Қазақстанның барлық аймақтарында жаппай егін жинау науқаны басталды — Ауыл шаруашылығы министрлігі

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында егін жинау науқанына дайындық және жемшөппен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Өз кезегінде тақырыпқа қатысты ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, жанар-жағармаймен қамтамасыз ету туралы энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов, сонымен қатар Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев баяндама жасады.

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Ербол Шырақпайұлы Қарашөкеев мәлімдегендей, биылғы ауа-райының қолайлы болуы егін жинау жұмыстарын уақтылы бастауға мүмкіндік берді және бүгінгі күні жалпы республика бойынша 2,4 млн гектар дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар немесе 14,1% өнім жиналды.

Орташа өнімділігі гектарына 11,5 центнер болған 2,8 млн тонна астық бастырылды. Айта кету керек, республиканың барлық өңірлерінде жаппай егін жинау науқаны басталды.

Осы жылы ауыл шаруашылығы дақылдары жиналатын жалпы алаң 24 млн га құрайды. Оның 17,4 млн гектарынан дәнді дақылдар жиналады.

Егер дақылдар бөлінісіндегі әлеуметтік маңызы бар өнімдкрге тоқталатын болсақ, бидай жиналатын алаң 13,7 млн гектарды құрайды, оның ішінде 1,5 млн гектардан астық жиналды: өнімділігі – гектарына 11,8 центнер, бастырылғаны – 1,8 млн тонна астық. 

Майлы дақылдар жиналуы тиіс 2 800 мың гектардың 34 мыңынан бүгінде гектарына 6,9 центнер өнім жиналды. Картоп жиналатын 188 мың га-дан гектарына 208,9 центнер, 458 мың тонна картоп алынды. Көкөністер жиналатын алаң 164,8 мың га құрайды, одан гектарына 216,3 центнер, яғни 1,5 млн тонна өнім жиналды.

Айта кету керек, егу науқаны сапалы тұқымдарды пайдалана отырып оңтайлы уақытта жүргізілді. Фермерлер тыңайтқыштарды уақытында берді, арамшөптер мен ауруларға қарсы химиялық өңдеу уақтылы жүргізілді.

Сонымен қатар осы жылы вегетациялық кезеңде ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер құрғақшылыққа және егіндік суының болмауына байланысты бірқатар қиындықтарға кез болды, бұл дақылдардың жай-күйіне әсер етті.

Мәселен облыстар әкімдіктерінің жедел деректері бойынша бүгінде дәнді дақылдар егісінің 45,1%-ы жақсы, 46%-ы қанағаттанарлық және 7,5%-ы нашар күйде.

Осы ретте, 180 мың гектар немесе астық дақылдарының 1%-ы жойылған, бұл негізінен Павлодар облысында орын алды, көрсеткіш көпжылдық орташа көрсеткіштен (2,4%) төмен. 

Салыстырмалы түрде, дақылдардың 2021 жылы құрғақ деп саналған 3,8%-ы жойылған.

Сондай-ақ Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша Қырғыз Республикасы жағынан судың аз келуіне байланысты шамамен 7,8 мың гектар зардап шекті, оның ішінде қант қызылшасы сияқты әлеуметтік маңызы бар дақылдың алаңы 1,2 мың гектарды құрайды.

Өңірлік ауқымда төтенше жағдай жариялау және егіншілердің шығындарын жабу, республикалық бюджеттен субсидияны толық көлемде жеделдетіп төлеу және диқандардың қайтаратын несиелерінің мерзімдерін ұзарту бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді.

Жаппай егін жинау жұмыстарының басталуына байланысты ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер барлық қажетті техниканы дайындады.

Жалпы егін жинау жұмыстарын жүргізу үшін республикада 149,9 мың трактор, 38,6 мың астық жинайтын комбайн, 13,5 мың орақ бар.

Ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге егін жинау жұмыстарын уақтылы жүргізу үшін 426 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді, оның 58 мың тоннасы мал азығын дайындау жұмыстарын жүргізуге бағытталды.

Дизель отынының бұл көлемі ҚР Энергетика министрлігімен келісіліп, бекітілген. Барлық шығындарды ескере отырып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер үшін орташа баға литріне 250 теңгені құрайды, бұл нарықтық бағадан 15%-ға төмен.

Министрлік элеваторлардың жаңа егінді қабылдауға дайындығына қатысты тұрақты мониторинг жүргізіп келеді. 

Республикада астық сақталатын орындардың жалпы сыйымдылығы 29,9 млн тоннаны құрайды: астық қабылдау кәсіпорындарында – 13,1 млн тонна, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерде – 16,8 млн тонна. Сақтау сыйымдылығының көрсетілген көлемі өткен жылдардың ауысымын ескерсек, болжамды өнімді сақтау үшін жеткілікті. 

Облыстар әкімдіктері астық қоймаларының жаңа өнімді қабылдауға дайындығын қамтамасыз етуі қажет.

Егін жинау науқанын сәтті өткізудің негізгі мәселесі – шаруаларды қаржымен қамтамасыз ету.

Өткен жылдағыдай «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ желісі бойынша көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын қаржыландырудың жалпы сомасы 140 млрд теңгені құрады және 3,8 мың ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілер қаржыландырылды.

Азық-түлік корпорациясының желісі бойынша оның ресурстарына астық жеткізудің қажетті көлеміне келісімшарт жасалды, ол үшін 81,2 млрд теңге, оның ішінде форвардтық сатып алу шеңберінде 21,2 млрд теңге және тауарлық кредит арқылы 60 млрд теңге бөлінді.

Қазіргі уақытта бірінші кезектегі міндет өсірілген егінді шығынсыз жинау болып отыр, бұл ретте Қазгидрометтің болжамдарын ескеру қажет.

Азық дайындауға келетін болсақ, өңірлерде жергілікті атқарушы органдарының жедел деректері бойынша бүгінгі күні шамамен 1,2 млн тонна пішен дайындалды, бұл жоспарланған көлемнің 84,4%-ын құрайды.

Айта кету керек, сабан, сүрлем және құнарландырылған азықты дайындау негізінен қыркүйек айынан басталады.

Ауыл шаруашылығы жануарларының рационында негізгі азық болып табылатын пішен дайындау 19,6 млн тоннаны немесе жоспардың 78,2%-ын құрады.

Қостанай, Түркістан, Жамбыл және Солтүстік Қазақстан облыстарында пішен дайындау қарқыны өте жоғары.

Министрлік тарапынан азықты сәтті дайындау үшін бірқатар шаралар қабылданып жатыр.

Жедел штабтың екі отырысының қорытындысына сәйкес, әкімдіктерге азық дайындауды субсидиялауға қосымша қаражат бөлу тапсырылды. Нәтижесінде, жедел ақпарат бойынша әкімдіктер бұрын бекітілген 11,7 млрд теңге субсидия көлеміне қосымша 10,1 млрд теңге бөлуді жоспарлап отыр.

58 мың тонна көлеміндегі жеңілдетілген дизель отынын тиеп-жөнелту жалғасын тауып отыр.

Биылғы 1 тамыздан бастап «ҚазАгроҚаржы» АҚ желісі бойынша мал азығын дайындау техникасын сатып алу, агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне одан әрі лизингке беру үшін қаржыландыру басталды. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен 20 млрд теңге бөлінді. Азық өндірісін дамытудың жол картасын іске асыру бойынша жұмыстар жалғасуда.

«Павлодар облысы бойынша 4 ауданда пішеннің аз болуына байланысты азық дайындау қарқынының біршама артта қалғанын атап өткім келеді. Осыған байланысты, менің тапсырмам бойынша осы салаға жетекшілік ететін вице-министр Павлодар облысында болып, 6 ауданды аралады. Жайылымдар, шабындық жерлер, сондай-ақ бидай егістері тексерілді. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілермен және тұрғындармен бірқатар кездесулер өткізілді», — деді Е. Қарашөкеев.

Министрлік Павлодар облысының әкімдігімен бірлесіп қажетті азық көлемін дайындау, оның ішінде халықтың жеке қосалқы шаруашылықтарын азықпен қамтамасыз ету бойынша одан арғы іс-қимылдарды үйлестірді.

Кездесулердің қорытындысы негізінде «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ желісі арқылы фермерлердің кредиттері бойынша борыштарды ұзарту, сондай-ақ резервте тұрған субсидияларды жеделдетіп төлеу жөнінде шаралар әзірленді. Бұл шаралар өңірде азық жинауды және азық дайындауды табысты жүргізуді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Егін жинау және мал азығын дайындау науқандарының барысы Ауыл шаруашылығы министрлігі жанындағы Республикалық жедел штабтың тұрақты бақылауында.

Өз кезегінде энергетика вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді (АШТӨ) дизель отынымен қамтамасыз ету бойынша ақпарат берді.

Оның айтуынша, 17 тамызда әкімдіктердің өтінімдері бойынша дизель отынын тиеп-жөнелтудің ай сайынғы графигі түзетілді. Оның ішінде, шілде-тамыз айларының көлемдері азайтылып, керісінше қыркүйек айында көлем көбейтілді. Тиеп-жөнелтудің жалпы көлемі өзгерген жоқ – 426 мың тонна, соның бүгінде 28%-ы орындалған.

АШТӨ үшін дизель отыны қозғалысының ашықтығы мен бақылануын қамтамасыз ету үшін мынадай шаралар қабылданды:

  • Мемлекеттік кірістер комитеті жеке ПИН-кодтар енгізді;
  • АШТӨ операторлары жеке виртуалды қоймалар құрды.

Мұнай зауыттары дизель отынын тиеп-жөнелтуді мынадай тәртіппен жүргізеді:

  • басым бөлігі АШТӨ үшін басымдықпен;
  • өтінімдер, төлемдер және АШТӨ операторларының теміржол вагондарын беруі негізінде тиеп-жөнелтуді жүргізеді.

«Үкімет басшысы тапсырмасын орындау мақсатында және әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсыныстары бойынша Министрлік «ҚазМұнайГазбен» бірлесіп, қосылған құн салығын ескере отырып, 1 литр бағасы үшін 228 теңге белгіленді. Бұл межелі стансаға дейін тасымалдау шығындарын ескере отырып шығарылған баға. АШТӨ үшін дизель отынының бағасы операторлардың литріне 22 теңгеге дейін шығыстары мен маржасын ескере отырып, 1 литр үшін 250 теңгені құрайды», — деді вице-министр.

Келтірілген мәліметке сүйенсек, АШТӨ үшін баға автожанармай құю стансасына қарағанда 18%-ға төмен.

Дизель отынымен қамтамасыз ету және егін жинау жұмыстарының үзіліп қалуына жол бермеу үшін әкімдіктер мен Ауыл шаруашылығы министрлігіне төмендегіше тапсырма беруді ұсынамыз:

1) дизель отынын жеткізу жөніндегі операторларды таңдауды аяқтау және өтінімдерді, төлемдерді және МӨЗ-ге вагондарды жеткізуді жеделдету;

2) көктемгі егіс жұмыстары кезеңінде өткізілмеген 26 мың тонна дизель отынын егін жинау жұмыстары үшін пайдалану;

3) АШТӨ операторларының дизель отынының белгіленген бағасын арттыруға және негізсіз жоғары маржаға жол бермеу үшін бақылауды қамтамасыз ету.

Сондай-ақ облыстар мен Шымкент қаласы әкімдіктерінің мынадай ұсыныстарымен келісу ұсынылады: дизель отынына ұсынылатын бағаны 1 литр үшін 250 теңге көлемінде белгілеу, 1 тамыздан бастап жаңадан ұсынылатын бағаны ескере отырып, жеткізілген дизель отыны үшін төленген көлемдерді қайта есептеу және өңірге, МӨЗ-ге және ЖЖМ қорларының болуына байланысты дизель отыны көлемін оңтайлы қайта бөлу.

Өз кезегінде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов мәлім еткендей, биыл облыс бойынша 5 млн га алқапта егін жинау жұмыстарын жүргізу қажет. Негізгі астық дақылы – 4,4 млн га, майлы дақыл көлемі – 661,1 мың га-ны құрайды.

«Қазіргі уақытта ауыл шаруашылығы құрылымдары егістің ерте егілген алқаптарын жинауға кірісті, 250 мың га астық бастырылды. Орташа өнім гектарына 8 центнер. Бұл ерте пісетін дақылдар өнімділігі артуы тиіс. Майлы дақылдардың өнімі гектарына 7 центнер», — деді өңір басшысы.

Оның айтуынша, облыста өнімді сақтау сыйымдылығы жеткілікті, 8,3 млн тонна өнімге орын бар. Облыста 37 лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны бар, қазіргі уақытта егінді қабылдауға дайындық деңгейі 95%-ды құрайды. Ылғалды астықты кептіруге арналған 318 агрегат дайын тұр.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының техникалық паркі жұмысқа әзір. 8,8 мың астық жинайтын комбайн бар. 

Бүгінде облысқа 85,1 мың тонна дизель отыны бөлінді. Бөлінген көлем егін жинау науқанын жүргізу үшін жеткілікті.

Келтірілген ақпарат бойынша, Үкімет басшысының тапсырмасымен дизель отынының құны 250 теңгеге дейін төмендеген. Бұл диқаншыларға күзгі орақ науқаны қарсаңында үлкен қолдау. 

Малдың қыстауына қажетті мөлшерде шөп – 1 млн 97 мың тонна көлемінде дайындалды. Пішен даярлау науқаны аяқталуда – 140 мың тонна немесе қажетті мөлшердің 98%-ы орындалды.

Сақадай сай техника – барлық жұмысты уақытында орындауға мүмкіндік береді, егін жинау науқанына қатысты өңірде ешқандай мәселе жоқ.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Айдарбек Сапаров биылғы егін науқаны жұмыстарының алаңы 4,5 млн гектарды құрайтынын, өңірде орақ науқаны 15 тамызда басталатынынан хабар берді. Оның мәлімдеуінше, барлық шаруашылықтар жаппай егін жинауға 20 тамыздан бастап толық кіріскен. 

Бүгінгі таңда дәнді дақылдардың 614 мың гектары бастырылды, 739 мың тоннасы өңделді, өнімділігі гектарына 12 центнер.
Майлы дақылдардың 5 мың гектарының өнімі бастырылды, 4 мың тоннасы өңделді, өнімділік 8 центнер.

Барлық агротехникалық іс-шараларды сақтау және салаға инвестициялар тарту есебінен өнім беруі өткен жылмен деңгейлес, одан төмен болмайды деп күтіліп отыр.

Сондай-ақ топырақтың құнарлылығын арттыру мақсатында 2,3 млн гектар алқапқа 175 мың тонна минералды тыңайтқыш берілді. Жыл соңына дейін тағы да қосымша 25 мың тонна енгізіледі.

Жыл басынан бері 48,2 млрд теңгеге 1 768 бірлік техника алынды. Астық қабылдайтын бекеттер астық қабылдауға толық дайын. Қолдағы сыйымдылық өңір қажеттілігін 100% жабады.

Бүгінгі таңда жанар-жағармай жоспарлы түрде жеткізіліп отыр, диқандар үшін түпкілікті баға – 250 теңге.

Өткізілген іс-шаралар мен қолайлы ауа райын ескере отырып, егін жинау науқаны оңтайлы уақытта өткізіледі.

Жем-шөп дайындау жоспарлы режимде жүргізіліп келеді. Осы жылы оның алқабы 368 мың гектарға дейін ұлғайтылды. Қазіргі уақытта жоспарланған 940 мың тонна шөптің 875 мың тоннасы дайындалды. Жоспарлаған 211 мың тоннаның орнына 228 мың тонна пішен дайындалды.

Сонымен қатар облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары сүрлем дайындауға кірісті. Облыстағы мал шаруашылығын сабанмен қамтамасыз ету үшін агроқұрылым басшыларымен түсіндіру жұмысы жүргізілді.

Өз кезегінде сөз алған Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев өңірдегі егістік алқабының көлемі шамамен 200 мың гектарға артуына байланысты биыл ол 5,3 млн гектарды құрайтынын баяндады. Оның ішінде: астық және бұршақ дәнді дақылдар – 4,9 млн, майлы дақылдар – 198 мың және көкөніс дақылдары 15 мың гектардан астам.

Оның айтуынша, облыстың агроқұрылымдары егін жинауға кірісті. Бүгінгі таңда 310 мың гектар егістік алқаптың 6,5%-ының астығы бастырылды. Түсім 232 мың тоннаны құрайды, өнімділігі гектарына 7,5 центнер.

«Егін жинауға 9 мың астық жинау комбайны, шамамен 3 мың орақ, 5 мың жүк автокөлігі тартылды. Астықты қабылдау, оның сақталуын қамтамасыз етуді жалпы сыйымдылығы 4,5 млн тонна болатын 71 астық қабылдау кәсіпорны жүзеге асырады», — деді өңір әкімі.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы құрылымдарында сыйымдылығы 2,4 млн тонналық астық сақтау қоймалары бар.

Биыл астық жинауға 90,5 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінді. Жем-шөппен толық қамтамасыз ету мақсатында мал азығы өсірілетін алқап 28 мың гектарға ұлғайтылды, ол жалпы алғанда 223 мыңнан астам гектарды құрады.

Бүгінгі таңда 1,2 млн тонна немесе қажетті шөп көлемнің 92%-ы шөп, 252 мың тонна немесе 97% пішен дайындалды.

Шаруашылықтарды жеммен толық қамтамасыз ету қажеттігін ескере отырып, қосымша тағы 750 мың тонна сабан дайындау жоспарланып отыр. Осы бағыттағы жұмыс жалғасып келеді.

Атырау облысы бойынша мал басының барлық түрлерінде өсім бар. Қыс мезгіліне қажетті мал азығы 600 мың тонна болса, оның 80%-ы облыс аумағында, 20%-ы көршілес Батыс Қазақстан, Ақтөбе облыстарында дайындалады. Бұл туралы Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов өз баяндамасында мәлімдеді.

Оның айтуынша, бүгінде өңірдегі мал азығының 61%-ы дайын. Өткен жылдан қалған азықтыққа жарамды 88,8 мың тонна, осы жылғы 278 мың тонна мал азығы бар.

Облыста мал азығын дайындауға 705 трактор, 1341 шөп шабатын агрегат, 630 тасымалдаушы техника жұмылдырылған. Оны дайындауға кеткен шығындарды өтеу үшін жергілікті бюджеттен шаруашылықтарға 1,9 млрд теңге көлемінде субсидия бөлініп, субсидия қаржысы үш жылдың ішінде екі есеге артты.

Сонымен қатар шаруашылықтарға қажет кебекті жемге 41 мың тонна көлемінде қажеттілік бар, қазіргі уақытта оның 45%-ы дайын.

Жем бағасын тұрақтандыру мақсатында оны дайындаушылар есебінен 1,2 мың тонна кебекті жем әзірленіп, оның 1 килограмын 60-65 теңгеден сату ұйымдастырылды.

Ал, 34 оператор жеке секторлар арқылы шаруашылықтарға жем тасымалдаумен айналысып, шаруаларға 17 мың тонна жем берілді. Оның 1 килограмы 90-100 теңге аралығында сатылып келеді.

Өңірдің ауыл шаруашылығы мақсатындағы 3,2 млн гектар жер көлемінің 50 мың гектары шабындық жерлер. Оның ішінде суару арқылы мал азығы дайындалатын 4 мың гектар жердің қазіргі уақытта 49%-ына жаңбырлатып суару әдісі қолданылады.

Бұл жұмыстардың нәтижесінде суды тиімді пайдалану және өнімді бірнеше есеге арттыруға қол жеткізіліп келеді. Шабындық жерлерде 1 гектар жерден түсім — 4-5 центнер. Лимандық жерлерден 1 гектар жерден түсім 15 центнер. Жаңбырлатып суару әдісі нәтижесінде үш рет өнім алуға болады, бұл түсімді гектарына 55 центнерге жеткізеді.

Өңірдің өз ерекшеліктеріне сай жаңа технологиялық әдісті қолданудың үлесін арттыру жұмыстары жүйелі түрде іске асырылады.

#Ауыл шаруашылығы #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу