Коммуналдық қызметтерге тарифтерді көтеру кезең-кезеңмен жүргізіледі – Әлібек Қуантыров

Қазақстанда шамамен 128 мың км жылу, сумен жабдықтау және су тарту желілері бар, олардың жалпы тозуы 51%-ды құрайды. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ағымдағы жағдайды және «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру жөніндегі жоспарларды қарау кезінде баяндалды. Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Марат Қарабаев баяндама жасады.

«Қазақстандықтарды жылумен, электр энергиясымен, сумен және басқа да коммуналдық қызметтермен үздіксіз қамтамасыз ету үшін еліміздегі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық инфрақұрылымының қазіргі жай-күйін жаңарту қажет. Сондай-ақ осы саладағы еңбекақысы жылдар бойы көтерілмеген білікті мамандардың сыртқа кетіп жатқанын көріп отырмыз», — деді Ә. Қуантыров.

Осы мәселелерді шешу үшін Ұлттық экономика министрлігі «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Оған сәйкес 2023-2029 жылдарға 62 мың шақырым инженерлік желілерді жаңғыртуға бағытталған шамамен 3 трлн теңге инвестиция тарту көзделіп отыр. Министрдің сөзінше, бұл 2029 жылға қарай желілердің тозуын 20%-ға төмендетуге мүмкіндік береді. 

Оның айтуынша, алдыңғы 2009-2015 жылдардағы «Тарифті инвестицияларға айырбастау» бағдарламасы энергетика саласы объектілерінің инвестициялық тартымдылығын арттыру арқылы электр энергиясын өндіруді дамытуға ғана бағытталған болатын.

«Қазіргі бағдарламасының бағыты айтарлықтай кең. Мәселен, ол электр энергиясын өндіруді дамытуға ғана емес, сондай-ақ барлық коммуналдық қызметті тұтынушыға жеткізуге, яғни желілерді дамытуға бағытталған. Сонымен қатар жаңа тарифтік саясатта тұтынушылардың мүдделерін қорғап, негізделген бағамен сапалы қызмет көрсету – басты назарда», — деді ұлттық экономика министрі. 

2023 жылы 5,8 мың км инженерлік желілерді жөндеуге шамамен 250 млрд теңге сомасына инвестициялар тарту жоспарланып отыр. Бұдан басқа биыл электр энергиясын өндіруге тарифтің, кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысының, тауарлық газдың көтерме бағасының және көмір, мазут, жанармай сияқты стратегиялық тауарлар құнының өсуі – тарифтер деңгейіне әсер ететін қосымша факторлар.

2023 жылдың екінші тоқсанында Ұлттық экономика министрлігі осы жылдың 1 шілдесінен бастап тарифтер мен инвестициялық бағдарламаларды өзгертуге 212 өтінімді қысқа мерзімде бекітті. Нәтижесінде тұтынушылар мен кәсіпорындар мүдделерінің теңгерімін ескере отырып, коммуналдық қызметтер тарифтерінің өзгеруі қалыпты болып, орташа есеппен 10-30%-ды құрайды. Бұл ретте халықтың осал топтары коммуналдық төлемдер үшін шығындардың бір бөлігіне өтемақы беру есебінен әкімдіктердің коммуналдық қызметтерге ақы төлеу жөніндегі көмегіне жүгіне алады.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүкіл инженерлік инфрақұрылымның тозу деңгейі қызыл, сары аймақ және жасыл аймақ болып үш тәуекелдік топқа топтастырылды. Осылайша, жылумен жабдықтауда желілердің тозу деңгейі жоғары қызыл аймақтағы кәсіпорындар үшін инвестицияларды тарту басым тәртіппен жүзеге асырылады.

Жылумен жабдықтау саласында 27 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 65%-дан асады, оның ішінде 24 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Аталған салаға биыл 112 млрд теңге инвестициялау жоспарда бар.

Биыл күтілетін нәтиже ретінде желілердің тозуы 58%-дан 55%-ға дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 6 кәсіпорын шығады деп көзделуде. 2 бөлмелі пәтер үшін жылу бойынша орташа есеп 1620 теңгеге немесе 20%-ға артады.

Электрмен жабдықтау саласында 19 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 70%-тен асады, оның ішінде 16 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Аталған салаға биыл 92 млрд теңге инвестициялау жоспарда бар. Биыл күтілетін нәтиже ретінде желілердің тозуы 64%-дан 62%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. 2 бөлмелі пәтер үшін орташа есеп 660 теңгеге немесе 20%-ға ұлғаяды.

«Сумен жабдықтау саласында 15 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 70%-дан асады, оның ішінде инвестициялық бағдарламалар 13 кәсіпорын үшін бекітілген. Аталған салаға осы жылы 29,5 млрд теңге инвестицияланады, оның ішінде 11,7 млрд теңге қызыл аймақтағы кәсіпорындарға бағытталады. Биыл күтілетін нәтиже ретінде желілердің тозуы 63%-дан 58%-ға дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 8 кәсіпорын шығады деп жоспарлануда. 2 бөлмелі пәтер үшін орташа есеп 200 теңгеге немесе 25%-ке ұлғаяды», — деді ұлттық экономика министрі.

Су тарту саласында 26 кәсіпорын бойынша тозу деңгейі 70%-дан асады, оның ішінде 23 кәсіпорын үшін инвестициялық бағдарламалар бекітілді. Бұл салада 2023 жылы 15,3 млрд теңге инвестицияланады. Биыл күтілетін нәтиже ретінде желілердің тозуы 74%-дан 71%-ға дейін төмендеп, 2024 жылы қызыл аймақтан 3 кәсіпорын шығады деп жоспарланып отыр. 2 бөлмелі пәтер үшін орташа есеп 220 теңгеге немесе 30%-ға ұлғаяды. Осылайша, барлық коммуналдық қызмет бойынша орташа есептің ұлғаюы шамамен 3-4 мың теңгені құрайды. 

Әрі қарай ұлттық экономика министрі коммуналдық кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы баяндады. Оның айтуынша, коммуналдық кәсіпорындар қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында «Табиғи монополиялар туралы» заңның 22-бабына өзгерістер енгізілді. Атап айтқанда,

Бірінші – коммуналдық сала қызметкерлерінің, яғни сантехник, электрик, пісірушілердің жалақысын 50%-дан 100%-ға дейін көтеру. Осылайша, орташа жалақы сала мен өңірге байланысты 135 мың теңгеден 200-300 мың теңгеге дейін өседі. Бұл тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы саласындағы 200 мыңға жуық жұмысшыға әсер етеді.

Екіншісі – иесіз желілерді кезең-кезеңімен беру.

Осылайша, 25 мың шақырымнан астам коммуналдық желі сенімгерлік басқаруға және коммуналдық меншікке берілуі тиіс.

«Қабылданған түзетулер коммуналдық кәсіпорындардың иесіз желілерді ұстауға және пайдалануға жұмсаған шығындарын өтеуге мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде тұтынушылардың қамтылуын арттыруға және көрсетілетін қызметтердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Әлібек Қуантыров.

Ұлттық экономика министрінің айтуынша, жүргізіліп жатқан тарифтік реформа тариф құрудың бүкіл процесінің ашықтығы, есептілігі және жариялылығы қағидаттарына негізделеді. Барлық іс-шара бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланады.

Табиғи монополиялар саласын реттеудің әрбір кезеңі «Монополист» электрондық базасында цифрландырылған, оны жаңғырту өтінімдер мен есептерді ұсынудың электрондық форматын, «бір терезе» қағидаты бойынша техникалық шарттар беруді және тәуекелдерді басқару жүйесін автоматтандыруды қамтиды.

Кәсіпорындардың сатып алулары да электрондық форматқа ауыстырылды. Әрбір азамат жүйеге кіріп, құжаттаманы көре алады. Тұтынушылардың қаражатын мақсатты пайдалануды бақылау жұртшылық пен техникалық сарапшыларды тарта отырып қамтамасыз етіледі. Тұтынушының құқығы бұзылған жағдайда, оған уақытша өтемдік тарифтер енгізілетін болады. Ал табиғи монополиялар субъектілері әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Осылайша, коммуналдық төлемдер негізсіз көтерілген жағдайда, қаражат тұтынушыларға кейінгі шоттардағы қайта есептеу арқылы қайтарылады.

Тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген тексеру нәтижелері бойынша материалдар құқық қорғау органдарына және капиталдың алынуын бақылайтын басқа органдарға, соның ішінде Қаржы мониторингі агенттігі мен Қаржы министрлігіне берілуі мүмкін.

2023-2024 жылдың басым міндеттері инвестициялық бағдарламалар іс-шараларының уақытылы және сапалы орындалуын қамтамасыз етуді, реттелетін коммуналдық қызметтерден инфляцияға салым дәлізінің сақталуын қамтамасыз етуді, тұтынушылардың табыс деңгейін ескере отырып, «тұтынудың әлеуметтік нормаларын» енгізуді, тарифтерді тоғыспалы субсидиялаудан біртіндеп бас тартуды қамтамасыз етуді, тарифтердің негізсіз өсуіне жол бермеу және тұтынушылардың құқықтарын қорғауды қамтамасыз етуді қамтиды.

«Осылайша, Ұлттық экономика министрлігі өз тарапынан жөндеу жұмыстарын жүргізуге дайындық шаралар қабылдады. Енді бағдарламаны іске асыру практикалық тұрғыға көшті. Жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы кәсіпорындарымен бірлесіп, жөндеу жұмыстарын уақытылы және сапалы жүргізуді қамтамасыз етуі, сондай-ақ кейінгі жылдары желілердің тозуын азайту үшін құжаттама дайындауы қажет», — деді ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Әрі қарай энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев өз саласы бойынша баяндама жасады. Министрдің айтуынша, Дүниежүзілік банктің гранттық көмегі аясында KPMG халықаралық аудиторлық компаниясы станцияларға техникалық аудит жүргізді. Барлығы 57 станцияға, оның ішінде 37 ЖЭО-ға барды. Жылу станцияларының негізгі және қосалқы жабдықтарының техникалық жағдайына және оны пайдалану жағдайларына ерекше назар аударылды.

Тексеру қорытындысы бойынша барлық станция жабдықтың техникалық жай-күйіне, пайдалану мерзіміне, отынның үлестік шығынының көрсеткіштеріне, апаттылығына, персоналдың қамтылуына және жөндеу жұмыстарын орындауға байланысты санаттарға бөлінді. Бүгінгі таңда аудит қорытындылары бойынша сарапшылардың ұсыныстарын ескере отырып, әрбір станция бойынша іс-шаралар жоспары жасалды.

Жаңғыртуға және қалпына келтіруге жатпайтын, қатты тозған, ескірген станциялар жаңа қуаттар іске қосылған сайын біртіндеп пайдаланудан шығарылатын болады. Техникалық жағдайды бағалау нәтижелері бойынша энергетикалық қазандықтардың 62%-ы, турбиналардың 58%-ы ескіріп, ауыстыруды қажет ететіні анықталды. Ауыстыруға қажетті қуат көлемі – 2,5 мың МВт.

Энергетика министрінің айтуынша, ведомство Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес бекітілген «Жол картасы» аясында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жаңартылған бағдарламасын іске асыру бойынша жұмыс жүргізілуде. Мәселен, электр энергиясын генерациялау секторының инвестициялық тартымдылығын арттыру мақсатында қайтарымды инвестициялардың жылдық лимиті 32 млрд теңгеден 428 млрд теңгеге дейін көтерілді.

Осы жылдың 1 маусымынан бастап Энергетика министрлігі берілген өтінімдерге сәйкес 47 энергия өндіруші ұйымның 27-сінің электр энергиясына шекті тарифтерін түзеді, олардың тарифтерінің орташа өсуі шамамен 24%-ды құрайды.

«Электр қуаты нарығында шекті тарифті айына 1 МВт үшін 1,5 млн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл шара жұмыс істеп тұрған станцияларды жаңарту және жөндеу үшін генерация секторына жыл сайын 160 млрд теңге көлемінде инвестиция құюға мүмкіндік береді», — деді Алмасадам Сәтқалиев.

Болжамды тарифтік саясатты қамтамасыз ету мақсатында инфляция деңгейіне жыл сайынғы индекстеуді ескере отырып, электр энергиясына шекті тарифтерді ұзақ мерзімді кезеңге бекіту мүмкіндігі қаралады.

 Әрі қарай министр бағдарламаны іске асыру жөніндегі қысқа мерзімді шаралар туралы сөз етті. Оның айтуынша, ЖЭО-ның негізгі және қосалқы жабдықтарының ескіруі бойынша қалыптасқан жағдай және тұтынылатын жылу қуатының ұлғаюымен қалаларды белсенді урбанизациялау айтарлықтай шығындарды талап ететін ЖЭО-ның қолданыстағы генерациялайтын қуаттарын жаңғырту, реконструкциялау және жаңарту қажеттігін көрсетіп отыр.

«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасын іске асыру жөніндегі қысқа мерзімді шаралар аясында жаңғыртуға және қалпына келтіруге жатпайтын, қатты тозған жылу электр орталықтары бойынша 2024-2026 жылдың үш жылдық кезеңіне негізгі және қосалқы жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу жөніндегі инвестициялық бағдарламаларды жасасу ұсынылады. Бұл жаңа қуаттарды іске қосқанға дейін жылыту маусымының тұрақты өтуі үшін осы жылу электр орталықтарын жұмысқа жарамды күйде ұстауға мүмкіндік береді», — деді А. Сәтқалиев.

Жағдайды тұрақтандыру мақсатында негізгі жабдыққа күрделі жөндеу жүргізу, реконструкциялау, жаңғырту, сондай-ақ жаңа қазандықтар, турбиналар, түтін құбырлары және т. б. салу көлемі айқындалды. Нәтижесінде жоғарыда аталған жұмыстарды орындау үшін 182 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет.

Бұл ретте бекітілген тарифтерді ескере отырып, жылу электр орталықтарын жөндеу үшін көзделген ақшалай қаражат 93 млрд теңгені құрайды. Қазіргі уақытта электр станцияларының бекітілген тарифтер шеңберінде электр және жылу энергиясын өткізуден түсетін кірістері толыққанды жөндеу жүргізуге қажетті шығыстарын өтемейді. Жеткіліксіз қаржыландыру сомасы 88 млрд теңгені құрайды.  Бұл есептеу күрделі, кеңейтілген-ағымдағы жөндеулерді толыққанды орындау үшін қажетті қаржыландыру көлемі бөлігінде бенчмаркинг шеңберінде жүргізілді.

ЖЭО жабдығына күрделі жөндеуге арналған инвестициялық бағдарламаларды жасасу жолымен электр қуаты нарығы бойынша қайтарымды қаражаттың жылдық лимиті шеңберінде көзделген шамамен 100 млрд теңге мөлшерінде жыл сайынғы қаржыландыру бөлу есебінен жетпейтін қаражатты өтеу жоспарланып отыр. Бұл шара сала кәсіпорындарының кредиттелуіне байланысты екінші деңгейдегі банктерден қосымша қаражат тарта алмауына байланысты болып отыр. 

Бұл ретте жүргізілетін жөндеу графиктерін уәкілетті органмен (АЭҚмБК), жергілікті атқарушы органдармен, сондай-ақ жүйелік оператормен (KEGOC) келісу көзделетін болады. Сондай-ақ инвестициялық бағдарламалардың орындалуына әрбір өңірде жұртшылықты тарта отырып, Энергетикалық қадағалау комитеті арқылы іс-шараларды іске асырудың барлық кезеңінде бақылау жүзеге асырылатын болады.

Ұзақ мерзімді перспективада одан әрі пайдалануға жататын станциялар бойынша қуаттарды жаңғырту, реконструкциялау және кеңейту бойынша бағдарламаны әзірлеу жөніндегі меншік иелерінің міндеті бөлігінде инвестициялық келісімдер жасасу шеңберінде инвестициялық жобаларды іріктеу тәсілін өзгерту ұсынылады. Уәкілетті орган өтінімдердің түсуіне қарай тұрақты негізде инвестициялық келісімдер жасасады. Бұл ретте практика екінші деңгейдегі банктерден қарыз қаражатын тарту мүмкін болмауына байланысты кәсіпорындардың инвестициялық жобаларды жасасуға төмен мүдделілігін көрсетіп отыр.

Бұл мәселені шешу үшін Энергетика министрлігі оларды іске асыру кезінде жылу электр станцияларының инвестициялық жобаларын қаржыландыру мүмкіндігін қарастыруды ұсынады.

Инвестициялық келісімдерді жасасу кезіндегі басты өлшемшарт – тозу деңгейін қолданыстағы деңгейден 10-15%-ға төмендету бөлігінде нысаналы индикаторларды белгілеу, кәсіпорынның өз мұқтаждарын қысқарту, шартты отынның үлестік шығынын жобаға сәйкес келтіру, үздік қолжетімді техникаларды енгізу.

Сонымен қатар нарыққа қатысушылар тарапынан алынған қаражатты мақсатты пайдаланудың ашықтығын қамтамасыз ету бойынша қарсы міндеттемелерді енгізу жоспарлануда. Бүгінгі таңда заңнамаға келесі түзетулер пысықталуда:

- «Тарифті инвестицияға айырбастау» саясаты шеңберінде алынған қаражаттың мақсатты пайдаланылуына уәкілетті органның бақылау функцияларын қайтару;

- салынған инвестициялар аясында қол жеткізуге қажетті нысаналы индикаторларды белгілеу;

- объективті себептер болмаған кезде көрсеткіштерге қол жеткізілмеген жағдайда айыппұл санкцияларын белгілеу;

- қаражатты, оның ішінде кәсіпорын басшыларын мақсатсыз пайдаланған жағдайда жауапкершілікті белгілеу;

- орындалатын жұмыстардың сапасы үшін мердігерлік ұйымдардың жауапкершілігін белгілеу.

Сондай-ақ энергетикалық қадағалауды күшейту бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өңірлік департаменттердің штатын 70 инспекторға ұлғайту жоспарлануда. Сапалы және толыққанды тексеру іс-шараларын жүргізу мақсатында Кәсіпкерлік кодекстен шығару мәселесі пысықталуда.

Сонымен қатар Нарық кеңесіне өтінімдер беру мерзімдерін қайта қарау, инвестициялық жобалардың дайындығына қарай өтінімдерді жыл бойы беруге 1 ақпанға дейін өтінімдерді беруді шектеуді алып тастау ұсынылады. Осылайша, Нарық кеңесі мен уәкілетті органның қарауына өтінімдер беру мерзімдері бойынша кедергі жойылады.

Уәкілетті органның өкілдерін, Парламент депутаттарын, жергілікті атқарушы органдарды, жүйелік операторды, тәуелсіз сарапшыларды қоса отырып, Нарық кеңесінің құрылымын өзгерту.

Жоғарыда аталған тәсілдер аясында бөлінетін қаражаттың ашықтығы мен нысаналы пайдаланылуын бақылау мақсатында инвестициялық келісімдердің іске асырылуына үш кезеңдік бақылауды енгізу ұсынылады.

Тәсіл мыналарды қарастырады:

1) жобалау кеңсесінің базасында уәкілетті орган тарапынан бақылау. Жобалық кеңсе аясында барлық мүдделі тараптың бақылауы бойынша қолжетімділік қамтамасыз етілетін болады. Сондай ақ Инвестициялық келісімді іске асырудың барлық кезеінде Энергетикалық қадағалау және бақылау комитеті тарапынан бақылау;

2) қоғамдық ұйымдарды, нақты өңірдің тұрғындарын тарта отырып, жергілікті атқарушы органдар тарапынан бақылау;

3) мүдделі тараптарды тарта отырып, жария тыңдаулар өткізу, құқық қорғау органдары тарапынан бақылау.

#Жылумен жабдықтау #Инфрақұрылымдық даму #Электр энергетикасы #Энергетика #ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі #ҚР ЭМ #ҚР Ұлттық экономика министрлігі #Үкімет отырысы

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу