Қазақстанда білім беру нысандарының жылу беру маусымына дайындығы 99,6%-ды құрайды – Энергетика министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында алдағы жылу беру маусымына дайындық барысы қаралды. Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев, энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев, Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаев баяндама жасады.

Энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов энергетикалық кәсіпорындардың алдағы күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, жылыту маусымының басталуы үшін жабдықтың қажетті құрамы бар. Жүйелік оператор бекіткен электр станцияларын жөндеу кестесіне сәйкес 2023 жылы 10 энергетикалық блокты, 49 қазандықты және 54 турбинаны күрделі жөндеу жоспарланған. 5 энергетикалық блокта, 23 қазандықта және 20 турбинада жөндеу жұмыстары әр түрлі кезеңдерде жүргізілуде. 4 энергетикалық блокта, 17 қазандықта және 13 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды.

Электр желілерінде 2023 жылы жалпы ұзындығы шамамен 25 мың км электр желілерін, 567 қосалқы станция, 3,5 мың трансформаторлық қосалқы станцияны күрделі жөндеу жоспарланған. 22,7 мың км электр беру желілері мен 514 қосалқы станция, 3 460 тарату пункті мен трансформаторлық қосалқы станция жөнделді.

Шығыс-Қазақстан облысы бойынша қазіргі уақытта «Риддер ЖЭО» АҚ-та мердігер ұйымдар барлық 6 қазандық бойынша жөндеу жұмыстарын жүргізуде. 6 қазандықты күрделі жөндеуге Үкімет резервінен 7,2 млрд теңге бөлінді. № 2 және 3 қазандықтар қыркүйектің аяғында іске қосылады.

Павлодар облысы бойынша Екібастұз ЖЭО-сының тұрақты жұмысын қамтамасыз ету аясында алдағы жылыту маусымында 10 қазандықты жөндеу көзделген. Қазіргі уақытта 7 қазандықта жұмыс жүргізілуде. Коммуналдық меншікке қабылданған 5 су жылыту қазандығын жөндеуге Үкімет резервінен 7,4 млрд теңге бөлінді.

Қалған 5 бу қазандығы, сондай-ақ қосалқы жабдықтар, ғимараттар мен құрылыстар «Орталық Азия Электр Энергетикалық Корпорациясы» АҚ есебінен жөнделеді. Жылыту кезеңі басталғанға дейін 5 қазандық дайын болады. Қалғандары кесте бойынша қазан айына дейін аяқталады.

Қарағанды облысы бойынша «Арселор Миттал Теміртау» АҚ-ның екінші ЖЭО-сін дайындау жұмысы ерекше бақылауға алынды. Энергетика министрі өткен аптада жөндеу жұмысымен танысып, тиісті өзгерістер енгізді (жөндеу жұмыс кестесіне сай). №4 қазандықты жөндеуді аяқтау мерзімі қазан айының соңына дейін ұзартылатыны анықталды. Екінші ЖЭО министрліктің назарында болатын болады.

Ұлытау облысы бойынша Жезқазған ЖЭО-да №4 қазандықты жөндеуді жеделдету, сондай-ақ энергетикалық жабдықтың барлық жоспарланған жөндеу жұмысының орындалуын қамтамасыз ету қажет. ЖЭО-ға бару қорытындысы бойынша №8 қазандықты қайта жаңартуды аяқтау мерзімін 2024 жылдың сәуіріне дейін ұзарту туралы шешім қабылданды. «Kazakhmys Energy» тиісті тапсырмалар басшылығына берілді. 

Манғыстау облысы бойныша «МАЭК» ЖШС-ның жылу электр станциясында №3 энергетикалық блокты жоспарланған күрделі жөндеу 2024 жылға ауыстырылды, №3 энергетикалық блоктың орнына №2 энергетикалық блок генераторының роторына апатты жөндеу осы жылдың қараша айына дейін жүргізілуде. Кезінде бітетін жұмыстар уақытында бітпеген себебінен №3 энергетикалық блоктың жөндеу жұмысы 2024 жылға ауысқан. Бюджет резервінен бөлінген қаражатты толық игермеу қаупі бар. Облыс әкімдігіне «МАЭК» ЖШС-дағы жөндеу науқанының аяқталуын бақылауға алу қажет.

«Абай облысы бойынша “Теплокоммунэнерго” МКК 1-ЖЭО-да №5 қазандыққа кеңейтілген-ағымдағы жөндеу жұмысы артта қалды. Сондай-ақ “Ғаббасов” қазандығына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу артта қалды. Осыған байланысты «Теплокоммунэнерго» МКК-да жөндеуді жеделдету қажет деп санаймыз. Абай облысы бойынша “Теплокоммунэнерго” МКК назар аударатын Габбасов қазандығы. 4-ші қазандық қазан айында қосылады. Қыста 4 қазандықтың екеуі дайын болады. Қалғанын бақылауға алу керек», — деді Жандос Нұрмағанбетов.

Энергетика вице-министрінің айтуынша, Қостанай облысы бойынша «Арқалық ОЭК» МКК ЖЭО бойынша мазутта жұмыс істейтін бу және су жылыту қазандықтары химиялық су дайындау жүйесін реконструкциялау аяқталған жағдайда жылу жүктемесін көтеруге дайын. Жаңа ЖЭО бойынша іске қосу жөндеу жұмыстарын жүргізуді жеделдету қажет. Осымен 2 жылға созылып бара жатыр.

Жамбыл облысы бойынша «Жамбыл ГРЭС» АҚ жұмысы бойынша судың азаюына байланысты ЖГРЭС аз э/э шығарады. Нәтижесінде шектеу болуы мүмкін. Алайда Энергетика министрлігі Қырғыстан Республикасының Энергетика министрлігімен арнайы келіссөздер жүргізді. Суды сақтау және жинау мақсатында Қазақстан Республикасы Қырғыз Республикаға э/э жеткізеді. Бұл келесі жылда су мәселесін шешуге мүмкіндік берді.

Астана қаласы бойынша үшінші ЖЭО және қазандықтарды іске қосу-жөндеу жұмыстарына дайындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Осы жылдың соңына дейін екі қазандық пен үшінші ЖЭО іске қосылады және тапшылығы жойылады. Энергия көздерінің отын қоймаларында 4,9 млн тонна көмір және 85 мың тонна мазут жинақталған.

Энергетика вице-министрінің айтуынша, барлық ЖЭО-да отын қоры нормаларға сәйкес жинақталған. Өткен айға қарағанда жағдай жақсарды. Энергия өндіруші ұйымдардың отын үшін кредиторлық берешегінің едәуір көлемі – маңызды проблемалық мәселе. Энергия өндіруші ұйымдардың «ҚазТрансГаз-Аймақ» АҚ алдындағы берешегі 15 млрд теңгені құрайды. Манғыстау облысы мен МАЭК мекемесі тиісті жұмысты белсендірек жүргізуі тиіс.

Сондай-ақ энергия өндіруші ұйымдардың «Богатырь-Көмір» ЖШС алдында 7 млрд 535 млн теңге сома берешегі бар. Энергетикалық кәсіпорындарға берешекті өтеуді жеделдету қажет. 

«Энергетика министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өңірлердегі жылыту маусымына дайындық барысын бақылау бойынша жұмысты жалғастырады», — деді ұлттық экономика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, алдағы жылыту маусымының үздіксіз өтуі үшін коммуналдық шаруашылықтың, әлеуметтік саланың және тұрғын үй қорының дайындығы бойынша министрлік тұрақты мониторинг жұмыстарын жүргізуде.

Білім беру нысандарының дайындығына қатысты оқу жылының басталуына бірінші қыркүйекке дейінгі мерзімде білім беру нысандары жылыту маусымына толық дайын болуы қажет болатын. Әкімдіктер ұсынған ақпаратқа сәйкес бүгінгі таңда білім беру нысандарының дайындығы 99,6%-ды құрайды. Сегіз өңірде 42 білім беру нысаны бойынша әлі де жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде 24 нысан бойынша күрделі жөндеу жұмыстары атқарылуда. Қалған нысандар бойынша жылу жүйесінде жөндеу жұмыстары аяқталмаған.

Денсаулық сақтау нысандары бойынша дайындық 98,9%-ды құрайды. Тоғыз өңірде 62 нысан бойынша дайындық жұмыстары жалғасуда. Дайындалмаған нысандарының ең көп саны Абай, Ақтөбе, Атырау облыстарында байқалады. Тұрғын үй қорының дайындығына келетін болсақ, 47 мың үйде дайындық жұмыстары аяқталды, бұл жоспардың 94%-ын құрайды.3 мыңға жуық тұрғын үй қысқы кезеңге әлі дайын емес. Дайындықтың төмен қарқыны – Маңғыстау облысында, Шымкент және Алматы қалаларында. Қыркүйек айының соңына дейін инженерлік инфрақұрылымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау қажет болатын.

«Жалпы республика бойынша барлық қаржыландыру көзі есебінен 573 шақырым жылу желілерін жөндеу жоспарланған. Бүгінгі таңда жоспардың 498 шақырымы немесе 86,8%-ы орындалды. Алматы, Маңғыстау және Атырау облыстарында жылу желілерін жөндеуі 70%-дан төмен орындалған», — деді Қанат Шарлапаев. 

Министрдің айтуынша, биыл 133 шақырым жылу желілерін қайта жаңартуға республикалық бюджеттен 109,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінде жұмыстар 78%-ға орындалды немесе 103 шақырым жылу желілері салынды. Бірқатар өңірде жөндеу жұмыстарының төмен қарқыны және уақытылы аяқталмау қаупі байқалатын 10 проблемалық учаске бар.

Маңғыстау облысына екі жобаны іске асыруға 3,5 млрд теңге бөлінді. Бүгінгі таңда жоспарланған 5,1 шақырымның тек 100 метрі төселген. Құбыр өнімдерінің қажетті көлемі жоқ. Ұқсас жағдай Солтүстік Қазақстан облысында да байқалады. Петропавл қаласында бір жоба бойынша жоспарланған 1,3 шақырымның 200 метрі ғана төселген. Бұдан басқа Шығыс Қазақстан, Қарағанды және Қызылорда облыстарында екі жобадан, сондай-ақ Шымкент қаласында бір жоба бойынша жоспардың орындалуы 70%-дан төмен.

Жоғарыда аталған жобалар бойынша жөндеу жұмыстарының аяқталмауы және жылыту маусымында көрсетілетін қызметтер сапасының нашарлауына әсер ету қаупі жоғары. Осыған байланысты жергілікті атқарушы органдар жобаларды аяқтау бойынша жедел шараларды қабылдауы қажет.

Сонымен қатар биыл әкімдіктермен 1,6 мың шақырым сумен жабдықтау желілерін жөндеу жоспарланған, жоспардың 1,5 мың шақырымы немесе 93,6%-ы орындалды. Жұмыстың төмен қарқыны Алматы қаласында, Атырау және Түркістан облыстарында байқалады.

Бұдан басқа 263 шақырым кәріз желілерін жөндеу жоспарланған, оның ішінде 220 шақырымы немесе 79,9%-ы орындалған. Ең төменгі көрсеткіштер Маңғыстау облысы, Алматы қаласы және Алматы облысында байқалады.

«Автономды қазандықтардың дайындығы бойынша биыл 13 514 дербес қазандықты дайындау қажет. Жұмыстар 99,2%-ға орындалды. Дайындық жұмыстары Шымкент қаласында, Абай және Қызылорда облыстарында жалғасуда», — деді өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаев.

Ағымдағы жылыту кезеңінде көмір өніміне қажеттілік 9,1 млн тоннаны құрайды. Бүгінгі коммуналдық-тұрмыстық қажеттіліктерге және халыққа шамамен 2,6 млн тонна көмір жөнелтілді. Жылдық жоспардың орындалуы 28,3%-ды құрайды. Әлеуметтік көмірдің сыртқа кетуін болдырмау мақсатында Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі көмірді автомобиль көлігімен әкетуді шектеу жөнінде шаралар қабылдады. Көмір өндіруге келісімшарттар және лицензиялары бар көмір өндіруші кәсіпорындарға, сондай-ақ онымен үлестес сауда компанияларына әкету құқығын бере отырып, көмір экспортына айрықша құқықты белгілеу туралы Үкімет қаулысы қабылданатын болады.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Қанат Шарлапаевтың айтуынша, жылыту маусымын уақытылы бастау және үздіксіз өткізу мақсатында әкімдіктер келесідей шараларды қабылдауы қажет – қыркүйек айының соңына дейін инженерлік инфрақұрылымдағы жөндеу жұмыстарын аяқтау, 15 қазанға дейін әлеуметтік нысандар мен тұрғын үй қорының әзірлігін қамтамасыз ету, жылыту маусымының уақытылы басталуы және үздіксіз өтуі бойынша барлық қажетті шараларды қабылдау, өңірлік операторларды өңірдің қажеттілік жоспарына сәйкес көмір жеткізуге арналған келісімшарттармен қамтамасыз ету, жылыжай шаруашылықтары мен көмір жеткізуге арналған көмір разрездері арасында тікелей келісімшарттар жасасуды жеделдету, көмірді тиеп-жөнелтуге өтінімдердің көлемін келісімшартталған көлемдерге сәйкес ұлғайту қажет.

Жалпы, министрдің айтуынша, осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің тұрақты бақылауында.

Павлодар облысының әкімі Асайын Байхановтың айтуынша, Екібастұз жылу электр орталығында 10 қазандықтың алтауы осы аптада дайын болады. Қалған 4 қазандық бойынша бекітілген кестеге сәйкес жөндеу жұмыстары қазан айының соңына дейін аяқталады. Екібастұз қаласының жылу желілерінің жалпы 382 шақырымның 73 шақырымы ауыстырылды. Жөндеу жұмыстары осы аптада аяқталады.

«Жалпы өңірде барлық әлеуметтік нысан мен тұрғын үй қоры дайын. Гидравликалық сынақтардан кейін анықталған барлық зақым толығымен жойылды. Павлодар облысының қатты отынға жалпы қажеттілігі 552 мың тоннаны құрайды», — деді Асайын Байханов.

Отынмен қамтамасыз ету жұмыстары қарқынды. Сондай-ақ облыстың әлеуметтік нысандарында қатты отынның 2 айлық және жылу көздерінде көмір мен мазуттың қажетті қоры бар.

«Алдағы жылыту маусымына дайындық менің күнделікті бақылауымда», — деді Павлодар облысының басшысы.

Абай облысының әкімі Нұрлан Ұранхаевтың мәліметінше, өңірде алдағы жылыту маусымына дайындық бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Бүгінгі таңда жалпы сомасы 23,9 млрд теңгеге жылу желілері мен көздерін қайта жаңарту жұмыстары аяқталуда. Жөндеу жұмыстары 85%-ға орындалып, осы жылдың қыркүйек айының соңына дейін аяқталады.

«Алдағы жылыту маусымына облыс бойынша көмірдің жалпы қажеттілігі 1,245 млн тоннаны құрайды. ЖЭО мен облыстың жылу көздерінде 48 мың тонна көмір немесе нормативтік пайдалану қорының 181%-ы жинақталған», — деді Нұрлан Ұранхаев.

Бюджеттік ұйымдар үшін отын жеткізу толық көлемде жүзеге асырылды. Халық көмірмен 34%-ға қамтамасыз етілген. Теміржол тұйықтарында 13,3 мың тонна бар, жеткізу уақытылы жүзеге асырылады.

Өңір басшысының айтуынша, «Ғаббасов» қазандығында қуаттылықты арттыру мақсатында қуаты сағатына 20 Гкал болатын қосымша қазандық агрегаты орнатылады, жұмыстардың аяқталу мерзімі – осы жылдың 30 қыркүйегі. №2, №3 қазандықтардың дайындығы 80%-ды құрайды, жылыту маусымының басында бұл қазандықтар дайын болады. №4 қазандықты монтаждау аяқталды, іске қосу-жөндеу жұмыстары жүргізілуде. №1 қазандық резервтік болып табылады, ол 30 қазанға дейін іске қосылады.

#Білім беру #Жылу беру маусымы #Энергетика #Өнеркәсіп

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу