07 Қазан 2026, 22:25
Құрылтай депутаттары Қазақстан Республикасы Үкіметі мен Ресей Федерациясының Үкіметі арасындағы энергетика саласындағы сауда-экономикалық ынтымақтастық туралы келісімнің қолданысын қайта бастау туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қарап, екі оқылымда мақұлдады.
Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов заң жобасын ұсына отырып, Қазақстан үшін бұл келісім энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және мұнай өнімдерінің ішкі нарығының тұрақты жұмыс істеуі тұрғысынан маңызды екенін атап өтті. Келісім екі мемлекеттің құзыретті органдары іс-қимылдарын үйлестіру үшін халықаралық-құқықтық негізін қалыптастырады және мұнай өнімдерінің тапшылығы туындаған жағдайда қажетті шаралар қабылдауға мүмкіндік береді.
Мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізудің индикативтік теңгерімдерін жыл сайын келісу тетігін сақтау, екі мемлекеттің құзыретті органдары арасындағы ақпарат алмасуды жалғастыру, Келісім шеңберінде жеткізілетін мұнай өнімдерінің пайдаланылуына бақылауды жүзеге асыру көзделеді.
«Хаттаманы ратификациялау шет мемлекеттердің мемлекеттік органдарына өкілеттіктер беруді көздемейді, Қазақстан Республикасының заңнамасына өзгерістер енгізуді талап етпейді, республикалық бюджеттен қосымша шығыстарды қажет етпейді және теріс әлеуметтік-экономикалық немесе экологиялық салдарға әкеп соқпайды», — деді Ерлан Ақкенженов.
Қазақстанның ішкі отын нарығында, әсіресе егіс және егін жинау науқандары кезеңінде, транзиттік тасымалдардың өсуі жағдайында, сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» мен халықаралық авиарейстердің қажеттіліктерін қамтамасыз ету үшін тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығы атап өтілді.
Сонымен қатар Құрылтай депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Сербия Республикасының Үкіметі арасындағы әскери-техникалық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады.
#Халықаралық ынтымақтастық #Энергетика
Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу