу.

Бұл Қазақстанда техникалық қызмет көрсетуге, шетелдік орталықтардағы ұзын-сонар кезектерді болдырмауға және Қазақстан Республикасынан тысқары жерлерде қаражат алуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар бұл мемлекет бюджетіне түсетін салық аударымдарын арттырады. Жобаның құны 4 млрд теңгені құрайды.

  •  екінші ұшу-қону жолағын салу.

Жолақтың өлшемі – ұзындығы 3100 м, ені 60 м. жобаның құны – 14 млрд теңге.

  • қолданыстағы перронды реконструкциалау. Ауданы – 90 000 м2. Жобаның құны – 2,7 млрд теңге.
  • Әуе кемелері тұрақтарын 40 орынға дейін ұлғайта отырып, жаңа перрон салу.

Жобаның құны – 4,5 млрд теңге.

  • тренажер кешені бар авиациялық оқу орталығын салу.

Ауданы – 11 800 м2. Жобаның құны – 4,5 млрд теңге.

  • борттағы тамақтандыру цехының құрылысы.

Ауданы – 3000 м2. Жобаның құны – 1 млрд теңге.

  • арнайы көлік автобазасын салу және жабдықтау.

Ауданы – 3000 м2. Жобаның құны – 2,5 млрд теңге.

  • бір уақытта 4 жүк рейсіне қызмет көрсету мүмкіндігі бар жүк терминалын салу.

Ауданы – 15000 м2. Жобаның құны – 4 млрд теңге.

  • жолаушыларға арналған қонақ үй кешенін салу

Ауданы – 8900 м2. Жобаның құны – 4 млрд теңге.

  • жолаушыларға арналған жабық автотұрақ салу.

Ауданы – 5000 м2. Жобаның құны – 1,5 млрд теңге.

Сөз соңында Владимир Денисов компанияның маршруттық желілерді дамыту және жаңа бағыттарды іске қосу жоспарларымен бөлісті. Мәселен, қазіргі уақытта SCAT 52-ден астам ішкі және 120 халықаралық рейстерді орындайды. 2030 жылға қарай әуе компанияның ішкі бағыттары санын кемінде 84-ке, ал халықаралық бағыттары санын 150-ге дейін ұлғайту жоспарланған.

2030 жылға қарай SCAT Қазақстаннан Жапония, Моңғолия, Иран, Иордания, Мысыр, Марокко, Таиланд, Вьетнам, Индонезия, Мальдив аралдары, Оңтүстік Корея, Шри-Ланка, Сауд Арабиясы қалаларына ұшу рейстерін орындауды жоспарлап отыр. Сонымен қатар БАӘ, Түркия, Танзания, Литва, Мексика, Канада, АҚШ, Кипр, Польша, Франция, Ұлыбритания, Тунис, Түрікменстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Германия, Тәжікстан, Беларусь, Болгария, Украина, Греция, Испания, Аустрия, Ресей, Италия, Үндістан, Пәкістан және Қытай. 2030 жылға қарай SCAT компаниясының болжамды жолаушылар ағыны 8 млн жолаушыны құрайды.

#Азаматтық авиация #ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу