Қазақстанда мал шаруашылығын дамыту үшін озық технологиялар енгізілмек

Қазақстанда мал шаруашылығын дамытудың мемлекеттік саясаты әлемнің озық технологияларын ескере отырып жүргізілетін болады. Үздіктердің қатарында Австралияның әдісі бар, ол әлем бойынша қой етін өндіретін бестікке кіреді, сондай-ақ ең ірі экспорттаушы болып саналады.

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Қазақстандағы мал шаруашылығының негізгі міндеттерін, проблемалары мен даму перспективаларын ірі отандық мал өсіруші және ет өндірушілермен талқылады.

«Атамекен-Агро» ЖШС басқарма төрағасы Кинталь Исламов жақында Австралияға барып, мал өсірушілер фермаларын аралаған. Сол сапары туралы сөз етті.

«Мені бірінші кезекте қатты таңғалдырған нәрсе – мал ұстаудың тазалығы мен тәртібі. Процесс кезінде жоғары технологияларды қолдану, келістірілген логистика, қолданылатын жабдықтар, жем беру тәртібі, қалдықтарды кәдеге жарату сияқты процестер мүлде басқаша жүргізіледі. Мұндай өндіріс құру үшін көп қаражат қажет. Бізге әрқашан қаражат жетіспейді, үнемдеп қалғымыз келіп тұрады. Оған қоса тез салмақ жинайтын мал басы жеткілікті болуы қажет. Біз аграрлық секторды әрдайым сынаймыз, бірақ бұл жалпы капиталды көп қажет ететін өндіріс екенін түсінуіміз керек. Негізіен бұл перспективалы бағыт деп есептеймін, бірақ кәсіби көзқарасты талап етеді», — деді Исламов.

Статистика мәліметтеріне қарасақ, жалпы мал шаруашылығы саласы Қазақстанда тұрақты қарқынмен дамып келеді. Соңғы 5 жылда шаруашылықтардың барлық санатында сиыр етін өндіру 56 мың тоннаға немесе 11,7%-ға артты (2018 жылғы 477,4 мың тоннадан 2022 жылы 533,2 мың тоннаға дейін). Нәтижесінде бүгінгі таңда сиыр етімен қамтамасыз ету 102%-ды құрайды.

«Етті мал шаруашылығын субсидиялау бағдарламасы сатып алу мен асыл тұқымды селекциялық жұмыстан бастап, бордақылау алаңдары мен ет комбинаттарына тапсыруға дейінгі барлық өндірістік циклді қамтиды. Сондай-ақ қуаты тәулігіне 1 500 бас сиыр етін өңдеуге жететін кәсіпорындардың етті дайындау құны субсидияланады», — деді кеңесте ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғали Бердалин.

Бүгінде елдің ішкі нарығы етпен толық қамтамасыз етілгенін ескерсек, саланың одан әрі дамуы экспортқа байланысты. Бұл салада да шешуді талап ететін мәселелер аз емес.

«Бұл мал шаруашылығы кәсіпорындарының көбінің ұсақ тауарлылығы мен технология жағынан артта қалуы, ірі қара малды азықтандырудың толыққанды рационының сақталмауы. Соңында бұл өнімділікке әсер етеді және сойылған еттің салмағы орташа есеппен 176 келіден аспайды», — деді Аманғали Бердалин.

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі үш жылдық кезеңге арналған Етті мал шаруашылығын дамытудың жол картасын әзірлеп жатыр. Құжатқа экспортқа бағдарланған заманауи ет комбинаттарын, мал салмағының тәуліктік орташа өсімін арттыруға және жоғары салмаққа қол жеткізу кезеңін қысқартуға ықпал ететін заманауи технологияларды пайдалану негізінде ірі қара мал өсіретін бордақылау алаңдарын құру шараларын енгізу жоспарланып отыр.

Кеңесте фермерлер мал шаруашылығын дамыту бойынша өз жоспарлары мен ұсыныстарын айтты. Мысалы, «Нұрым Топ» ЖШС мен «Қайып Ата» ЖШС құрылтайшысы Сырым Ертаев Түркістан облысында 25 мың басқа арналған бордақылау алаңын дайындап жатқанын, сондай-ақ 4,5 мың га суармалы жерді игеру жоспарда барын айтты. Бизнес-жоспар мен қажетті құжаттары да дайын. 

Сонымен қатар «Қарасу-Астық» инвестициялық жобасының жетекшісі Талғат Малаев мал басын көбейту жоспарлары туралы айтып берді.

«Жем-шөп базасы, оны дайындауға арналған техника, бір уақытта 3 мың бас малды бордақылауға мүмкіндік беретін алаң бар, оның ішінде 1,8 мың төлдейтін мал басы бар. Мал бордақылау алаңын 10 мың басқа дейін ұлғайтуды, ет комбинатын жаңғыртуды, өнімді терең өңдеу технологиясын енгізуді және асыл тұқымды репродукторды 7 мың басқа дейін ұлғайтуды жоспарлап отырмыз. Оған қоса “жасыл” технология – биогазды дамытамыз», — деді ол. 

«ZHERSU» инвестициялық-өнеркәсіптік корпорациясы» ЖШС» басқарма төрағасы және «Архарлы-Майбүрек» және «Қайыңды» жобаларының үйлестірушісі Ілияс Жанановтың 7 мың төлдейтін малы бар, олардың көбі Абердин-ангус және Герефорд тұқымдарынан, ол мал басын 10 мыңға дейін жеткізуді және 2 мың га жерге суару жүйесін орнатуды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар кеңес барысында ветеринария жүйесін реформалау және экспорттық нарықтарды ашу, мемлекетке қайтарылған жерлерді әділ бөлу қажеттігі туралы ұсыныстар айтылды.

«Біз дамыған елдердің озық тәжірибесін енгізуге және сол арқылы Қазақстанда ет өндірісін арзандатуға дайын адамдарды қолдайтын боламыз. Пилоттық жобаларда жаңа әдістерді сынақтан өткіземіз. Қазір бізге ауқымды бағдарламалар емес, кейін ел бойынша енгізуге болатын табысты модельдер қажет. Бірақ әр жоба өңірлерде, «Атамекен» ҰКП-да қаржылық тұрақтылық, іскерлік бедел, қаржы институттарының барлық талабына және басқа да параметрлерге сәйкестігі тұрғысынан мұқият тексерістен өтеді», — деп түйіндеді Серік Жұманғарин.

#Ауыл шаруашылығы #Жол карталары #Инвестициялар #Серік Жұманғарин #Экспорт

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу