07 Шілде 2026, 11:37
Премьер-министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында газ саласын дамыту мәселелері қаралды. Жиында энергетика министрі Ерлан Ақкенженов, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов, «QazaqGaz» АҚ басқарма төрағасы Әлібек Жамауов, сондай-ақ бірқатар өңір әкімдері баяндама жасады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов газ саласын дамыту мәселесі бойынша кеңінен ақпарат берді.
«Газ және газбен жабдықтау саласындағы мемлекеттік реттеуді жетілдіру, тауарлық газды үнемді тұтыну мәдениетін енгізу, тауарлық газды есепке алуды цифрландыру, бюджет қаражаты есебінен салынатын газбен жабдықтау объектілерінің құрылыс сапасын арттыру мақсатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне газбен жабдықтау және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына биыл 24 маусымда қол қойылды.
Тауарлық газдың ресурстық базасын ұлғайту мақсатында екі негізгі құжат бекітілді. Олар – Қазақстан Республикасының газ саласын дамытудың 2025 – 2029 жылдарға арналған кешенді жоспары және 2035 жылға дейінгі көмірсутек шикізатының жаңа перспективалы кен орындарын игеру жоспары. Аталған құжаттардың негізгі мақсаты – мұнай мен газдың жаңа кен орындарын кезең-кезеңімен игерудің тиімді тетігін қалыптастыру, көмірсутек ресурстық базасын тұрақты ұлғайту және экономика мен халықтың табиғи газға өсіп отырған қажеттілігін қамтамасыз ету», — деді ол.
Оның айтуынша жоспар аясында 30 жер қойнауы учаскесі қарастырылған. Бүгінгі таңда QazaqGaz компаниясымен 9 келісімшарт жасалған. Оның ішінде 6 жоба барлау сатысында, ал 3 жоба өндіру сатысында. 2023-2025 жылдар аралығында «QazaqGaz» және «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниялары Анабай, Барханная, Рожковское және Западная Прорва кен орындары өнеркәсіптік игеруге енгізді. Сонымен қатар 2027 жылы Западная Прорва кен орнының екінші іске қосу кешенін және Малдыбай, Придорожное, Өріктау кен орындарын пайдалануға беру жоспарланып отыр.
«Елді газдандыру 2035 жылға дейінгі газдандырудың бас схемасы шеңберінде жүзеге асырылады. 2026 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша елді газдандыру деңгейі 64,2%-ға жетті, табиғи газға қолжетімділігі бар халық саны 13,1 миллион адамды құрайды», — деді министр.
2026 жылы газ тасымалдау жүйесін дамыту жалғасуда. Барлығы 40 жоба көзделген, оның ішінде 7 ауыспалы жоба, 33 жаңа жоба бар. Солтүстік өңірлерді газдандыру мақсатында 2025 жылғы 9 қазанда Қазақстан Республикасының Үкіметі мен «Газпром» жария акционерлік қоғамы арасында «Есіл – Астана» магистралдық газ құбырын салу жобасы туралы меморандумға қол қойылды. Оны жүзеге асыру Астана, Көкшетау және Петропавл қалаларын газбен тұрақты түрде қамтамасыз етуге, сондай-ақ елдің 4 солтүстік өңірлеріне табиғи газ жеткізу маршруттарын әртараптандыруға мүмкіндік береді. Жобалар уақтылы қаржыландырылған, сондай-ақ «Есіл – Астана» магистралдық газ құбыры жобасы табысты жүзеге асырылған жағдайда, елді газдандыру деңгейін 2035 жылға қарай 64,2%-дан 80%-ға дейін ұлғайту жоспарлануда.
«2025 жылдың қорытындысы бойынша газ транзиті 70,4 миллиард текше метрді құрады. 2026 жылға арналған жоспар – 73,3 миллиард текше метр 2026 жылдың 5 айындағы нақты көрсеткіш – 30,3 миллиард текше метр. Осы слайдта газ саласының негізгі көрсеткіштері ұсынылған. Аталған көрсеткіштердің орындалуы Энергетика министрлігінің тұрақты бақылауында. Жыл қорытындысы бойынша барлық жоспарлы көрсеткіштерге қол жеткізу жоспарлануда.
Болжамды көрсеткіштерге сәйкес, тауарлық газ өндіру көлемі 2025 жылғы 27,4 миллиард текше метрден 2032 жылға қарай 35,5 миллиард текше метрге дейін ұлғаяды, яғни 2025 жылғы нақты көрсеткішке қарағанда 29,6%-ға өседі. Өсім Қашаған және Қарашығанақ кен орындарындағы газ өңдеу қуаттарын қоса алғанда, тауарлық газ көлемін ұлғайту жөніндегі жобаларды жүзеге асыру есебінен қамтамасыз етіледі», — деді Ерлан Ақкенженов.
Министрліктің басым 6 міндеттерінің бірі – жаңа инфрақұрылымдық және газ өңдеу жобаларын уақтылы іске қосу. Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау шеңберінде 2025 жылғы қазанда «Талдықорған – Үшарал» магистралдық газ құбыры пайдалануға берілді. Осы жылдың соңында «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырының екінші желісінің бірінші кезеңінің желілік бөлігінің құрылысын аяқтау жоспарлануда.
2027 жылы қуаты жылына 1 миллиард текше метр болатын Қашағандағы газ өңдеу зауытын және Жаңаөзен қаласындағы қуаты жылына 0,9 миллиард текше метр болатын Қазақ газ өңдеу зауытын пайдалануға беру күтілуде.
2029 жылы «Бейнеу – Бозой – Шымкент» магистралдық газ құбырының екінші желісінің екінші кезеңін жүзеге асыру жоспарлануда, бұл жылына 15 миллиард текше метр тауарлық газ өткізу қуатына дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.
2030 жылға қарай Қашағандағы қуаты жылына 2,5 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын, сондай-ақ Қарашығанақтағы қуаты жылына 5 7 миллиард текше метр болатын газ өңдеу зауытын іске қосу көзделген. Аталған жобалар газ өңдеу көлемін ұлғайтуға, газ тасымалдау инфрақұрылымын кеңейтуге және өңірлерді тұрақты газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Тұтынушыларға қызмет көрсету сапасын арттыру және цифрлық сервистерді дамыту мақсатында, газ саласын цифрландыру бойынша жобалар кешені жүзеге асырылуда. Aqyl Energy жобасы шеңберінде газды есепке алудың зияткерлік аспаптары енгізілуде. Бүгінгі таңда 49 мың Smartесептегіш жеткізілді, жобаның жалпы қамту көлемі 1 миллион 352 мың есепке алу аспабын құрайды.
Халыққа арналған цифрлық сервистерді дамыту жұмыстары жалғасуда. QazaqGaz Aimaq компаниясымен тұтынушыларға газ есептегішінің көрсеткіштерін онлайн режимде тапсыруға мүмкіндік беретін цифрлық сервис жүзеге асырылды. Қызметтің басты артықшылығы – есептегіштің фотосуреті арқылы көрсеткіштерді автоматты түрде тану, бұл деректерді енгізу үдерісін айтарлықтай жеңілдетеді. Сонымен қатар, тұтынушылар нақты уақыт режимінде газ тұтыну көлемін, төлемдер тарихын, есептеулер мен берешек туралы ақпаратты көре алады. Бұл есеп айырысудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Бұдан бөлек, сервис есептеу құралын мерзімдік тексеруден өткізу қажеттілігі туралы уақтылы хабарлама жібереді. Сондай-ақ, тәулік бойы кеңес беретін AI-көмекші пайдаланушыларға үздіксіз ақпараттық қолдау көрсетеді», — деді министр.
Газ саласын цифрландыру аясында министрлік газбен жабдықтауға қосылуға арналған техникалық шарттарды беру жөніндегі мемлекеттік көрсетілетін қызметті цифрландыру жұмыстарын жүзеге асыруда. Цифрландыру нәтижесінде қағаз құжат айналымы мен азаматтардың газбен жабдықтау ұйымдарына жеке бару қажеттілігі толықтай жойылды. Бүгінде өтініш берушілер өтінімді онлайн режимде жолдап, оның қаралу барысын толық бақылай алады.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет көрсету процесінің ашықтығы арттырылып, адами фактордың ықпалы азайтылды және сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендетілді. Азаматтар мен бизнес үшін өтінімдерді eGov порталы және eGov Mobile мобильді қосымшасы арқылы беру мүмкіндігі қамтамасыз етілді. Жеке тұлғалар қызметті eGov Mobile арқылы, ал жеке және заңды тұлғалар eGov веб-порталы арқылы пайдалана алады.
«Жалпы, мемлекеттік қызметті цифрландыру техникалық шарттарды алу рәсімін халық пен бизнес үшін барынша ыңғайлы, ашық, жедел әрі қолжетімді етуге мүмкіндік берді. Сонымен қатар газ тарату желілерін цифрландыру жүргізілуде. Бүгінгі таңда 65 мың шақырым желі, яғни 91%-ы және 2 млн 330 мың тұтынушы, яғни 93%-ы цифрландырылды. Бұл газ тарату желілері мен тұтынушылардың бірыңғай цифрлық базасын қалыптастыруға мүмкіндік берді. Қазіргі уақытта министрлік тауар биржаларынан тыс ішкі нарыққа сұйытылған мұнай газын жеткізу жоспарын қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік функцияны автоматтандырды. Аталған функционал «Қазақстан Республикасының Жер қойнауын пайдалануды басқарудың бірыңғай мемлекеттік жүйесі» ақпараттық интеграцияланған жүйесі шеңберінде жүзеге асырылды», — деді энергетика министрі.
Ашықтық пен тиімділікті одан әрі арттыру мақсатында министрлік облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдары жүзеге асыратын нарық субъектілері арасында сұйытылған 10 мұнай газының көлемдерін бөлу процесін автоматтандыру бойынша да жұмыстар жүргізуде. Қазіргі таңда пилоттық жоба Астана және Шымкент қалалары мен Батыс Қазақстан облысында іске қосылды. Осы жылдың соңына дейін еліміздің барлық өңірлерінде іске қосу жоспарлануда. Энергетика министрлігі осы сұраққа ерекше назар аударып отыр. Мемлекет басшысы берген барлық тапсырмалар министрліктің бақылауында.
#Инвестициялар #Президенттің тапсырмасы #Энергетика #Үкімет отырысыҚазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу