Қазақстанда коронавирус инфекциясына қарсы вакцинаны екпе алуға тиісті ересек тұрғындардың 80% алды — А. Ғиният

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен ҚР Үкіметінің отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. ҚР денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният коронавирус инфекциясымен күрес жөніндегі шаралар туралы баяндама жасады.

Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, республикада коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі, бірақ соңғы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда жағдай тұрақтануда. 

«Жыл басынан бері республикада 250 мыңнан астам адам коронавирус инфекциясымен ауырды, соңғы аптадағы жағдайлардың орташа тәуліктік саны 8 мыңнан асты. Бұрынғыдай бүкіл ел және 14 өңір “қызыл” аймақта, Қызылорда облысы мен Шымкент қаласы “сары” аймаққа өтті, Түркістан облысы “жасыл” аймақта», — деді А. Ғиният.

Қаңтарда желтоқсанмен салыстырғанда КВИ-дан өлім-жітім деңгейі 1,3 есеге төмендеді. 

Соңғы екі аптада коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылық деңгейі 2,4 есе өсті. Бұл ретте аурудың ең көп өсуі 6 есе 5 өңірде – Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қостанай және Шығыс Қазақстан облыстарында байқалады.

Сырқаттанушылық 7 өңірде – Батыс Қазақстан, Қарағанды, Ақтөбе, Жамбыл, Алматы, Атырау облыстарында және Алматы қаласында 2-ден 6 есеге дейін өсті. 2 есеге дейін өсім 5 өңірде – Маңғыстау, Түркістан, Қызылорда облыстарында және Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында байқалады. Осыған байланысты, жергілікті атқарушы органдар халық арасында КВИ профилактикасы шаралары туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруы қажет. Осы жұмысқа барлық мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдарды, қоғамдық ұйымдарды тарту қажет.

«Денсаулық сақтау министрлігі балалардың, соның ішінде мектеп оқушыларының арасында коронавирус инфекциясымен сырқаттанушылықтың күнделікті мониторингін жалғастыруда. Осылайша, жалпы ел бойынша сырқаттанушылықтың жоғары деңгейі оқушылардың арасындағы эпидемиологиялық жағдайға да әсер етті, қаңтар айының ортасынан бастап біз сырқаттанушылықтың айтарлықтай өсуін көріп отырмыз. Соңғы аптада оқушылардың арасында КВИ-мен сырқаттанушылық 1,3 есе өсті», — деді денсаулық сақтау министрі.

КВИ-мен ауырғандардың жалпы санынан оқушылардың 10%-дан жоғары үлесі Түркістан, Ақмола, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарында, Шымкент және Нұр-Сұлтан қалаларында байқалады. Ажар Ғиният сондай-ақ 12 жастан асқан балалардың ата-аналарын балаларды вакциналау бойынша шешім қабылдауға шақырды.

Баяндамасын жалғастыра отырып, А. Ғиният денсаулық сақтау ұйымдарында 152 мыңға жуық пациент, оның ішінде 93% амбулаториялық және 7% стационарлық деңгейде емдеуді жалғастырып жатқанын атап өтті. Бұл ретте, соңғы екі аптада инфекциялық төсектер жүктемесі 31-ден 38%-ға дейін 1,2 есеге, реанимациялық төсектер жүктемесі 17-ден 22%-ға дейін 1,2 есеге ұлғайды. Соңғы 10 күнде инфекциялық төсектердің толықтырылуының артуы Қостанай облысында 2,3 есеге, Шығыс Қазақстан облысында 1,8, Жамбыл облысында 1,7 есеге, реанимациялық төсектер Маңғыстау облысында 7, Ақтөбе облысында - 2,8, Батыс Қазақстан облысында 2,3 есеге өсті.

«Дер кезінде медициналық көмек көрсету және ауыр жағдайдағы науқастар санын азайту үшін халықтың арасында КВИ-ді өз бетінше емдеуге жол бермеу туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту, мобильдік бригадалардың жеткілікті санын қамтамасыз ету үшін өңірлердің әкімдіктеріне қосымша автокөліктерді уақытылы бөлуді қарастыру қажет. Сырқаттанушылықтың өсуін ескере отырып, амбулаториялық деңгейде дәрілік препараттармен қамтамасыз етуді, дәріханалық желіде қабынуға қарсы және қызуды түсіретін дәрілердің болуын тұрақты бақылауға алған жөн. Бұдан басқа барлық амбулаториялық деңгейдегі науқастарды диагностикалау және динамикалық байқаумен, оның ішінде қашықтан көрсетілетін қызметтерді кеңінен пайдалана отырып, МСАК ахуалдық орталықтарының жұмысын күшейту қажет», — деді А. Ғиният.

Қаңтар айында 196 мыңнан астам адам егілді, Ақмола, Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қарағанды, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында вакциналау бойынша барынша белсенді жұмыс жүргізілуде. Жалпы ел бойынша вакциналауға жататын ересек халықтың 80%-дан астамы немесе ҚР халқы санының 51,7%-ы бірінші компонентпен және 77 және 47,8%-ы екінші компонентпен вакциналанды.

Халықты ревакциналау белсенді жүргізілуде, сондықтан вакцинаның үшінші дозасын 1,5 млн-нан астам адам, оның ішінде қаңтарда шамамен 1 млн адам алды. Ең жоғары қамту Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарында байқалады.

Қазіргі уақытта республикада тұмаумен және басқа да жіті респираторлық вирустық инфекциямен (ЖРВИ) сырқаттанушылықтың кезеңдік жыл сайынғы өсуі байқалады, ол жыл сайын қаңтар-ақпан айларына келетін. Эпидемиологиялық маусым басталғанға дейін тұмауға қарсы 2,7 млн-нан астам адам егілді, бұл республика халқының 14%-ын құрайды. Қазіргі уақытта бүкіл республика бойынша А тұмауы вирусының айналымы байқалады. Барлығы 500-ден астам тұмау жағдайы анықталды.

2019 жылғы эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда сырқаттану 1,2 есеге өсті, соңғы аптада сырқаттанудың жоғары деңгейі сақталып, балалар арасында 13%-ға өсті. 

Офлайн оқыту жағдайында балалардың КВИ және ЖРВИ-мен сырқаттанушылығының жоғары қаупі сақталады. Тұмау мен ЖРВИ профилактикасының спецификалық емес шаралары КВИ-дің профилактикасына ұқсас және өзекті — бұл маска тағу режимін сақтау, жаппай адамдар көп жиналатын орындарға барудан бас тарту. Аурудың белгілері пайда болған жағдайда үйде отырып, басқалардан оқшауланған жөн және медициналық көмекке уақытылы жүгіну қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу