Үкімет Құрылтай депутаттарының қарауына энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру мәселелері бойынша түзетулер топтамасын ұсынды

Құрылтай депутаттары Үкімет ұсынған энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру, сондай-ақ энергия тиімділігі талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алғаны үшін әкімшілік жауапкершілік енгізу мәселелері жөніндегі заң жобаларын бірінші оқылымда мақұлдады.

Заң жобалары жалпы ішкі өнімнің энергия сыйымдылығын төмендетуге бағытталған. Қолданыстағы «Энергия үнемдеу және энергия тиімділігін арттыру туралы» заң 2012 жылы қабылданған және негізінен өнеркәсіп пен энергетика салаларындағы ірі кәсіпорындарға бағдарланған. Бұл ретте бюджеттік сектор қолданыстағы реттеу тетіктерімен жүйелі түрде жеткілікті қамтылмаған. Түзетулер топтамасы бюджеттік сектордың инфрақұрылымын жаңғыртуға, энергия сервисі саласына жеке инвестициялар тартуға және мемлекеттік сатып алуды бақылауды күшейтуге бағытталған.

Құжаттар негізгі үш бағытты қамтиды:

Әлеуметтік нысандарда энергия тұтынуды бақылау аясын кеңейту. Мемлекеттік энергетикалық тізілімнің қолданылу аясын бюджеттік секторға – мектептерге, ауруханалар мен балабақшаларға кеңейту жоспарланып отыр. Қосымша 5 мың әлеуметтік маңызы бар нысанға тереңдетілген энергия тұтыну аудитін жүргізу, энергия шығынын азайту бойынша қосымша ұсыныстар әзірлеу, сондай-ақ құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою көзделген.

Энергия сервистік компанияларға қойылатын талаптарды жеңілдету. Мемлекеттік және квазимемлекеттік сектор ғимараттарын жаңғыртуға жеке инвестициялар тарту үшін әкімшілік кедергілерді жою және энергия сервистік шарттар бойынша мердігерлерді іріктеу рәсімін жеңілдету қарастырылған.

Энергия тиімділігі талаптарына сай келмейтін сатып алулар үшін айыппұл салу. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске ілеспе түзетулер арқылы белгіленген энергия тиімділігі талаптарына сәйкес келмейтін тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алғаны үшін лауазымды тұлғалар мен коммерциялық емес ұйымдарға әкімшілік жауапкершілік енгізіледі.

Түзетулер мемлекеттік ғимараттарда тиімді энергия технологияларын қолдану аясын кеңейтуге, температуралық режим нормативтерінің сақталуын қамтамасыз етуге, энергия шығынын азайтуға және энергетикалық ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ Үкіметтің бастамасымен әзірленген денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі заң жобасы бірінші оқылымда мақұлданды. Түзетулерде мынадай жаңашылдықтар көзделген:

  • Медициналық туризм: саланы дамыту, инвестициялар тарту және қазақстандық клиникалардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру тетіктерін заңнамалық тұрғыдан бекіту.
  • Медицинаны цифрландыру: медициналық практикаға ақпараттық жүйелер мен электрондық сервистерді енгізу үшін құқықтық базаны жаңарту.
  • Пациенттердің деректерін қорғау: дербес медициналық ақпаратты қорғау тетіктерін күшейту.
  • Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды реттеу: ЕАЭО нормаларын ескере отырып, дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналымын реттеу тәртібін айқындау, мемлекеттік тіркеу және қайта тіркеу рәсімдерін жетілдіру.
  • Трансплантация ашықтығы: рәсімдердің барынша ашық өтуін қамтамасыз ету үшін ағзалар мен тіндерді ауыстырып салу тәртібін нақтылау.
  • Балаларды әлеуметтік қорғау: жетім балалар мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың, оның ішінде денсаулық сақтау ұйымдарында АИТВ инфекциясын жұқтырған (үш жасқа дейін), психикалық және дене дамуында бұзылыстары бар балалардың (төрт жасқа дейін) бейінді медициналық ұйымдарда болу мерзімдерін айқындау.

Сонымен қатар депутаттар БҰҰ-ның Киберқылмысқа қарсы конвенциясын ратификациялау туралы заң жобасын екі оқылымда мақұлдады. Құжат ақпараттық-коммуникациялық жүйелерді пайдалана отырып жасалатын қылмыстарға қарсы күресте халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға және ауыр қылмыстар бойынша электрондық дәлелдемелермен трансшекаралық алмасуды жеңілдетуге бағытталған.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу