Үкімет сағаты: Құрылтайда өңдеу секторын ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу мәселелері талқыланды

Құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қойған міндеттер шеңберінде өңдеуші секторды ынталандыру және офтейк-келісімшарттарды енгізу тақырыбында Үкімет сағаты өтті. Осы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі өндірістің өсуі 9,3%-ды құрады, бұл соңғы 25 жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Өнеркәсіп және құрылыс министрі Ерсайын Нағаспаев экономикада жүргізіліп жатқан құрылымдық өзгерістердің арқасында 2024 жылдан бастап өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесі тау-кен өндіру үлесінен асып түскенін атап өтті. Сектордағы өндіріс көлемі үш жыл ішінде 14,5%-ға өсті, салаға салынған инвестициялар екі есеге артып, 3 трлн теңгені құрады.

Қазақстанның өңдеу өнеркәсібінің шамамен 40%-ы металлургияға тиесілі. Саланың негізгі міндеттерінің бірі металдарды қайта өңдеу тереңдігін ұлғайту және дайын өнім шығаруды кеңейту болып қала береді. Отандық қайта өңдеушілерді қолдау үшін 2021 жылдан бері жеңілдікті шарттармен шикізатпен басым тәртіппен қамтамасыз ету тетігі жұмыс істейді: қазақстандық кәсіпорындар мыс, алюминий және мырыш шикізатын экспортқа жіберілгенге дейінгі нарықтық бағадан 5% төмен бағамен сатып ала алады.

«Соның нәтижесінде өндіруші және өңдеуші кәсіпорындар арасында 30 келісім және мыс катанкасын жеткізу бойынша 15 сауда келісімшарты жасалды. Осының арқасында Алматы қаласында радиатор, Шымкент қаласында профиль, Жетісу облысында заманауи аккумулятор, ал Саран қаласында металл бұйымдарын мырыштау өндірісі іске қосылды. Жалпы, 2029 жылдың соңына қарай елімізде мыс, алюминий және мырыш өңдеу көлемін екі есеге, ал қорғасын өңдеу көлемін 14%-ға арттыру жоспарланып отыр», — деді Ерсайын Нағаспаев.

Химия өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталуда: 2025 жылы өндіріс көлемі 10,5%-ға, ал осы жылдың 10 айында 22%-ға ұлғайды. Биыл қуаты 800 мың тонна болатын күкірт қышқылы өндірісі іске қосылып, полипропилен өндірісі жолға қойылды. Саланы одан әрі дамыту өнім ассортиментін кеңейтуді және мұнай химиясында, өнеркәсіптік химияда және биохимияда шикізатты қайта өңдеуді тереңдетуді көздейді. Ауыл шаруашылығын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз етуге баса назар аударылуда. Бүгінгі таңда отандық өндірушілер ішкі сұраныстың жартысына жуығын жауып отыр, олар жылына 1 млн тоннадан астам өнім шығарады. 2030 жылға қарай өндірісті 4 млн тоннаға дейін ұлғайту жоспарлануда, бұл ішкі нарықтың қажеттіліктерін, оның ішінде карбамид пен калий хлориді өндірісін игеру есебінен толық қамтамасыз етеді.

Құрылыс материалдарының өндірісі 2024 жылдан бастап 23%-ға, биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша – 5,4%-ға өсті. Жылу оқшаулағыш материалдар, керамикалық плиткалар, ламинат шығарыла бастады. Ішкі нарықтағы сұраныстың шамамен 73%-ы отандық өнім есебінен қамтамасыз етіледі. 975 млрд теңгеге 98 инвестициялық жоба анықталды, олардың іске қосылуы алдағы үш жылда ішкі нарықтағы отандық өнім үлесін 80%-ға дейін арттыруға мүмкіндік береді.

Жеңіл өнеркәсіпте өндіріс көлемі 2025 жылы 20%-ға және 2026 жылдың қаңтар-қазан айларында 60%-ға өсті. Соңғы екі жылда салаға салынған инвестиция екі есе өсті. Кешенді даму жоспары отандық өнімді жеткізу мерзімдерін төрт айға дейін кеңейтуді, жеткізушілер үшін жағдайларды теңестіруді және жеңілдікті қаржыландыруды, салықтық ынталандыруды әрі ұзақмерзімді келісімшарттарды дамытуды қоса алғанда, өндірушілерді қолдаудың қосымша шараларын көздейді.

Жалпы, отандық тауарлар өндірісінің кеңеюі оларға ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдар тарапынан сұраныстың өсуімен қатар жүреді. 2026 жылдың алты айында ірі компаниялар мен мемлекеттік ұйымдардың жалпы сомасы 7,5 трлн теңгеге сатып алуларының жартысынан астамы қазақстандық жеткізушілерге тиесілі болды. Жыл сайын мемлекеттік сатып алу кезінде басымдық берілетін отандық тауарлардың тізімі кеңейтілуде. Бүгінде оған елімізде өндірілетін 5 мың тауар енгізілген. Нәтижесінде отандық кәсіпорындармен жасалатын келісімшарт саны да артып, өткен жылы олардың саны 169 мыңға жуықтады. Осындай қолдау «Самұрық-Қазына» қорының сатып алуында да қарастырылған.

Жаңа өндірістерді құру ұзақмерзімді офтейк-келісімшарттар арқылы да ынталандырылады, мұнда тапсырыс беруші өнімді сатып алуға алдын-ала кепілдік береді, ал өндіруші жаңа өндірісті ашуға немесе қолданыстағы өндірісті кеңейтуге міндеттеме алады.

«Осы тетік арқасында 2023 жылдан бері қатты пайдалы қазбаларды өндіруші компаниялармен 800 млрд-қа жуық сомаға 104 офтейк-келісімшарт жасалды. Мұнай-газ саласында 3 млрд теңгеге 109 офтейк-келісімшарт жасалған. Сонымен қатар “Самұрық-Қазына”-ның жаңа өндіріс ашу бағдарламасы аясында 657 млрд теңге болатын 1400-ден астам офтейк-келісімшарт жасалды», — деді Ерсайын Нағаспаев.

Офтейк-келісімшарттардың арқасында серпін алған жаңа өндірістердің қатарында мұнай-газ саласына арналған құбырлар, тау-кен металлургиясы, энергетика саласына, өнеркәсіптік өнімдерге арналған трансформаторлар мен реакторлар өндірісі бар. Жалпы, бұл жобаларға 400 млрд теңгеден астам инвестиция тартылып, 3 мыңнан астам жұмыс орны ашылды.

#Инвестициялар #Өнеркәсіп #Өңдеу өнеркәсібі

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу