Үкіметте «Қазпошта» акционерлік қоғамын дамыту шаралары қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен 15 наурыз күні өткен кеңесте «Қазпошта» АҚ қызметінің өзекті мәселелері қаралды.

Компания басшысы Әсел Жанасова атқарылып жатқан жұмыстар, ағымдағы көрсеткіштер мен халыққа қызмет көрсетудің тұрақтылығын қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы баяндады. Сонымен қатар кеңеске қатысушылар ұлттық пошта операторын қолдау және одан әрі дамыту бойынша ұсыныстарды қарады.

Бұдан басқа, Қазақстан-Қытай шекарасындағы «Нұр Жолы» шекаралық өткізу бекеті арқылы жүк көліктерінің, оның ішінде «Қазпошта» желісі бойынша өтуіне кедергілерді жою жөніндегі тапсырмалардың орындалу барысы талқыланды.

Премьер-Министрге бүгінгі таңда рәсімдеуден өтетін көліктер санын тәулігіне ҚР-дан ҚХР-ға екі есеге жуық, ҚХР-дан ҚР-ға 40%-ға арттыру мүмкін болғаны баяндалды. Бұл ретте Әлихан Смайылов қысқа мерзімде одан да жоғары нәтижелерге қол жеткізу үшін әкімшілік процестерді жеделдетуді талап етті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу