Көлік саласында маман тапшы – Марат Қарабаев

ҚР Көлік министрі Марат Қарабаев ведомствоның алқа отырысында 2023 жылдың қорытындысы бойынша баяндама жасады. Оның айтуынша, көлік саласында нақты көлем индексі 106,9% құраған. Негізгі капиталға салынған инвестициялар 40,3%-ға өсіп, 2,5 трлн теңге құрады (бюджет қаражаты – 625,8 млрд теңге, жеке қаражат – 1896,9 млрд теңге). Транзиттік контейнерлік тасымалдар 14%-ға ұлғайып, жиырма футтық баламада 1 млн 280 мың контейнерге жетті. Қазақстан аумағы арқылы транзиттік жүктер көлемі 32,3 млн тоннаны құрап, 21%-ға өсті.

«Оң динамика барлық салада байқалады. Автожол саласы бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстарымен 10,7 мың шақырым автожол қамтылды, оның ішінде республикалық маңызы бар жолдарда жұмыстар 6,5 мың шақырым жүргізілді. Құрылыс және реконструкциялау шеңберінде қамту 3,6 мың шақырым құрады, оның 856 шақырымы пайдалануға берілді. Негізгі күштер Қарағанды-Алматы, Талдықорған-Өскемен, Атырау-Астрахань сияқты ұзақ құрылыстар жүріп жатқан жобаларды аяқтауға бағытталды. Бүгінгі таңда аталған учаскелер бойынша қозғалыс ашық. Күрделі және орташа жөндеумен 2,9 мың шақырым қамтылды және 1,1 мың шақырым автомобиль жолдары аяқталды. Жергілікті желі бойынша қамту 4,2 мың шақырым құрады, онда 3,6 мың шақырым аяқталды. Нәтижесінде нормативтік жағдайдағы жолдардың үлесі республикалық және жергілікті желі бойынша 87%-ға дейін жеткізілді», — деді министр.

Биыл 9,5 мың шақырым жол құрылысы және жөндеу жұмыстары жалғасады, оның ішінде:

- 5,3 мың шақырым республикалық желі (құрылыс және реконструкция – 3,1 мың шақырым, жөндеу – 2,2 мың шақырым)

- 4,2 мың шақырым жергілікті желі. 

Осылайша, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін респбликалық желі бойынша 93%-ға және жергілікті желі бойынша 89%-ға жеткізу жоспарланып отыр. 

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, басымдық негізгі жолдарды реконструкциялауға бағытталады. Бұл: Астана – Балқаш – Алматы, Талдықорған – Өскемен, Ақтөбе – Қандыағаш және Атырау – Астрахан.

Жалпы алғанда, 2 091 шақырым жолды қолданысқа беріп, 419 шақырымды ашу жоспарланған.

2024-2030 жылдары көлік-транзиттік әлеуетті әрі қарай дамыту және көлік инфрақұрылымын модернизациялау шеңберінде жалпы ұзындығы 4,7 мың шақырым болатын жаңа жобаларды кезең-кезеңімен жүзеге асыру жоспарланып отыр. 

Жобалардың болжамды құны $15 млрд және үш кезеңде іске асырылады. 

2024 жылы бірінші кезеңдегі жобаларды іске асыруды бастау көзделген, бұған төмендегі автожолдар бөліктері кіреді:

- Қызылорда – Жезқазған (208 шақырым) (Ұлытау облысы бойынша бөлік);

- Ақтөбе - Қызылорда (742 шақырым) (Ақтөбе – Ұлғайсын – 262 шақырым, Қызылорда – Сақсауыл - 480 шақырым);

- Қараганды-Жезқазған (513 шақырым);

- Сарыағаш қаласын айналма жолы (102 шақырым);

2024-2026 жылдары екінші кезеңде құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастау жоспарланған:

- Атырау-Доссор (86 шақырым);

- Астана-Қостанай – РФ шекарасы (830 шақырым);

- Атырау – Орал (320 шақырым) (Атырау – Индер, Орал – Чапаево бөліктері);

- Түркістан қаласын айналма жолы (30 шақырым).

Үшінші кезеңде 2026 жылдан кейін ұзындығы 1 434 шақырым болатын қалған жобаларды модернизациялау көзделген.

Қозғалыс қарқыны төмен жекелеген жобалар бойынша қаржыландырудың жетіспеушілігін ескере отырып, конструкциясын нығайту және 4 жолаққа дейін кеңейту мүмкіндігімен жөндеу жұмыстарын жүргізу ұсынылады (265 шақырым: Павлодар – Успен, Семей – Барнауыл).

Перспективті жобаларды модернизациялаумен қатар, салынғаннан бері жөндеу жұмыстары жүргізілмеген қолданыстағы жолдарды нормативті жағдайға келтіру қажет.

Бұл үшін алғаш рет ЕАДБ қаражаты ұзындығы 5 мың шақырымнан астам құрылымды нығайта отырып, орташа жөндеу бойынша ауқымды бағдарламаны жүзеге асыруға тартылады.

Жоспарланған орташа жөндеу жұмыстарының бірқатар артықшылығы бар:

- жобалық құжаттаманы әзірлеу талап етілмейді;

- бірқатар жолды қамти іске асыру мерзімі 2,5 жыл;

- тек отандық компаниялардың қатысуымен.

«Бұл қысқа мерзімде жолдарды, оның ішінде шалғай елді мекендердегі жолдарды қалыпты жағдайға келтіруге мүмкіндік береді. Бүгінде жергілікті маңызы бар жолдардың 87%-ы қалыпты жағдайда (70 мың шақырымның 61,4-і). Жамбыл (98%), Маңғыстау (97%) және Павлодар (94%) облыстарында жолдар жақсы жағдайда, 3 өңірде: БҚО (52%), Ақтөбе (75%), Атырау (76%) облыстарында орташадан төмен. 2029 жылға дейін жыл сайын 400 млрд теңгеге қаражат бөле отырып,  жергілікті маңызы бар жолдардың 14 мың шақырымын жөндеу жоспарланған», — деді Марат Қарабаев. 

Теміржол көлігі саласында былтырғы жылдың соңында жүк тасымалдау көлемінің өсімі 3% немесе 297 млн тонна құрады. (2022 ж. – 285 млн тонна). Атап айтқанда, экспорттық, импорттық және транзиттік бағыттардың артуы байқалады.

«Маңызды мәселелердің бірі – жылжымалы құрамды жаңарту. Былтыр 506 бірлік, оның ішінде 113 локомотив, 275 жүк вагоны және 118 жолаушы вагоны сатып алынды. Сондай-ақ 1443 шақырым магистральдық желі жөнделді, оның ішінде 557 шақырымы күрделі жөндеуден өтті. Бұл жұмыстар келесі жылдары да жалғасын табады», — деді министр. 

Биыл саланы одан әрі дамыту және Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес, келесі бағыттар бойынша жұмыстар жоспарланған:

1. Заңнамаларды жетілдіру:

- «Темір жол көлігі туралы» заңнамасын қайта қарау;

- тасымалдау жоспарларын бекітудің басымдылығын анықтау;

- Кірме жолдардың қызметін реттеу.

2. Жылжымалы құрам паркін 1846 бірлікке жаңарту:

- локомотивтер – 194 бірлік;

- жүк вагондары – 1533 бірлік;

- жеңіл автокөліктер – 119 бірлік.

3. Инфрақұрылымды жаңғырту:

- 4 ірі инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруды жалғастыру;

- 1401 шақырым МЖС жөндеу.

4. Теміржол саласын дамытудың жеке бағдарламасын әзірлеу:

- ағымдағы жағдайды талдау;

- проблемалық мәселелер;

- дамудың негізгі бағыттары.

«Инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға қысқаша тоқтала кетейін. Достық-Мойынты учаскесінде ұзындығы 836 шақырымды құрайтын екінші жолдардың құрылысы жалғасуда, оның 340 шақырымына рельс және шпал торлары төселді (аяқталу мерзімі – 2025 жыл). Биылғы жылға 164 млрд бөлінеді. Бақты – Аягөз жобасы (ұзындығы – 272 км) бойынша инвестор анықталды, жоба алдындағы жұмыстар басталды (аяқталу мерзімі – 2027 жыл). Алматы станциясын айналып өтетін айналма жол бойынша (ұзындығы – 74 км) мердігерді анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізілуде. Құрылыс-монтаж жұмыстарын ағымдағы жылдың көктемінде бастау жоспарлануда (мердігерді анықтаудың соңғы мерзімі – ағымдағы жылдың наурыз айы, жобаның аяқталу мерзімі – 2025 жыл). «Дарбаза – Мақтаарал» жобасы бойынша (ұзындығы – 152,3 км) қаржыландыру көзі анықталуда (аяқталу мерзімі – 2026 жыл). Жалпы 2029 жылға дейін негізгі инфрақұрылымды дамыту мен жаңғыртуға 5,7 трлн теңге қажет», — деді Марат Қарабаев.

Тағы бір маңызды мәселе – білікті кадрлардың тапшылығы. 

Құрылыс көлемі өсуде, саладағы еңбек нарығы барған сайын білікті мамандарға мұқтаж, ал олар жеткіліксіз шығарылуда. Тиісінше, бұл құрылыс сапасына әсер етеді.

Жалпы авто, теміржол және авиация мамандарына жалпы қажеттілік 9 мың 800 адамды құрайды (жол саласы - 2500, темір жол - 3500, авиация – 600, теңіз көлігі - 3200).

Бұл ретте, 39 жоғары оқу орындарында 16 мыңнан астам студент оқуда, оның ішінде грантта 6 мың адам бар. 

Алайда, «Автомобиль жолдары мен аэродромдар құрылысы», «Көпірлер мен көлік туннельдерін салу», «Теміржол құрылысы» мамандықтары бойынша барлығы 441 студент оқиды, бұл өте аз. 

Осыған байланысты, Министрлік ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп, осы мамандықтар бойынша берілетін гранттарды жыл сайын ұлғайту мәселесін пысықтауда.

Қазақстандық студенттерді даярлау үшін шетелдік ғалымдарды тарту мүмкіндігі бойынша халықаралық қаржы институттарымен мәселе пысықталуда.

Оларды салаға тарту және көлік мамандықтарына түсу үшін мектеп түлектерімен кәсіптік бағдар беру жұмыстары жүргізілуде.

Осы шаралардың әрқайсысы заманауи көлік секторының сынақтарына дайын жоғары білікті және бейімделгіш мамандарды құруға ықпал етеді. Олар осы саладағы кадрларды тиімді даярлау мен дамытуға ықпал ететін кешенді тәсілді қалыптастырады.

«Министрлік көлік саласының тұрақты дамуын қамтамасыз ету және халықтың әл-ауқатын арттыру жөніндегі жұмысты жалғастыратын болады. Мемлекет басшысының Министрліктің алдына қойған міндеттерін сапалы және уақтылы іске асыру үшін барлық қажетті шаралар қабылданады», — деп қорытындылады министр.

 

#Көлік #Логистика

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу