KGIR-2026: Олжас Бектенов шетелдік инвесторлармен бірлескен жобаларды жүзеге асыру мәселелерін талқылады

Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектенов Шымкент қаласында өтіп жатқан IX Kazakhstan Global Investment Roundtable аясында Aksa Energy, Carlsberg Kazakhstan, Solico Group және CONTEC халықаралық компанияларының басшыларымен бірқатар екіжақты кездесу өткізді.

Кездесулер барысында энергетика, агроөнеркәсіп кешені, тамақ өнеркәсібі және ғарыш салалары бойынша қолданыстағы және келешегі зор бірлескен инвестициялық жобалар қаралды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттерге сәйкес ынтымақтастықты кеңейту, өңдеу өндірістерін дамыту және жаңа технологиялар енгізу мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстандық қамту үлесін арттыру мәселесіне ерекше назар аударылды.

Aksa Energy компаниясының бас директоры әрі атқарушы комитетінің төрағасы Наджи Агбалмен кездесуде ынтымақтастық нәтижелері және Қазақстанда жаңа энергетикалық жобаларды жүзеге асыру перспективалары талқыланды. Атап айтқанда, Қызылордада құны 215 млрд теңге болатын бу-газ қондырғысының сәтті іске қосылғаны атап өтілді. Электр қуаты 240 МВт, жылу қуаты сағатына 277 Гкал болатын станса биылғы маусым айында коммерциялық пайдалануға берілді. Нысан өңірдің электр энергиясы мен жылуға деген өсіп келе жатқан қажеттілігін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ компанияның Қазақстандағы инвестициялық жоспарлары қаралды. 

Carlsberg Kazakhstan бас директоры Вячеслав Мальцевпен кездесу барысында тамақ өнеркәсібін дамыту, өндірісті локализациялау және экспортты кеңейту мәселелері талқыланды. Carlsberg Kazakhstan Қазақстандағы PepsiCo өнімдерінің ресми дистрибьюторы болды. Екі компанияның ынтымақтастығы аясында осы жылдың 1 қазанында Алматы облысында құны  $344 млн болатын алкогольсіз сусындар шығаратын зауыт іске қосылды.  Кәсіпорын өнімдері ішкі нарыққа да, экспорттық жеткізілімдерге де арналған. 230 тұрақты жұмыс орны ашылды. Бүгінгі таңда Carlsberg Kazakhstan қызметіндегі қазақстандық қамту үлесі 71,5%-ды құрайды. Отандық шикізат және қаптау материалдарын жеткізушілермен ынтымақтастықты кеңейтуге назар аударылды.

Solico Group компаниясының ТМД елдеріндегі бас директоры әрі директорлар кеңесінің мүшесі Алиреза Мохаммад Рахимимен келіссөздер аясында Алматы облысында ірімшік өндіретін зауыт құрылысының барысы талқыланды. Жобаға салынатын инвестиция көлемі шамамен 45 млрд теңгені құрайды, кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 41 мың тоннаға жетеді. 450-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары жалғасуда, кәсіпорынды 2029 жылы пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ Қазақстанның аграрлық өңірлерінде жаңа өңдеу өндірістерін іске қосу перспективалары да қаралды. Бұл отандық өнім экспортының кеңеюіне елеулі серпін береді.

CONTEC компаниясының негізін қалаушы әрі бас директоры Ли Сонхимен кездесуде ғарыш саласындағы ынтымақтастықты кеңейту перспективалары талқыланды. Қазақстанда спутниктер мен олардың құрамдас бөліктерін бірлесіп өндіру, жерүсті инфрақұрылымын дамыту және жекелеген өндірістік процестерді локализациялау мүмкіндіктері қарастырылды. Спутниктік деректерді өңдеуде жасанды интеллект технологияларын енгізуге, сондай-ақ отандық мамандарды даярлау саласындағы өзара іс-қимылға және бірлескен өнімді шетелдік нарықтарға шығару перспективаларына ерекше назар аударылды.

Қазақстан жаңа инвестициялар тартуға және қосылған құны жоғары өнім өндіру жобаларын жүзеге асыруға мүдделі. Премьер-министр салалық министрліктер мен жауапты ұйымдарға инвестициялық жобаларға қажетті қолдау көрсетуді тапсырды. 

#Олжас Бектенов #ҚР Премьер-министрі #Инвестициялар #Энергетика

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу