Үкімет Құрылтай депутаттарына «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ұсынды

Үкімет Құрылтай депутаттарына «2027-2029 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын ұсынды. Ол бойынша ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмрин, қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы баяндама жасады.

Бюджет жобасы еліміздің Әлеуметтік-экономикалық даму болжамы мен Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмалары негізінде жасалды. Болжамды кезеңде ЖІӨ-нің орташа жылдық өсуі 5,4% деңгейінде болады деп күтілуде.

Бюджеттің негізгі бағыттарының бірі – әлеуметтік сала. Оған 2027 жылға 10,5 трлн теңге немесе республикалық бюджеттің жалпы шығыстарының 34,9%-ы қарастырылған. Әлеуметтік төлемдер мемлекеттік қолдаудың атаулылығын және азаматтар алдындағы міндеттемелердің сақталуын ескере отырып жоспарланды.

Сондай-ақ өңірлерді дамыту маңызды бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл мақсаттарға 7,5 трлн теңге қарастырылған. Қаржыландыру коммуналдық, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымды жақсартуға, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады.

Экономиканың нақты секторын дамытуға да қомақты қаржы қарастырылған. 2027 жылы осы мақсаттарға 3,7 трлн теңге жоспарланып отыр. Басым бағыттарға өнеркәсіп, агроөнеркәсіп кешені, көлік және энергетикалық инфрақұрылым, сондай-ақ кәсіпкерлікті қолдау жатады. 

Бюджет жобасында қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге назар аударылды, тапшылықты кезең-кезеңімен төмендету және мемлекеттік қаржының Ұлттық қордан берілетін трансферттерге тәуелділігін қысқарту көзделуде.  2029 жылға қарай республикалық бюджет тапшылығын ЖІӨ-нің 0,4 %-ына дейін қысқарту жоспарланып отыр. 

Заң жобасын қарау және одан әрі жұмыс Құрылтайдың салалық комитеттері шеңберінде жалғасатын болады.

Қазақстанның Премьер-министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу