Қазақстанда I жартыжылдықтың соңына дейін энергия тиімділігі мен тауарлық газды ұтымды пайдалану жоспары әзірленеді 

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында VIII сайланған Парламенттің бірінші сессиясының ашылуы барысында Мемлекет басшысы берген тапсырмаларды іске асыру шаралары қаралды. Энергетика министрінің м.а. Болат Ақшолақов елдің энергетикалық блогын дамыту жөніндегі жұмыс жоспарлары туралы баяндады.

Ішкі нарықты газбен қамтамасыз ету

Б. Ақшолақовтың айтуынша, экономиканың өсуін ескере отырып, табиғи газды ішкі тұтыну айтарлықтай, атап айтқанда 2020 жылмен салыстырғанда 2 млрд текше метрден астамға өсті. Ел экономикасын газбен қамтамасыз ету мақсатында Экономика министрлігі «ҚазақГаз» және «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, бірқатар шара қабылдауда:

  1. Газ өндіруді ынталандыру бойынша заңнамалық өзгерістер қабылданды.

  2. Қашаған, Қарашығанақ кен орындарында газ өңдеу бойынша жаңа зауыттарды іске асыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Нәтижесінде, биылдан бастан тауарлық газ өндірісінің ұлғаюы 2025 жылы айтарлықтай өседі деп күтілуде.

  3. Қол қойылған Жол картасы шеңберінде «Газпроммен» газ импорты бойынша уағдаластықтарға қол жеткізілді.

Сонымен қатар бүкіл әлемде энергия үнемдеу мәселесі – негізгі күн тәртібінде, ауа райының сууы көршілес Өзбекстан мен Түрікменстанда газ проблемаларын тудырды. Тұтынушылардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын ескере отырып, халық үшін газ бағасын ұстап тұру қажет. Алайда газдың төмен бағасын табысы жоғары тұтынушылар да пайдалануды жалғастыруда.

Мысалы, 2 есеге жуық температура айырмашылығымен Маңғыстау және Қостанай облыстарының тұтыну көлемі – айына орта есеппен 600 текше метр газ. Осыдан қорытынды жасауға болады: газ бағасының төмен болуы газды ұтымсыз пайдалануға әкеледі. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес осы жылдың 1-жартыжылдығының сонына дейін Индустрия және инфрақұрылымдық даму және Ұлттық экономика министрліктерімен бірлесіп, энергия тиімділігі мен тауарлық газды ұтымды тұтыну жоспары әзірленетін болады, сондай-ақ Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп, атаулы әлеуметтік көмек алатын халықты қоспағанда, тұрмыстық тұтынушылар үшін ұқыпты тұтынуды ынталандыратын газға сараланған тарифтер тетігі енгізілетін болады.

Электр энергетикасы нарығын дамыту

Биылғы 1 шілдеден бастап электр энергиясын бірыңғай сатып алушы және электр энергиясын теңгерімдеуші нарық тетігі негізінде электр энергиясы нарығының жаңа моделіне көшу жоспарланып отыр. Нарықтың жаңа моделі электр энергиясына орта мерзімді қажеттілікті жабу мақсатында генерацияны енгізу бойынша қажетті жобаларды іске асыруға мүмкіндік береді.

«Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған электр станцияларын жаңғырту бойынша жобалар іске асырылуда, олар 2027 жылға қарай 1 700 МВт-тан астам электр энергиясын іске қосуға мүмкіндік береді. Қызылорда қаласында және Түркістан облысында жалпы қуаты 1 200 МВт-тан асатын маневрлік қуаттардың құрылысы жүріп жатыр», — деді Болат Ақшолақов. 

Сондай-ақ Көкшетау және Семей қалаларында жаңа Жылу электр орталығын салу бойынша жобалар пысықталуда. Екібастұз ГРЭС-2 №3-4 блоктарын салу, сондай-ақ Алматы энергия кешенінің энергия көздерін жаңғырту бойынша жобаларды іске асыру жүргізілуде. Бұдан басқа Ұлттық электр желісін жаңғырту, оның ішінде батыс және оңтүстік аймақтардың энергия жүйесін күшейту, батыс аймақты Біртұтас электр энергетикасы жүйесіне қосу жұмыстары жүргізілуде.

Энергетика министрінің міндетін атқарушы Болат Ақшолақовтың айтуынша, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің қарауында «Жылу энергетикасы туралы» заң жобасы тұр, ол келесі шараларды көздейді:

- жылумен жабдықтау саласындағы реттеу және бақылау жөніндегі мемлекеттік органдардың өкілеттіктерін нақты бөлу;

- жылу энергиясын тұтынушылардың, жылу өндіруші және жылу өндіруші ұйымдардың құқықтары мен міндеттерін реттеу;

- жаңа құрал – жылу энергетикасын дамытудың мастер-жоспарын енгізу;

- энергия тиімділігін арттыруды ынталандыру шаралары.

Мұнай-газ-химияны дамыту

Елішілік құндылықты дамытуға қатысты Б. Ақшолақов көмірсутектер саласында қосылған құны жоғары өнім шығарумен мұнай-газ және химия саласын дамыту міндеті тұрғанын атап өтті.

«Өткен жылдың соңында қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін әлемдік ауқымдағы ең ірі мұнай-химия зауытының бірі іске қосылды. Бұдан басқа бүгінгі таңда салада жалпы инвестиция сомасы $8,6 млрд-ты құрайтын қуаты 1,2 млн тонна полиэтилен мен 319 мың тонна бутадиен өндіру бойынша 2 ірі жоба іске асырылуда», — деді экономика министрінің міндетін атқарушы.

Оған қоса Болат Ақшолақов халықаралық тәжірибеде мұнай-химия өндірістерінің жанында базалық мұнай-химия өнімдерін пайдалану негізінде кең сұранысқа ие тауарлар шығару бойынша шағын және орта бизнес кәсіпорындары белсенді түрде дамып келе жатқанын атап өтті. Әрбір кейінгі қайта өңдеп жасаған сайын мұнай-газ және химия мультипликативті әсер береді. Төртінші өңдеп жасағаннан кейін соңғы өнімнің құны шамамен 10 есеге дейін өседі.

Алайда бутадиен мен полиэтиленнің ірі жобаларын іске асыру бойынша инвесторлардың шарттарының бірі дайын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету болып отыр. Осыған байланысты Б. Ақшолақов Ұлттық экономика және Қаржы министрліктеріне Атырау облысында орналасқан «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының қажетті инфрақұрылымын салуға қаржыландыру көздеуді, сондай-ақ бюджет мүмкіндіктерін ескере отырып, газ бөлу қондырғысын қаржыландыруды сұрады.

#Жылумен жабдықтау #Энергетика

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу